Бедеу келін
Ләззат, терең ойға шомып отырып қазан түбіндегі еттің күйіп, асхана ішінің көкала түтін қылып тастағанын байқамай да қалыпты. Келінінің хәл-жағдайын жақсы білетін енесі асханаға кіріп Ләззаттың бұл ағаттығына ештеңе деместен келесі бөлмеге өтіп кетті.
Ләззаттың осы үйге келін боп түскеніне жеті жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін бала көтере алмауда. Осыншама жыл ішінде Ләззаттың бойынан баланың белгісі білінбеген соң, ағайын-туыс, көрші-көлем арасын шыж-быш әңгіме кезіп, келінге жан-жақтан суық сөздер, сұқ көздер қадала бастады. «Қу бас», «бедеу», «қақпас» деген ауыр сөздер соңынан еретінін келін бала сезеді, біледі. Ләззат, соңғы кездері той-томалақтарда қыз-келіншек, кемпір-қалаштың өзінін сыртынан айтылған осындай сөздерін құлағы шала бастады.
Нәрсете дауысын есту бұл шаңыраққа арман боп тұр. Әдепкі жылдағыдай емес қайынатасының да бұған деген көзқарасы өзгерген. Қас-қабағынан-ақ жақтырмайтының сезеді. Бірақ, әзірге, бетіне нұқып ештеңе деген емес. Енесі болса бұдан әлі үмітті.
«Бір баланың иісіне тұшынсақ» деп аңсарына жету үшін екеуінің бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Доқтырдан доқтыр, тәуіптен тәуіп, керек десеңіз әулие де жағалап талай мәрте күмбезді кесене басына түнеген түндер де болды.
Ұрпағының жалғасы жалғыз ұлының белінде болғандықтан, «-Бедеу қатынды қоя бер. Басқа қатын алып берейін»- деп талай айтты әкесі оңашалап. Бірақ, баласы әкесіне көнер емес.
Әкесі мен баласының арасында осындай әңгіме барын іштей сезіп жүрген Ләззат, күйеуіне:
-Мені жіберіп, басқа қызға үйлен. Менің тумайтынымды білесің. Барлық жерге бардық, ең мықты деген өзбектің ТашМИ-не де қаралдық. Енді менен күдеріңді үз. Сенің болса денің сау. Отызға енді ғана толдың. Ажырасайық!-дегеніне, күйеуі:
-Жоқ! Ажыраспаймыз. Мен сені сүйіп алдым. Екеуміз бір-бірімізге ғашық боп қосылдық. Сондықтан, ұрпақсыз кетсем де сені ешқашан тастамаймын. Бұндай әңгімені енді гәрі маған айтушы болма?!-деп, кесіп айтты да, теріс қарап жата кеткен болатын өткен жолы. Содан бері екеуі де бұл тақырыпқа қайта оралған емес.
Көшеге шыққанда емізулі баласын құшақтап, коляска итерген келіншектерді көргенде Ләззаттың көзіне жас үйіріле қалады. Іші толқып, демі тұншыға біраз жерге дейін босаңқырап жүреді де базар-дүниеге бойлай кірген сайын күнделікті күйбең тіршілікке араласа кетіп өмірінің ең негізгі мәнін есінен шығара қоймағанымен кешке дейін мұң жаулаған ойын ұмытыңқырап жүретін жайы бар. Кешкі астан соң теледидармен алданады, онда да теледидардағы нәрестелерді көрген сайын мұңайған көңілі жабырқай түседі. Ең қиыны – түн. Қараңғы түсіп, төсекте бүркеніп жатқанында нешетүрлі ой келеді бұған. Күйеуінің де аунақшықтап шығатын кездері көп. Бірақ, еркек болғасын сыр бере қоймайды. Іштей тынатынын көзқарасынан-ақ біледі. Талай түндерді екеулеп ұйқысыз өткізген. Бұл, күйеуіне бірдеңе десе, ол, ұйқтап жатқан сыңай танытып жауап қатпайды. Бірақ, ояу жатқанын дем-тынысынан біліп жатады. Кей кездері біразға дейін шыдап жатып, байқаусызда оянғандай боп сыртқа кетіп, қатарынан екі-үш дана шылым шегеді. Тыста машинасының қасында үнсіз біраз отырады да ішке келіп, үн-түнсіз жата кетеді. Әдепкі жылдағыдай ішкі сырын ақтарып ашпайды. Тек, «-Сені сүйемін! Қорықпа, төркініңе қайтарып жібермеймін. Екеумізді Алладан басқа ешкім айыра алмайды.»-деуін доғармайды. Әттен, бір баланың жоқтығы…
Ләззат, азанымен өз қызметін ойдағыдай орындайды. Әзірше, келіндік міндетіне ешбір жан шағым айтқан емес.
Бұл үйде ата-енесі мен күйеуі төртеуі тұрады. Қайынапаларының барлығы тұрмыс құрып кеткен. Бір жақсы жері, қайын енесі өте керемет кісі. Осы күнге шейін дауысын көтеріп, кемсітіп сөйлеген емес. Ол кісінің де көз жасын жасырын ғана сығып-сығып алатынын бұл да байқап қалады арасында.
Отандық доқтырлар екеуіне: «-Сізден еш кінәрат жоқ, бар мәселе әйеліңізден. Шындықты айтуымыз керек бала тууға сіз жарамсызсыз. Сіздерге ең дұрысы бала асырап алу»-деген болатын екі-үш жерде. Ал, өзбек доқтырлары, «-Ғылыми тұрғыдан алғанда сіздің тууыңыз миллионнан бір ғана мүмкін нәрсе. Бірақ, барлығы Алланың қолында, сондықан еш үміттеріңді үзбеңдер.»-деген сөзі күйеуіне демеу боп жүр. Жұма намаздан қалмайды. Барған сайын ұзақ дұға қылады.
Ал, Ләззаттың бар ойы, жақын туыстардың біреуінен бала асырап алу. Мүмкін аналық сезімі оянып әрі қарай көтеріп кетемін-ау деген дәмесі бар.
Үйде жалғыз қалған күндері дауыстап: «Ойпырмай, кейбіреулер жаңа туған балаларын мусорға қалай ғана тастап кетіп жүр екен. Құдай-ай, біз сияқты бейбақтарға бір бала бере гөрші»?! -деп, жастыққа етбетінен жата кетеді де басы айналғанша жылап-жылап алады ішіндегі шерін тарқата.
Келіннің тілегін Алла қабыл алсын дегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ.
Иә, бәрі Алланың қолында. Ибраһим пайғамбар мен әйелі Сара анамыз ұзақ уақыт бала көрмегендері жайлы қасиетті кітабымыздан білеміз. Зәкәрия пайғамбар да қаншама жыл бойы ұрпақ сүймеді. Бірақ бұлар ешқашан Алладан бала тілеуін қартайған шақтарында да үміттерін үзбей дұға қыла берді емес пе. Ақырсында Жаратушымыз бұлардың дұғасын қабыл алады да балалы қылады. Керек десеңіздер Иса пайғамбардың дүниеге келуі де бұған дәлел. Мәриям анамызға Жәбірейіл періште адам кейпінде келіп: «Мен саған Раббыңның бір пәк ұл беруі үшін жіберген елшісімін», – дейді. Сонда Мәриям анамыз: «Жаныма жан жуымаған болса әрі арыма дақ жұқтырмаған болсам, қалайша балалы болмақпын?», – дейді (Мәриям сүресі, 19-20-аяттар). Жәбірейіл: «Алла өз қалағанын осылай хикметпен жаратады. Ол бір істің болуын қаласа, «Бол!» дейді, ол да бола қалады», – деп жауап береді (Әли-Ғимран сүресі, 47-аят).
Сондықтан, бала көтере алмайсың деген доктор, профессор, тәуіп, т.т. сөзіне ешбір әйел заты үміттерін үзбеуі керек. Бәрі жоқтан бар етуші бір Алланың қалауында. Жоқтан бар ететін де, мүмкін еместі мүмкін ететін де бір Алла. Сол себептен, Алланың құдіретіне шек келтірмеуіміз керек.
Алла Тағала не қаласа, қалағанына «бол» деуі ғана жеткілікті, ол бола қалатындығын Құран-Кәримде анық жазылған.
Балалы болған соң да Аллаға шүкір етуімізді еш тоқтатпауымыз жөн. Себебі, кейбір он баласы бар ата-ана сол балаларының қызығын емес қорлығын көріп жүргендерін де көріп жүрміз.
Әрине Алла қаламаса, болмайтын бала болмайды. Қасиетті Құранымызда Алла Тағала: «Көк пен Жердің иелігі Алланың құдірет қолында. Ол қалағанын жаратады, қалағанына қыз нәсіп етеді, қалағанына ұл. Немесе ұл мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Қаласа тумайтын бедеу етіп те қояды. Ол сөзсіз бәрін білуші, бәріне құдіретті» (Шура сүресі, 49-50-аяттар), – дейді.
Сондықтан, Ләззат келін мен ініміз балалы болу Құдайдың әміріндегі дүние екеніне еш күмән келтірмей, Жаратушы Аллаға тәуекел етуілерін еш тоқтатпағандары жөн.
Бәрі, Алланың құзырында.
Марат Ақмырзаұлы