БЕЙНЕУ АУДАНЫНДА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚСЫЗ

Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ляззат Есенғалиева қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 18-мамырына ақпарат бойынша Covid-19 инфекциясымен 161 науқас тіркелді. Тіркелген науқастардың тұрғылықты жері бойынша Бейнеу ауданы – 64, Қарақия ауданы -31, Жаңаөзен қаласы бойынша – 23, Ақтау қаласы – 22 және Маңғыстау ауданы -7, Мұнайлы ауданы – 6 , Түпқараған ауданы Ақшұқыр елді мекені – 3, сондай-ақ, 5 адам өзге өңірлерден келгендер. Бүгінгі таңда 55 адам жазылып шықты, оның ішінде 13 бала бар, Мұнайлы ауданының 1 тұрғыны қайтыс болды.

Айта кететін жәйт, аталған індетті жұқтырған науқастар арасында «Тенгиз Шевройл» қызметкерлері 25 адам, балалар саны 33. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері арасында жиырмаға жуық қызметкер індет жұқтырған. Оның ішінде 3 дәрігер бар. Бүгінде олар стационарда ем алып жатыр. Вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемақы төлеу үшін комиссия құрылып, арнайы сараптама өткізгеннен кейін шешім қабылдайтын болады.

Бүгінде Бейнеу ауданы мен Боранқұл ауылында эпидиомиологиялық жағдай тұрақсыз. 2020 жылдың 30-сәуірінен бастап, күні бүгінге дейін 64 науқас тіркеліп отыр. 1 науқас емделіп шықты.

Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімінде – 33 науқас,

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында -15 адам, Бейнеу аудандық ауруханасында – 59 адам ем алуда. 85 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 22 адам орташа ауыр деп бағалануда. 4 адам қалыпты ауыр жағдайда.

Вирус жұқтырғандардың 85-інен ауру белгілері мүлде байқалмаған. Олардан вирус тексеру барысында, сараптама нәтижесінде анықталды. Айта кететін жәйт, ҚР бас дәрігерінің қаулысы бойынша ауру белгілері байқалмаған науқастарды үйлеріне 3 күннен кейін 3 талап орындалса ғана жіберуге болады делінген. 1-шіден, емделушінің үйінде пульсоксиметр деген адам тынысын есептейтін құрылғы болу керек, 2-шіден, арнайы дәретханасы бар бөлме болуы керек, 3-шіден, бірге тұратын адамдардың жазбаша келісімі болу шарт. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 2 науқас осылай емделуде. Оларға 14 тәулік өткен соң қайтадан ПЦР анализдерін тапсырады. Сараптама теріс нәтиже берсе, жазылды деп анықтама берілетін болады. Дәрігерлердің айтуынша, ауру белгілері байқалмаған науқастарға ем-дом шаралары жүргізілмейді. Бірақ, олар «індет тасымалдаушы» болып саналғандықтан, міндетті түрде оқшаулану керек.

КОРОНАВИРУСТАН ҚАУІП ӘЛІ ДЕ БАР

Жасалып жатқан жеңілдіктер босаңсуға болады дегенді білдірмейді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте солай деді.

«Бүгіннен бастап өңірде бірқатар кәсіпкерлік нысандары өз жұмыстарына кірісті. Қоғамдық көліктер қайта жүре бастады. Азық-түліктен өзге де зат сататын базарлар мен дәмханалар, жеке кабинасы бар моншалар, қонақ үйлер ашылды. Теңіз жағалауына серуендеуге рұқсат берілді. Алайда, бұл жасалып жатқан жеңілдіктер босаңсуға болады дегенді білдірмейді. Себебі, қауіп әлі де бар, — деді Қаныбек Жұмашев.

Бүгінгі мәлімет бойынша көрші Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны 16 пайызға өсіп, 627-ге жетті. Ақтөбе мен Түркістан облыстарында да біршама өсім бар. Маңғыстауда да бүгін 8 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды. Оның барлығы Бейнеу ауданының тұрғындары. Жалпы, елімізде Covid-19 вирусын жұқтырған 6 440 адам анықталды. Осыған орай облыстағы мешіттерді ашуды кейінге қалдырылды.

Бұл коронавирустың елімізде әлі де басылмай отырғандығын, халық денсаулығына төніп тұрған қауіптің бар екенін көрсетеді. Сол себепті, сақтық шараларын сақтап, адам көп шоғырланатын жерлерге мейлінше бармауға шақырамыз. Барған жағдайда міндетті түрде маска киіп, ара қашықтықты сақтау маңызды. Нысандарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, санитарлық режимді сақтау керек.

«Қонаққа барып, бірнеше адам жиналып алып, жиын өткізудің қазір қауіпті екенін тағы еске саламыз. Өзіңіздің ғана емес, балаларыңыздың, жақындарыңыздың өміріне де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз» — деді облыс әкімінің орынбасары.

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ