Бейнеуде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылы 7 жоба іске асырылады
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылы Бейнеу ауданының орталығы Бейнеу ауылындағы ұзындығы жеті мың шақырымнан асатын ауылішілік алты көшеге құны 189 766,0 теңгелік асфалт төселген болатын. Нақтырақ айтқанда Ж. Аймауытов, Тастемір, Абай, Сүйеубаев және Асау батыр мен Амантұрлы батыр көшелеріне төселді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары өз ризашылығын білдіріп, автомобиль жолының пайдасын көріп отыр.
Ал 2020 жылы бұл жоба бойынша Бейнеу ауылының жеті көшесі, атап айтқанда Ер Шабай, Н.Оңғалбаев, Мендіқұл, Жайылған, Ақтан Керей, Ыбырайым Ахун және А.Байтұрсынов көшелеріне құны 246 140,0 теңгелік асфальт төселеді. Бұл жобаға бөлінген қаржының 90% республикалық бюджеттен, 10% жергілікті бюджеттен бөлінеді. Қазіргі таңда жеңімпаз болған мердігер кәсіпорын «Бейнеужолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ыбырайым Ахун және А.Байтұрсынов көшелерінде жұмысын бастап кетті. Жаңадан ашылған жұмыс орынына үш адам аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмысқа орналасып, жұмыс жасап жатыр. Жалақылары алпыс мың мен жүз мың теңге аралығында алады.
«Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» жобасы ауданымыздағы Бейнеу ауылының дамуына үлкен үлес қосуда. Осы жоба аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдарымыз қарқынды дамып келеді. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз» — деді аудан әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлы.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы Елбасы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында жүзеге асырылуда.