Бейнеудегі алты ауыл: бүгіні мен болашағы

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданындағы жұмыс сапары барысында ауданға қарасты алты ауылдың, атап айтқанда Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш, Сам, Сарға, Есет ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Облыс әкімімен бірге Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, облыстық және аудандық деңгейдегі сала басшылары ере жүрді.

Аймақ басшысы әр ауылдың мүмкіндіктері мен алдағы даму жағдайын бағамдап, өткен жыл ішінде жүзеге асқан істерді тиянақтап, алда атқарылатын істерді саралап, нақты тапсырмалар берді.

Тұрғындармен болған барлық кездесулерде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен тапсырмаларын түсіндірді.

Тұрыш ауылында

Жұмыс сапарын Бейнеу ауданының ең алыс түк­піріндегі Тұрыш ауы­лынан бастаған аймақ басшысы ауылдағы мектеп­-балабақша кешені мен фельдшерлік-­акушерлік пункт­тің жағдайымен танысты.

Ауыл тұрғындары ауызсумен, электр жарығымен, көгілдір отын­мен, теледидар, телефон байла­нысымен қамтылған. 30 абонентті интернет желісі бар. Ауылішілік газ құбырларына қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл жа­нынан «Бейнеу – Жезқазған» темір­жолы өтеді. Бұл салада ауылдың 30 тұрғыны тұрақты жұмыс жасайды.

Сондай­-ақ 13 шаруа қожалығында 215 сиыр, 9567 қой мен ешкі, 902 жылқы, 1484 түйе бар.

Осы орайда ауыл клубында өткен кездесуде аймақ басшысы Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығын да­мыта түсуге ерекше назар аударды. Жиналыста ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктер егжей-­тегжейлі түсіндірілді. Ауыл тұрғыны Шалқар Табылдиев шаруашылық үшін құдық қазу мәселесі туралы сұрақ қойды.

Бұл сауалға қатысты облыс әкімі және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тарапы­нан нақты жауаптар берілді. Құдық су шығатын көздері бар жерден қазылуы керек. Осыған орай бұл жұмысқа тәжірибелі су маманда­ры мен арнайы мекемелер қатысуы қажеттілігі жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай­-ақ өз күшімен құдық қазуға ықылас білдіретін азаматтарға қолдау көрсетілетіні айтылды. Нақтылап келтіре кетсек, әрбір қазылған құдық үшін мемле­кет шыққан шығынның 80 пайызын қайтарып береді. Мысалы 100 метр құдық қазғанда, орта есеппен 5 млн. теңге шығын кететін болса, соның 4 млн. теңгесі қайтарылатыны жұртшылықтың қаперіне берілді. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті, үлкен мүмкіндікті тиімді пайдалана білу жөнінде аса қажетті кеңестер берілді.

Қорыта айтқанда, мал шаруа­шылығы мен егін шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек бар. Бұл жөнінде ауылдың әрбір тұрғыны білуі тиіс, сондықтан ақ­параттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрбір ауыл әкімдерінің бас­ты қызметінің бірі болуы керек. «Жастарды атакәсіп – ауыл ша­руашылығымен айналысуға шақы­рып, кәсіпкерліктің қыр­сырын үйрететін курстардан өткізу ке­рек», – деді  аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Тұрыштағы кездесуде тұрғындар теміржол өткелін салу жөнінде де ұсыныс айтты. Бұл мәселе жөнінде облыс әкімі нақты шешім қабыл­дап, теміржол өткелінің жоба­лық-сметалық құжаттарын жасап, «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясына ұсыну керектігі жөнінде тапсырма берді. Сондай-­ақ Тұрыш мектеп-­балабақша кешеніне спорт зал салу үшін жобалық-­сметалық құжаттар жасалатын болды.

Сам ауылында

Бейнеу ауданының қараша­ңырағы Сам ауылында 500­-ден астам адам тұра­ды. Ауыл тұрғындарына мектеп­ балабақша кешені, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы, Билайн байла­нысы қызмет көрсетеді. Ауылдағы үйлер газ, электр энергиясы және ауызсумен толық қамтылған. Ауыл­дық округке қарасты Ноғайты ауы­лында 270­-ке тарта тұрғын бар. Аймақ басшысы келген жиынға екі ауылдың да адамдары қатысып, екі ауылдың тұрмыс­-тіршілігіне байла­нысты мәселелер талқыланды.

Ауылішілік газ құбырларына қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Екі ауыл да «Қара­ғайлы» жерасты суын ауызсу есе­бінде пайдаланып отыр. «Бейнеу­ сусервис» кәсіпорнына қарасты су тасу автокөлігімен қамтылған.

Сам ауылынан теміржол сала­сында 17 адам, Ноғайты ауылынан 5 адам тұрақты жұмыс жасайды.

Өткен жылы жол салушы мер­дігер мекемелердің демеушілігімен 1,4 шақырым болатын ауылішілік қиыршық тасты автожол салынған. Сам ауылдық округі бойынша 614 сиыр, 15784 қой-­ешкі, 2317 түйе, 1511 жылқы бар.

Екі ауылдың жағдайы мен мүм­кіндіктерін анықтаған облыс бас­шысы ауылдардағы білім беру ошақтарында жаңартылған білім мазмұнына сәйкес жұмыстар жүр­гізу жөнінде тапсырмалар берді. Ауыл тұрғындарын шаруашылық­ты өркендетуге белсендірек қатысу­ға шақырды. «Мұнай – байлық емес, шикізат. Ал негізгі байлық – халық пен жер. Одан асқан байлық жоқ. Болашағы бар таусылмас қазына жерден келеді. Ол – мал және егін шаруашылықтары. Бүгінгі таңда біз осы бағыттарға басымдық беріп отырмыз. Ауыл шаруашылығын да­мыту үшін үкімет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді пайдалану қажет», – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай­-ақ ауыл тұрғындары биылғы жылы Маңғыстау облысы бойынша сандық телевидениеге көшірілетіні жөнінде де құлағдар болды.

Ауыл тұрғыны Айтқали Жапаров көп жылдан бері тусырап жатқан «Жетіқақ»  жайлауына  мал  апа­ру, мал азығына құнарлы құрама жем әзірлеу қажеттігі жөнінде өз ұсынысын ортаға салды. Ауыл тұр­ғыны Алтынғали Тақабаев темір­жолға мал өтетін өткелдер керек деді. Бұл мәселелер де кеңесте кесі­ліп­-пішіліп оң шешімін табатын болды.

«Бейнеу-Тәжен» жолында

Еліміздің ірі стратегиялық жобаларының бірі сана­латын «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында іске асырылып жатқан, құны 19,8 млрд. теңге бо­латын 85 шақырымдық «Бейнеу­ Ақжігіт­-Өзбекстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі жол құрылысының есебін тыңдады. Аталған жол құрылысына 227 тех­ника мен 435 адам жұмылдырыл­ған. Жол жұмысына басты қажетті материал дайындау үшін Ақжігіт ауылында қуаттылығы сағатына 120   тонна   асфальт  дайындайтын асфальт-­бетон зауыты орнатылып, іске қосылмақшы. Көкпекті бекетін­дегі қуаттылығы сағатына 175 тонна асфальт дайындайтын асфальт­-бе­тон зауытын құрастыру жұмыста­ры аяқталып, газ құбырына қосу жұмыстары қолға алынуда.

Сондай­-ақ биыл Құрық портына шығатын Тажен­-Бейнеу, Құрық­-Жетібай, Жаңаөзен­Кендірлі-­Түрік­менстан жолдарының құрылысы және жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы. Форт­-Құрық, Жетібай­-Жаңаөзен жолдары басталып кетті.

Аймақ басшысының айтуынша, Жаңаөзен­-Кендірлі-­Түрікменстан шекарасына дейінгі 164 шақырым жолдың жобасына  толығымен ақша бөлінген. Міне, бұл жолдар арқылы Еуропаға тікелей шығуға мүмкіндік тумақ.

Жаңа медициналық құрылғылар тағы да алынады

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Бейнеу орталық аудандық ауруханасының жағдайымен танысып, дәрігерлер­ мен кездесті. Орталық ауруханаға 48,9 млн. теңгенің 3 гемодиализ қондырғысы алынып, іске қосылған болатын. Қазіргі таңда Бейнеу ауданы бойынша бүйрек жетіс­пеушілігімен ауыратын 14 науқас есепте тұр. Оның ішінде 8 науқасқа көмек көрсетілуде. Есепте тұратын науқастарды толық қамтып, қызмет көрсететін тағы да 2 хронодиализ құ­рылғысын алу жө­нінде ұсыныс ай­тылды.

Облыс басшысы бұл мәселе бо­йынша жыл ішінде мемлекеттік ­жеке­ меншік әріптестік келісіміне сай 2 ге­модиализ құрыл­ғысы мен құны 250 млн. теңгелік компьютерлік томог­раф, экспорттық класс сапасындағы УЗИ сатып алынатындығын айтты.

Мал өнімі — ел ырысы

Облыс әкімі Е.Тоғжанов Елбасының Жолдауын­да ауыл шаруашылық кооперацияларын кең ауқымда құруға ынталандыру және тұр ғындарды жұмыспен қамту, жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану бойынша тапсырмасына сай ауданда атқарылып жатқан іс­ шаралардың барысымен танысып, арнайы тапсырмалар берді.

Осы орайда өткен желтоқсан айында іске қосылған Бейнеу ауылындағы ет өнімдерін дайын­дайтын «Бейнеу ауыл шаруа­шылығы кооперативі «АӨК» мал сою пунктінде болды. Коопера­тивтің құрамында мал сою алаңы, ветеринариялық зертхана және мал базары бар. Аталған кәсіпкерлік нысан заманауи мал сою құралда­рымен, мұздатқыштармен, ет тура­ғыштармен жабдықталған. Алда­ғы уақытта тапсырма бойынша 300 бас ірі қара малын бордақы­лайтын кешен салу  жоспарлану­ да. Осы мал сою пунктімен қоса үстіміздегі жылы тағы да  «Бер­ген Бек» ауыл шаруашылығы кооперативі модулды мал  сою цехы  мен  рефрижератор  алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 35,0 млн. теңге несие алып, оның 15,7 млн. теңгесі субсидияланған. Осындай бағдарламамен «Боранқұл Қара­құм» кооперативі модулды мал сою цехы мен рефрижератор алатын бо­лады. Сондай-­ақ аймақ басшысы бастаған топ облыстық «Жыл ада­мы – 2017» байқауында «Жыл фер­мері» атанған «Берген Бек» ауыл шаруашылығы кооперативінің тө­рағасы Керуен Қырымқұлов бас­қаратын шаруашылықта болып, асыл тұқымды  ақбас  сиыр  өсі­ріп жатқан шаруашылықтың іс­ тәжірибесін насихаттау жөнінде тапсырма берілді.

Сарға ауылында

Облыс әкімі «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсын­ да жүлделі орын алған 1643 тұрғыны бар Сарға ауылында болып, ауылдағы мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздесіп, ауыл әкі­мі М.Болысовтың ауылдың даму жағдайы жөніндегі есебін тыңдады. Сарға ауылы бойынша жалпы 10 шаруа қожалығы тіркелген. Өткен жылы бір шаруа қожалығы ашылыпты. Қазір  тұрғындардың, шаруашылықтардың жеке иелігін­дегі 468 бас мүйізді ірі қара мал, 10280 бас қой мен ешкі, 583 бас жылқы, 706 бас түйе бірыңғай бір­дейлендіру базасына енгізілген.

Әртүрлі кәсіпкерлік саласында 57 адам еңбек етеді. «Бастау Биз­нес» жобасы бойынша 7 адам оқып сертификат алған. 2 адам «Ата­мекен» микроқаржы  ұйымынан 5,6 мың теңге және 1 адам ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге жеңіл пайыз­бен қайтарымды несиеге қол жет­кізген. Ауыл жастары биыл да кәсіпкерлікке оқуға ұсыныс білдіру­де», – деді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғыны Балзира Сарта­ева «Бастау Бизнесте» оқып кел­дім, ендігі мақсатым, бұрынғы әжелеріміздің дәстүрлі тәсілімен ашытқы арқылы нан дайындау, наубайхана ашпақпын, кәсібімді бастау үшін ең төменгі пайыздық мөлшерде несие ала алам ба?» деп сұрады. Бұл сауалға аймақ басшысы Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты облыс бойынша жүзеге асырыла бастаған жаңа жоба, 1%­-бен несие беретін «Нұр капитал» жобасына қатысуға ұсыныс жаса­ды. Ал «Мал сатып алсам, қанша мөлшерде субсидия алуға болады?» деп сұраған Матай Далабаевқа суб­сидия алудың жолдары түсіндіріліп, ауыл тұрғынының мәселесін ше­шіп беру жөнінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысына тапсырма берілді.

Есет ауылында

Облыс әкімі Е.Тоғжанов 870-­ке тарта тұрғыны бар Есет ауылында болып фельдшерлік­акушерлік пунк пен мектептің жағдайын көріп, ондағы қызметкерлермен пікірлесті.

Сондай-­ақ ауыл маңынан са­лынатын «Этноауыл» жобасымен танысып, бұл жобаны қолға алып жатқан бейнеулік меценат кәсіпкер М.Жауперовке ұсыныстар берді. Ауыл клубында өткен жиналыста тұрғындар үшін өзекті мәселе болып отырған су құбырын және жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстары үстіміздегі жылы жалғасын табатыны айтылды.

«Ауыл мешітіне азан шақыру құрылғысы қажет. Мұны кім ше­шеді?» деген ауыл тұрғынының мәселесін де облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналыс үстінде шешіп берді.

Ауылға қарасты 5 шаруа қожа­лығы бар. Облыс әкімі ауыл ша­руашылығын дамыта түсу қа­жеттілігін айтты. Сондай-­ақ тұрғындардың қаперіне  жылы­жай салу  жұмыстарына мемле­кет тарапынан жылына 2 рет әр гектарына 5 млн. теңге субсидия берілетіні, жылыжайға саты­лып алынған техника құнының, сондай­-ақ оның құрылысына жұмсалған қаражаттың 30%-ы, суландыру жүйесіне кет­кен шығынның 50%­ы, малдарды асылдан­дыру, бордақылау жұмыстарына кет­кен шығынның 50%­-ы үкімет тарапы­нан қайтарылатыны, асыл тұқымды қойлардың селек­ция жұмыстарына әр басына 2500 теңге, асыл тұқымды аналық қойлардың әр басына 8 мың теңге, аталықтың әр басына 20 мың теңге, асыл тұқымды аталық жыл­қының және түйенің әр басына 100 мың теңге, аналықтарына 40 мың теңгеден берілетіні айтылды.

Боранқұлда

Аудан орталығы Бейнеуден кейін үлкен ауыл болып саналатын 7 мың жарымға жуық тұрғыны бар Боранқұл ауы­лында болған аймақ басшысы ауыл әкімі М.Төреғожиннің есебін тыңдады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ауыл­дағы газ құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. «КазПако» серіктестігі екінші ауылдан теміржол тұйығын салып, 2,5 км. қиыршық тас жолын төсе­ген. Биыл осы жол асфалттанатын болады. Жаңадан салған теміржол тұйығына ауылдың 30 тұрғынын жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.

Боранқұлға қарасты 103 кәсіп­керлік нысан, 27 шаруа қожалығы бар кооперативтер құрылуда. Рес­ми тіркелген жұмыссыз адам жоқ. Ауыл тұрғындары шаруашылықты өркендету үшін бұрынғы бөгеттерді қалпына келтіру жөнінде ұсыныстарын айтып, бұл жөнінде облыс әкімінің тарапынан нақты тапсырмалар берілді.

Бейнеу ауданы бойынша

Облыс басшысы Ералы Тоғжанов аудан активімен кездесу жиынында Бей­неу ауданының әкімі Б.Әбіловтің есебін  тыңдады.  Ауданның әлеу­меттік-­экономикалық даму жағ­дайын талқылап, алда атқары­латын жұмыстар сарапталды. Бұл орайда ең үлкен мәселе көп жылдардан бері келе жатқан Бейнеудегі және Боранқұлдағы көне екі қабатты, көппәтерлі үй­лердің жағдайы жөнінде арнайы мамандардан құрылған комис­сия жасақтау, мән­жайды нақты анықтау тапсырылды. Ауылішілік автожол салу, ауызсу құбырларын тарту жұмыстарын жалғастыру жұмыстары нақтыланды. Бей­неудегі Қалдығараев, Алтын­сарин мектептеріне қосымша құрылыс салу үшін жобалық­-сметалық құжаттар жасақтауға тапсырма берілді. Сондай-­ақ аудандық мәслихат хатшысы Аманқұл Ұлықпанов жаңа вок­зал құрылысын салу жөніндегі тұрғындардың өтінішін жеткізді. Аймақ басшысы тұрғындар тара­пынан көтерілген бұдан да басқа сұрақтарды талқылап, жауапты сала басшыларына тапсырма бер­ді.

Дереккөз: http://7292info.kz/beineudegi-alty-auyl-bugini-men-bolashsgy/

Айнахан ЕСЕТ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ