Бекет Ата жөнінде ақиқат

(Адай тайпасы ақиқат пен аңыз 2-ші кітабынан үзінді)
Бекет Ата өмір сүрген кезең — Маңғыстау жерінде ойда орыс, қырда Хиуа басқыншыларымен болған қиян-кескі соғыспен тұспа-тұс келген. Сондықтан Бекет Атаның алаңсыз аяғын созып, жайбарақат жатқан кезі кемде-кем шығар, сірә? Сол кездегі жауынгер батырларымыз басқыншыларға қарсы соғысқанда, олардың рухын жанып, дем беріп, қасында жүрген Бекет атамыз. Ал, қан майданда Бекет ата болса, батырларымыз арқаларын асқар тауға тірегендей жауды жеңетініне сенімді болған. Соғыстан сәл қолы босаса, қасиетті Атамыз тау кезіп, тас қашап, медресе-мешіт ашып, халқын сауаттандыруға жұмыстанған.

Орыс ғалымдары 1863 жылы Бекет Атаның көріпкел, әулиелігін жаза келе, Бекет атаның 1813 жылы қайтыс болғанын айтады. Бекет Ата қанша өмір сүрді? Қожа молдалардың әулие Бекетті Мұхаммед пайғамбардың жасынан асырмай, 63 жас бере салуы — ақылға қонбайды. Мұхаммед пайғамбар хижра есебінен 63 жыл өмір сүрген. Бұл санды Григориян жыл санауына айналдырғанда, 60 жыл 8 ай тірлікте болған.

Қазіргі заманда, біздердің Григорян есебінен 63 жасты, Пайғамбар жасы деп тойлап жүргеніміз — қате. Бір жыл сегіз айға кеш қалып тойлап жүрміз. Осыны әр кез есте сақтаңыз. Құрбан айттың, ораза тұтудың, өткен жылдағыдан 10 күн бұрын келуі, бұл жылды хижра жыл санауына жақындатып атап жүрміз. 61 жылда жылына 10 күн қосқанда 610 күн болады. Одан 365 күнді алып тастасақ, 245 күн қалады. Оны 30-ға бөліп айға айналдырғанда, Мұхаммед пайғамбардың жасы — 60 жыл 8 айдан сәл асатынынын көреміз. Бұл енді Григорян жыл санауы,күнтізбесі бойынша.

Бекет Атаның нағашы жұрты жөнінде айтсақ, Бекет атамыз ана құрсағынан шыға сала әулие болмаған. Оған көріпкел, әулие пірлік, жасы қырықтан асқаннан кейін дарыған.
Халық Бекет атаға сыйынып, мойындалғаннан кейін, атаның нағашы жұрты жөнінде әңгіме қозғала бастаған. Қырық жылдан кейін айтылған, тіпті, Бекет ата о дүниелік болып, тірлікпен қоштасқаннан кейін айтылған әңгімелер шындыққа сай келе бермейді. Бекет атаның «нағашы жұрты қожа еді» деп біз көнекөз шежіреші шалдардан естімеген екенбіз. Біздің естуімізше, Бекет атаның нағашысы Тама руынан Көктің ұлы Есет батыр деп айтылатын. Мырзағұлдың әйелі Есет батырдың тікелей қызы болмаса да, батырдың жақын жуықтарының бірінің қызынан туғаны анық.

Бүкіл батыс елі білетін Тобанияз Әлниязұлының, оннан аса қызына кездесіп жолықтым.
Жасы үлкейіп, қалған кемпірлер, сұраса келе «мен Тобанияздың қызымын» дейді. Дәлелдеп көр. Ал Тобанияздың өз белінен өнген 4-5 қызы болды, шет жағасын көріп те қалдық. Ал, әлгі оннан аса қыз өздерінің жөнді ата тегін білмейді, білсе де оның әкесін ешкім танымайды. Сондықтан «Тобанияздың қызымын» — деп айта салса, әлдеқалай оңай құтылады.

Ел арасында «Ердің соңы — Есет, Пірдің соңы — Бекет» — деген сөз бар.

Бекет атаның нағашысы қожалар деп, айтар едік. Бірақ, екі бір құрсақтан өнген, ағалы-інілі кісілер, бірінің қызын бірі келін қылып алатын қожалар, өздерінің ақсүйектері тұрғанда, қара халыққа қайдан қызын бере салсын? Алда-жалда «құда түсейік, құда болайық» деп қожаның қызын сұрай қалғанда, бір ағайынның баласына, «бесік құда» болып, баталасып қойғанын, алға тартқан. Бекет атадан басқа да, ел ішінде белгілі аруақты кісілер дүниеге келгенде, кіндік атасы болуға, қолында кіндік кесуге арналған бәкісі бар, бір қожа қылтиып шыға келеді. Қожалар ел ішінде өздерінің беделін көтеру үшін, осындай қулыққа барған. Бекет атаға аруақ кіндік кескен бәкі арқылы, қожалардан дарыған — мыс.

Бұл әнгімелердің төркіні өз әкем Жөнақын және би болыс болған Бегей Келеш Шопанның Қыдыры, Ықылас батырдың ұрпағы би Байбоз Сатан Қуат ұлынан, Жары Нәсухадан, Қаржау Бердіқожа шежірешіден және молда шежіреші Сүлеймен Айшуақ ұлынан қолдарына су құйып жүріп естіген әңгімелерім еді.

Бекет атаның тікелей ұрпағы Үбіжанұлы Әбдіхалық жыраудың әңгімесінен.
Бекеттің жасын анықтау үшін, Үбіжанұлы Әбдіхалықтың айтқан әңгімесіне жүгінелік.
Әбдіхалық жырау, жалпақ бет көзі ойнақтап тұрған, қимыл қозғалысы шалт, бойы орта жыр айтқанда екпіндеп киіз үйдің төрінен, бір шәй қайнатым уақытта ошақтың басына жетіп барады. Жырды төкпелетіп айтқанда, арасында «айт» деп айқайлап қояды әсіресе үй ішінде әйелдер жағы басым болса, құтыртып айтады. Жырдың арасында, Түркештің «Көңіл ашар» күйін орындап қояды.

Әбекең демалуға, киіз үйдің көленке бетінде шығып отырғанда, қасына барып,домбырасын ұстап көріп,аздап дыңғырлатып отырып: — Әбеке, Мақсым сұпы да Бекет атаның тікелей ұрпағы, Сіз де әулиенің тікелей ұрпағысыз, жыл сайын Мақсым сұпы біздің ауылдың үстінен шамамен 150-200 жуық қой қозыны, Байрам-Алыға қарай айдап өтеді. Халық Бекет атаға арнаған қой-қозысын, төл басы қозыларын, Мақсым сұпыға береді. Сізге неге бермейді? — деп сұрақты төтесінен қойдым.

— Әй балам-ай, Мақсым сұпының әкелері Бекет бабамның бәйбішесінен туған, ал біздің арғы шешеміз қалмақ қызы. Бекет бабам Кенже Қонай батырмен замандас, қатар дос кісілер болған. Бекет бабамыз Бейнеудегі жер асты мешітінің құрылсын жаудан қашап салып жатқанда, Қонай батыр кезекті жорығынан оралып, ел шетіне келгенде, Бекет бабама соғады. Сонда Қонай батыр: — Әуелі бір Аллаға сиынып, екінші өзіңізге сиынып, талай рет жорықтан аман-есен оралып едім. «Мынау олжаға түскен 16 жасар қалмақтың қызы, әдейі өзіңізге арнап әкелдім» — деп Бекет бабамның қолына ұстатып кеткен. Сол кезде Бекет атаның жасы елуде алқымдап қалған кезі екен.

Бекет ата ұрпақтарының өздерінің арасынан бөтен кісілерге айтыла бермейтін, әңгіменің шетін шығарды. Мен бұл әңгімені Әбдіхалық жыраудан 1965 жылы естігенмін.

Әбекең қайтыс болғаннан кейін, Менің туған қарындасым Ақтораш, Әбекеңнің екінші ұлы Бердімұратқа тұрмысқа шықты. Әбдіхалық жырау 1912-1969 жылы ақпан айының ішінде өмірден озған, қазір ойлап отырсам мені бала көрдіме Бекет ұрпақтарының өздері біле бермейтін әңгімені, жайып салған екен Иманды болғыр Әбекең.

Бекет ата, Қонай батыр алып келген, 16 жасар Қалмақ қызынан, Байнияз, Қодар дейтін екі ұл көреді. Бекеттің Байнияз дейтін үлкен ұлы, Бекет атаның тірі кезінде шешек ауруынан көз жұмады. Байнияздан екі бала Ернияз, Тақ. Ернияздан екі бала Төрехан, Жайықбай. Төреханнан Үбіжан. Үбіжаннан Әбдіхалық жырау.

Бекет ата немересі Ернияздың қолында, қайтыс болады. Бекет атаны киіз үйдің оң жағына қойып, түнде кісілер күзетіп отырады. Таңға жақын, Бекет атаны күзетіп отырғандардың ұйықтағаны ұйықтап, қалғып-мүлсіп отырғанда, Бекет атаның бәйбішесінен туған үлкен ұлдары киіз үйдің іргесін көтеріп, іргеден атаның мүрдесін шығарып алып кетіп, дайындап қойған үйге апарып қояды. Олардың мақсаты — Бекет атаны қалмақ қатыннан болған балаларының үйінен шығармау. Анадан жалғыз қалған Қодар ағаларына қатты өкпелеген.

Енді Бекет ата, қай жылы туған? Соған шолу жасайық. Байнияздан Ернияз 17-18 жас кіші десек, (ол заманда, баланы 15 те отау иесі деп, ерте үйлендірген)Бекет ата қайтыс болғанда, Ерниязды жиырма жаста деп алсақ, Байнияз бен Ернияздың жасын қосқанда 38 жыл. Оған Бекеттің үйленгендегі 50 жасын қосқанда, 88 жаста қайтыс болған. Сонда Бекет атамыз 1725-1813 жылдар аралығында өмір сүрген болып шығады. Бекет атаның 300 жылдық тойы 2025 жылы аталып өтуі керек. Бұйырса оны да көрерміз Алла жазса.

Көпбол ДЕМЕСІНҰЛЫ

сәулетші, шебер, шежіреші