Бекжан ТҰРЫС, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Жақсы, жақсы» дегенге жақсы боп кеткен қазақ жоқ

Жуырда ғана әлемнің әр аймағынан жиналған театрлардың басын қосқан «Авиньон фестиваліне» барып қайтқан белгілі актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыспен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Тарихы терең, пайым-түсінігі өзгеше, өнер мен мәдениет, ғылым мен спорттың ұлы державасы саналатын Франция жерінен алған әсерімен бөліскен өнер майталманының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

— Бекжан аға, Авиньон сапарын әлеуметтік желі арқылы бақылап отырдық. Десе де, өзіңізбен тілдесуді жөн көріп отырмыз.
— Тоғыз күн Авиньон қаласының суын ішіп, ауасын жұтсақ, соңғы күндерінде дәл Францияның футболдан әлем чемпион болғанын олармен бірге тойладық. Өзім де әуелден француздарға жанкүйер едім. Тіпті, жанкүйерлердің қуанғанын суреттеу, сөзбен жеткізу қиын. Бір жағы қуанышы қойнына сыймаған авиньондықтарды көргенде кәдімгідей рухтанады екенсің. Әрі іштей: «Шіркін-ай, менің елімнің де бас командасы жеңіске жетіп, халқымызбен қашан бірге қуанар екенбіз?» — деп француздардың шаттанғанын «қызғандым», шын толқыдым. Бізді танымаса да еркегі бар, әйелі бар бас салып құшақтап, бетімізден сүйіп, қуаныштарын жасыра алмаған француз жанкүйерлеріне дән риза болдық.
— Сөзіңізді бөлейін. «Француздар» дегенмен, футбол құрамасы да, елі де түрлі ұлт өкілдерінен құралған мемлекетте француз тілі қалайша сақталған?
— Рас, Францияда алжирліктердің қарасы қалың екен. Түрлі нәсіл, түрлі ұлттың баласының француздармен бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруінің айғағы — осы бір тілде сөйлеуі деп ойлаймын. Барлығы да тек француз тілінде сөйлеп, өзге тілде үн қатсаң жақтырмаған кейіп танытады. Тек, турист деп қабылдап, ұят болмасын деген сыңайда ғана шала-шарпы ағылшыншамызды қабылдады. Олардың осы уақытқа дейін француз тілінің қаймағын бұзбай сақтап келе жатқанының құпиясы мынада сияқты: алдымен олар — тарихын сақтап, өткенін өшірмеген халық. Мәселен, бір ғана Авиньонның өзінде ұзына бойы созылған қамалдар, бірнеше ғасыр бұрын салынған шіркеулер Франция тарихынан сыр шертіп тұр. Екіншіден, француздың французға деген махаббаты, сүйіспеншілігі ұлтын сүюді, патриотизмді қалыптастырған. Біз де тәуелсіздік алғалы қанша жерден шырылдасақ та, әлі күнге дейін ана тілімізді кеңінен қолдана алмай келеміз. Бұған кім кедергі? Осыны ойлап, француздардың ұлтын сүйетін қасиетіне еріксіз қызығасың. Тіпті, өзге тілде үн қатсаң онша ұнатпайды деп жүргенде әлем чемпионы атанғанын жалпы халық болып тойлауының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Мәселен, бір қазақтың жеңісіне, жетістігіне ұйғыр, татар немесе орыстар қуана ма? Қуана алмайды…
— Дүниежүзілік фестивальге келейікші. Білуімше, Орта Азия мемлекеттерінің ішінде «Авиньон фестиваліне» алғаш болып сіздер қатыстыңыздар ғой?
— Иә, Орта Азия мемлекеттерінен «Авиньон фестиваліне» бірінші болып біз қатыстық. Авиньон деген — шағын ғана қала. Парижден ары автобуспен он сағаттай жол жүрдік. Жылына бір ай фестиваль өтетін бұл қала осы шарадан түскен қаржымен өз-өзін қамтамасыз етіп, яғни, фестиваль арқылы жан бағып отыр екен. Одан кейін фестивальге 3 мың театр қатысса, көшелері бірыңғай солардың афишасына толы. Яғни, әр театр өзін осылай жарнамалайды, сондай-ақ, қойылым әртістері сахналық костюмдерімен парадқа шығып, көрермен тартуға талпынады. Ең қызығы, нағыз шілденің ыстығы ол жақта да бар екен, «Қорқыттың көрі» спектаклін жарнамалау үшін көшеге шыққанбыз. Киімдеріміздің қаншалықты қалың екенін өзің де білесің. Күннің ыстығында қап-қалың киініп алып, парадқа шығу оңай болған жоқ. Дегенмен, қазақ деген ел бар екенін көрсету үшін намысқа тырыстық. Өйткені, жасырып жабатыны жоқ, алдында көшелерінде адасып қалған кезімізде «Қай елденсіңдер?» деп сұрағанда, «Қазақстаннанбыз» десек, бізге қарап «Борат, Борат» деп күлгендер де болды. Намыстан өртеніп кете жаздасақ та, шетелдің аты шетел. Сол үшін де парадта жүргенде барынша елімізді таныту үшін тырысып бақтық. Шамандыққа салып, бақсының кейпіне енген кезде қала тұрғындары бірден назар аударып, сол кезде қолымыздағыны таратып-таратып үлгердік. Барлық театр біз секілді көшеге шығып, спектакльдерін жарнамалады. Фестиваль болғаннан кейін дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген театрлардың қойылымын қарауымыз керек еді. Әйтсе де, оған мүмкіндік болған жоқ. Күндіз парадта, кешке қойылымымызды сахналаумен жүрдік. Негізі бес күн қатарынан ойнауымыз керек еді, төртінші күнінде Францияның тәуелсіздік мерекесі тойланып, демалыс жарияланды. Спектаклімізге көрермен әр күні әрқалай жиналды. Фестивальдің тәртібі бойынша екі адам келсе де ойнап шығуың керек екен. Туристер тамашалап, өнерімізге қол соқты. Жақсы қабылдады деп айта аламын.

Шетелдіктерді тек қана ұлттық дүниемен таң қалдыра аласың

Күнде келіп жатқан жоқпыз ғой деп, ақыры келгесін Жерорта теңізін көріп қайтайық деп үш-төрт жігіт жиналып Марсельге тартып тұрдық. Әлгі ауылда жүргенімізде елдің аузында күйеуге шығып жатқан кәрі қыздың бір сөзі жүруші еді, «Мен күйеуге тигенде күн батпай қалды ғой» деген. Сол сияқты біз де Жерорта теңізін көре қояйық деп келген кезде жаңбыр жауып, тоқтамай қойды. Сөйтіп, теңізге шомыла алмай, тарихи жәдігерлерін көріп тамсанып қайттық. Айтқым келгені, Авиньоннан Марсельге дейін 190 шақырым екен. Тіке баратын жылдам пойызға мінген едік, 315 км/сағат жылдамдықпен жүйткіген пойыз Марсельге 25 минуттың ішінде жеткізді. Мұндай ғажайыпты көріп тағы ойға қалдым: құр мақтана бермей, неге бізде де Қапшағайға 15 минутта жетіп баратын пойыз құрастырмайды, неге Алакөлге сонша уақытта жетіп бармасқа? Ана шараны, мына шараны өткізіп, ақшаны далаға шашқанша, неге осындай жұмыстар жасалмайды дейсің. Оған да кім кедергі болып отыр? Елбасының бір жолдауында адам факторы туралы айтқаны бар. Ал, енді сол жөнінде есеп беріп жатқан, оны елеп жатқан қай әкімді немесе жоғары жақтан қайсыбір шенеунікті көрдің? Кешегі Денис Теннің өліміне алып келген қылмыс, болмаса ауру балалардың, ажырасқан әйелдердің көбеюі, осының бәрі бір адамның тағдыры емес пе? Осы мәселе алға қойылды, бірақ ол туралы ләм-мим деген бір де бір билік өкілін әлі көрмедім. Міне, сондықтан, қазіргі қоғам тұтынушылыққа ойысып, рухани құндылықтарды шетке ысырып тастап отыр.
Шетелде ең бірінші адамға жағдай жасау маңызды саналады. Мәселен, Лондон қаласына барғанда көрдік, көшелерде жедел жәрдем көліктері тұрады. Сырқаты бар адам сол көліктен қан қысымын өлшетіп, басқа да көмектерге жүгінеді. Яғни, адам игілігі үшін осындай да жағдай жасалып қойған. Неге бізде адам игілігі бірінші орынға қойылмаған, адамдарға жағдай жасалмаған? Осыны айтсаң «Сен-ақ ертелі-кеш зарлайсың да отырасың» дейтіндер көп. Жақсыны айтпайсың дейді тағы. «Жақсыны сендер айтып жатырсыңдар ғой, жаманды да біреуіміз айтуымыз керек қой» деймін. Оның үстіне «Жақсы, жақсы» дегенге жақсы болып кеткен қазақ жоқ. Елдің мұңын, олқы кеткен жерлерін біз айтпасақ, кім айтады? Біздің мәселеміз өзімізден басқа кімге керек? Кімді алдаймыз? Осыны айтсаң, «Біз анда бардық, мында бардық, бәрін қатырдық» деп шығады. Соңғы кездері маған біздікілер Батыстың дүниетанымына, мәдениетіне әуес көрінеді. Батыс, ол — өз алдына Батыс. Қазақтың өзінің тарихы, ұлттық құндылығы бар. Біз ешкімді шетелдің мәдениетімен таң қалдыра алмаймыз. Баяғыда біз «Бейбарыс Сұлтанды» Беларусьқа барып ағылшынша қойғанда шетелдіктер күлген болатын. «Сендердің мыналарың кімге керек? Біз сендердің өз үндеріңді естіп, әндеріңді тыңдағымыз келеді. Мына ағылшыншаларың мектептің оқушысынан да нашар. Мұнымен сендер кімді таң қалдырмақсыңдар?» деген еді. Рас қой. Қанша жерден тырыссаң да немістерге Шиллердің, ағылшындарға Шекспирдің шығармасын дәл өздеріндей жеткізе алмайсың. Олар саған бермейді де. Сол секілді мың жерден Горькийдің, Толстойдың туындыларын ойнап шықсаң да орыстарға тура өздері сияқты жеткізе алмайсың.

Атабаевтан кейін «аһ» дейтіндей дүниені алғаш көрдім

Қазір елімізде ашылып жатқан экспериментальді театрларға қарап отырсаң, дені шетелдің қанқұйлы дүниелеріне құмар. Сөйтіп, солардыкіне ұқсатып бірдеме жасап алады да, анда барып, мында барып жүлде алдық дейді. Мен олардың қандай жүлде алып, қайда барып жатқанын да көріп отырмын. Содан келіп бұқаралық ақпарат құралдары сартылдатып тұрып жазады. Мақтауын асырғанда өзің қалай сеніп қалғаныңды білмей қаласың. Мұнымен кімді алдарқатасың? Бүгінгі жекеменшік театрлардың көбінің басындағы дерт — осы. Осыдан бірер ай бұрын Астанада Халықаралық «Самғау» театр фестивалі өтіп, сонда Қызылжарда режиссер болып қызмет етіп жүрген Фархат Молдағалиевтің қойған «Қарагөз» спектаклін тамашаладым. Жұмысына разы болғаным соншалық, көргім келген, мен іздеген нәрсені дөп тауыпты. Кейде театрда мүйізі қарағайдай өнер майталмандары соңғы шығып жатқан көптеген спектакльдерге таң қалып, «Бекжан сен соны көрші» деп ұсыныс айтады. Қарасам, шетелден көшірілген қанқұйлы дүниелер. Оның бәрін мен теледидардан, интернеттен көріп қойғанмын. Мысалы, өз шешесіне өзі ғашық болған бала немесе жезөкшелер туралы қойылымдар, т.б., осылардың қазаққа не керегі бар? Соған қол соғып, «Уа» деп ағаларымыз, әріптестеріміз таң қалғанда, «Мен қалып қойып, сендер өсіп кеткен шығарсыңдар» деймін. Мен сол баяғы қазақтың дүниетанымынан, Әзекеңнің (Ә.Мәмбетов — авт.) дәуірінен шыға алмай қалып қойған болуым керек. Әйтпесе, «аһ» деп қарайтындай түк жоқ. Ал Фархаттың қойған «Қарагөзінде» режиссер қазақтың тамырын жоғалтпай, бүгінгі күнмен керемет ұштастырған. Эксперименттің өзін жөнді пайдаланып, арғы тегін жоғалтпай, жеті атасын ұмытып қалған қазақты, бәрін бүгінгі күнге әкеп тірегенде, мен ғана емес, қазылар алқасы да, көзі ашық көрермен де бірден «құлады». Сөйтіп, мынадай ойға келдім: әй, мен жақсы дүниені көрдім ғой. Демек, талғамым бар, қалып қалмаған екенмін ғой. Содан бір әріптесіме сен осы Фархаттың қойған «Қарагөзін» көрші, «аһ» дейтіндей дүниені көресің дедім. Ал сендердің «аһ» деп жүргендеріңнен мен таң қалатын нәрсе көрмедім. Бәлкім, өнерде жүргеннен кейін екеуміздің көзқарасымыз екі түрлі болуы мүмкін, сондықтан, салыстырмалы түрде көрші дедім. Кейін сахна сыртында Фархатқа ризашылығымды білдірдім. Өзі жас жігіт екен. Мен Атабаевтан кейін қанша жыл болды, мұндай дүние көрмеп едім. Саған сәттілік тілеймін, қазақты танытудағы осы бағытыңнан тайма деп тілегімді жеткіздім. Ерекше айтатыны, спектакль ғажап қойылған, әндері де тамаша. Шетелдің адамы көрсе «Ромео мен Джульетта қазақтарда да бар екен ғой» деп айтуы мүмкін. Ал, енді шетелдікіне ұқсас дүниемен шетелді таң қалдыра алмайсың. Отандық театрлар неше түрлі фестивальдерге барып келіп жатыр ғой. Қазіргі фестивальдерден тәжірибе жинап қайтпасаң, басқасының бәрі бос нәрсе.
Өзегімізді жоғалтпай неше түрлі дүниелер жасасақ қандай ғажап! Бұрыннан жаным да, қаным да — қазақ. Осындай қазақы дүниелерді жасауға жаным құмар. Ұлтымды шын сүйгендіктен, «Ұлым саған айтам…» деген қойылымды жасап шығардым. Егер сол көлеңкеде қалып қалмай, театрда қойылып тұрса, кешегідей Денистің басындағы жағдай болмас та еді. Өйткені, «театр — қоғам айнасы, мәдениеттің өзегі» дей жүріп, осы екі ұғымды ұштастыра отырып шығарған дүниеміз еді. Не театрымызда, не басқа жаққа да қойғызбайды. Ол туралы ешкім тіс жармайды да. Бәлкім, маған деген қызғаныш та бар шығар. Екіншіден, жоғары жаққа жалтақтаймыз. Бірақ қойылымда қорқатындай ештеңе жоқ, ешкімнің ар-намысына, жеке басына тиісетін сөз жоқ. Барлығы да қазақтың ойында жүрген мәселелер. Оны көргендердің бәрі күнде қойылатын дүние екен десті. Сайып келгенде, «Қарагөз» секілді жазылса да, қойылмаған пьесаларымыз көп, қазақ даласында сахналап жіберетін тақырып жетерлік. Неге «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуды» бүгінгі күнмен ұштастырып қоймасқа? Мәселен, «Қарагөзде» ер-азаматтардың сатқындығы, Қарагөзді тастап кететін тұсында әдемі берілген. Міне, осындай өзімізде жетіп-артылатын көкейтесті мәселелеріміз тұрғанда шетелдің таным-түсінігімізге жат дүниелерін көшірудің қажеті жоқ деп есептеймін.
Қазір дәстүрінен ажырап қалған ұрпақ өсіп келеді. Мені осы алаңдатады. Ұлттың сапасы өсіп келе жатқан ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Өзіміз дұрыс тәрбие бермейміз де, ертеңгі күні бәріміз жастарды кінәлаймыз. Бәрі шетінен көкірек керген. Қайраткерлердің бәрін қолдан жасап жатырмыз. Аспанға түкіріп жүргендер көп, соның айналып келіп бетіне түсетінін көрмейді. Айналасындағы түрлі жағдайларды көрсе де көрмеген кейіп танытады. Мұның бәрі адамның жанын қынжылтады.

 

Мағжанға «Әкесінің арқасында көтерілді ғой» деген әңгімеге дайын бол дедім

— «Ұлым саған айтам…» туралы айттыңыз. Енді ұлыңыз Мағжан жөнінде сұрағым келіп отыр.
— Мағжан театрға келіп жатыр. Оған басында-ақ айттым: қазір өнердің өзінің беталысы басқалай болып барады. Бәрі тек танымал болуды ойлайды. Саған дәріс берген мұғалімдер біздің ұстаздарымыз сияқты театрды сүюді қаншалықты үйрететінін білмеймін. Кеше келген балалар: «мен неге сіз сияқты болуым керек?» — деп киноға кетіп жатыр. Мұның бәрі — басшылықтың жіберген қателігі. Киноға түспе демейсің, бірақ, ол театрға келді ғой. Бірінші кезекте театр тұруы керек. Негізгі жұмысын ысырып қойып, бірінші орынға телевидение мен киноны қойған жастар тарихта қаламыз деп ойлайды. Бүгін бар, ертең жоқ, тез ұмытылатын жылтырақ өнерде ізің қалуы үшін алдымен театрда тұлға болып қалыптасуы керек. Ұлтты ойлау керек, өнер ұлтқа қызмет істеуі тиіс. Ал осыны қазір білім беріп жатқан өнер академиясының ұстаздары айтады дегенге онша сеніңкіремеймін. Біздің толқынға білім берген ұстаздар театрға, өнерге, ұлтқа адал болуға үйретті.
— Дәріс берген ұстазы болмасаңыз да, әкесісіз ғой. Театрға адал болуды күнде айтып отыратын шығарсыз?
— Лайым театрға адал болуын тілеймін. Бірақ ортасы солай болып бара жатқасын ғана алаңдаймын. Мен өз мамандығымды сүйіп келдім. Содан болар театрға адал болып, қанша киноға шақырса да, өзге әріптестерім түсіп жатса да, негізгі жұмысымнан шыға алмаймын деп қашып жүрмін. Түсіністік танытқандар еңбек демалысымды сұрап жатады. Мысалы, жақында ғана ұсыныс жасап, осы еңбек демалысымда киноға түспекшімін. Осы маусым жабылар алдында «Сүйінбай» драмасын сахналадық. Иран-Ғайыптың ақ өлеңмен жазылған шығармасын қойылым етіп дайындауға 20 күн ғана уақыт берілді. Мұндай үлкен туындыны жасап шығаруға үш апта уақыт өте аз. Оның үстіне бар салмақ өзіме түсті. Ішіндегі айтыстарын есептемеген күннің өзінде 52 беттік мәтінді жаттадық. Сөйтіп, ренішімді ішімде сақтамай, ескі әдетімше театрдағы үлкендерге датымды айттым. Содан қасымдағылар «балаң келіп жатыр, болашағын ойласаңшы» деп жатыр ғой. Негізінен, мен Мағжанға: «Өнерде жүру — бала күннен бергі арманың. Сенімен ешкім таласпайды, өйткені, бір оқуды бітіріп барып өнердің оқуына түстің. Әкеңнің не таныстың арқасында емес, ел қатарлы ақшаңды төлеп оқыдың. Киноға асықпа, алдымен театрға бірдеме жаса!» — дедім.
Бір қуанатыным, өзі талпынып академия қабырғасында жақсы оқыды, ізденісті тоқтатпады. Мәскеуге барып тәжірибе жинап келді. Осы жазда Астанада өткен театр фестивальдерін тамашалап қайтам дегесін оған да жібердім. Енді болашағын Алла біледі. Дегенмен жарқын болса екен деп тілеймін.
— Ендігі маусымнан бастап жұмысқа кіріседі ғой?
— Иә, алдағы маусымнан бастап театр сахнасына шығады. Оның театрға қабылдануына менің тарапымнан қолдау болған жоқ. Өнер академиясының түлектерінің ішінен көзге түсіп, жұмысқа қабылданды. Бұдан бөлек, Мағжанға ертеңгі күні биікке шығып жатса менің атым қоса аталатынын, «Әкесінің арқасында көтерілді ғой» деген әңгіме жүретінін ескертіп, соған дайын бол дедім. Менің мінезімді білесің, сені қорғап, қолпаштап жүрмеймін, ары қарай өзің талпынып, өмір сүр дедім де. Бір театрда бірге жүру аса жақсы да емес (күлді). Кім біледі, жас болғасын бір кемшілігін көріп қойып, сол үшін ұялып қалатын жағдайлар да болып қала ма деген күдік жоқ емес.
— Сұхбатыңызға рақмет! Ұлыңыз ұлтқа қызмет ететін азамат болғай!

Сұхбаттасқан —
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ