БЕЛДІГІҢДІ БЕКЕМ БУ
Бірде қаладағы Евразия сауда-саттық базарының маңындағы жеміс-жидек сататын орыннан өтіп бара жатып, жас қазақ жігітінің беліндегі жаңалау белдігін көзбе-көз шешіп өзбек шал-кемпірге ұсынып тұрғанын назарым шалып қалды. Көзіме оғаштау көрінді. Әдейілеп жақындай түстім. Рең-басына қарасам, киімі әжептеуір. Қолында керемет болмаса да ортаңқол телефон. Ішіп алған бозбалаға ұқсамайды. Ұялғаннан жан-жағына қарап қояды.
-Мың теңгеге берем, үш мың теңгеге алғам. Әлі жаңа. Жетер жеріме жете алмағасын сатайын деп тұрмын, ака, алыңызшы.
Кемпір-шал күбір-күбір етіседі. Алғылары келіп-ақ тұр. Бірақ саудагер емес пе, бес тиын болса да түсіруі керек. Әйтпесе іштері ауырады. Өзгенің қиналғанын не қылсын.
-500 теңге.
Жігіт мұндай сауданы күтпеген. Шалбары түсіп бара ма, ышқырын көтеріп-көтеріп қояды.
-Ака, Шолаққорған жаққа барамын. Мың теңгесіз жете алмаймын. Тек жолға жетсе болды. Артық сұрап тұрған жоқпын.
Шал көзін маған сығырайтып қарап, екі қолын белдіктен ажыратар емес. Осы алып қоя ма деп те секемденіп тұрған сияқты.
-700…
Менің мына көрініске жаным шығып кетті. Қаным басыма шауып намыстанып:
— Мен 3 мыңға алам!- дедім төтесінен.
Сөйттім де белдікке қолымды создым. Кемпірі келіп белдікке жармасты.
-Е, алғашқы сауда біздікі, біз аламыз. Мәйлі мың тәңгә болса, мың тәңгә.
-Жоқ, 3 мың теңге!
Мен де қасарыстым. Жігіт аң-таң. Ләм-мим демей, жалтақ-жалтақ қарайды. Мына саудаға өзі де түсінбей тұрғандай.
Әңгімені ары созғым келмеді. Кемпірдің қолындағы белдікті бұзықтық мінез көрсетіп, қолынан жұлып алдым.
Өйтпесем мына қиын жағдайға түскен жас жігіттің бар ырыс, берекесі сол белдікпен бірге кетердей, жынданып кеттім.
Жігіт артымнан үнсіз ілесе берді. Балаларыммен жасты. Соңымнан сүйретіліп келеді. Былайырақ шыға, оңашаланғаннан соң, есімін сұрадым.
-Нұрсұлтан…
Егеменді ел болғаннан кейінгі дүниеге келген ұрпақ. Жаңа заманның келбеті. Ертеңгі — ертеңіміз. Белдігін сатқалы жүр.
— Қаладан жұмыс таппадым. Сонда дос балам шақырды. Бір стройкада қара жұмыс шығып тұр дегесін… Қаражатымның болмай қалғаны. Амалсыздан, жетіп алғанға дейін ғой.
Күбіжіктеп бір жағы ұялып, қатты намыстанып та тұрғаны болмысынан байқалып тұр.
Белдікті қолына бердім.
-Тағып ал!
Ол маған аңтарыла қарады. Ақшасыз қалам ба деп қорқып та тұрған сыңайлы. Белдігін тағуға асықпады. Қыпылықтап тұрып қалды.
Өзі арық. Шалбары ұстамай тұр. Бір қолымен ышқырынан жоғары тартқылағансиды. Оны маған байқатқысы келмей, елеусіз істеген сияқты болады. Оны мен көз қиығыммен байқап тұрмын.
Одан әрі өзім де шыдай алмай, уәде еткен 3 мыңды қолына ұстаттым.
-Жете ме?
-Әрине, әрине!
Ол маған бермекші болып, белдігін ұсына берді.
-Кәне, көзімше тағып ал.
Түсімді суытып алдым. Ол түсінбей, қипақтап қалды.
-Қане, тағып ал! Неғып тұрсың?
Белдігін созған қолын сәл сілкіп қалдым. Өзіне күш берейін дегенім.
Ол жалма-жан белдігін өткізе бастады.
-Енді басыңа қандай күн туса да белдігіңе қол салушы болма.
Қиналған сайын белдігіңді бекем бу! Белдігің сенің еркектігіңнің белгісі. Сол үшін де оны белдік деп атаған. Белдіксіз еркек қызбен тең.
Оның түрі лап етіп жанды. Намыстан жанары жарқылдап кетті. Ақшаны қайтармақшы болды ма, қалтасына қайтып қол сала берді.
Қол салғызбадым. Ұстап қалдым.
Түрімді тағы суытып:
-Түсіндің бе?-дедім.
-Түсіндім, ата!
-А, онда жолың болсын, бар, балам!
Жігіт тезірек алыстап автобус аялдамасына қарай бұрылып кетті. Бұрылып бара жатып, маған тағы бір қарап алып, ризашылықпен қол көтеріп қоштасты.
Мен болсам бір жігіт болса да белдігінің көрінгеннің қолында кетпеуіне көмегімнің тигеніне масаттанып, жеңілденіп қалғанымды сезіндім.
Болған оқиға ізімен.