Белсенді жастар Алматыда шахмат олимпиадасына қатысушыларды салтанатты түрде қарсы алды
Белсенді жастар Алматыда шахмат олимпиадасына қатысушыларды салтанатты түрде қарсы алды
Ченнайда (Үндістан) өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында 5-ші орынға ие болған Қазақстан әйелдер құрамасы Алматыға оралды.
Оларды Алматы әуежайында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының жас буыны мен белсенділер ыстық ықыласпен қарсы алды.
Еске сала кетсек, 11-турда әйелдер құрамасы Үндістанның үшінші құрамасымен кездесті. Қорытынды тур 2,5-1,5 есебімен біздің құраманың тарихи жеңісімен аяқталды.
Сонымен қатар, қазақстандық шахматшы, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Жансая Әбдімәлік 2022 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында алғашқы тақталар арасында қола жүлдегер атанды, ал «Әйелдер арасындағы Азияның 2021 жылғы үздік шахматшысы» Бибісара Асаубаева екінші тақта арасында төртінші орынға ие болды.
Әйелдер құрамасының тағы бір жарқын өкілі, «AMANAT» партиясының мүшесі, төртінші тақта арасында 11-ші орынға ие болған Гүлісхан Нахваеваның айтуынша, команда жеңіске жету үшін жұдырықтай жұмылды.
«AMANAT» партиясының мүшесімін. Партия мүшелері мен жастардың қолдауы өте қуантады. Жақсы нәтижемен оралдық деп ойлаймын. Келесі Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 2024 жылы Будапештте өтеді. Сол додада шахматшыларымыз олимпиада алтынына таласады деп үміттенемін», – деп Гүлісхан Нахбаева өз әсерімен бөлісті.
«Жастар Рухы» жастар қанатының алматылық көшбасшысы Әкежан Кеңесов шахматшылармен кездесуден алған әсерін жеткізді.
«Біз шахматшыларымызға жанкүйер болып, ойын барысын бақылап отырдық. Бүгін кешке олардың елге оралатынын білген соң, чемпиондарымызды қарсы алып, құттықтауды жөн көрдік. «Jastar Ruhy» жастарымен бірге барлығын тез арада ұйымдастыра алдық. Өзге адамдар кімді қарсы алғалы тұрғанымызды сұрағанда, бойымызды мақтаныш сезімі кернеп, шахмат чемпиондарын күтіп тұрғанымызды жеткіздік. Кейбір адамдар бізбен бірге құттықтау рәсіміне қатысты», – деді ол.
Өз кезегінде, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік ыстық ықыласпен қарсы алған белсенділерге алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық шахматшылар турнирді бесінші орында аяқтап, Дүниежүзілік шахмат олимпиадасындағы үздік нәтижелерін жаңартты. Алдыңғы үздік нәтижелер: алтыншы орын (2014 жыл) және екі рет сегізінші орын (1992 және 1996 жылдар).
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі