Белсенділер марапатталды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Абдан Төлепбергеновтердің қатысуымен жиын өтті.
Шараға партиялар және қоғамдық бірлестіктер өкілдері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Алдымен Абдан Баяуұлы биылғы жылы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлау қорытындысы бойынша баяндама жасады.
— Жамбыл облыстық мәслихатының 2023 жылғы 16 қаңтардағы № 24-б шешімімен Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау жөніндегі №8 округтік сайлау комиссиясының құрамы және Байзақ аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 қаңтардағы № 39-2 шешімімен Байзақ аудандық мәслихаты депутаттарын сайлау жөніндегі 17 округтік сайлау комиссияларының құрамы қалыптастырылды. Жалпы сайлау комиссияларының құрамы — 384 адам болса, оның ішінде: аудандық сайлау комиссиясы -7, округтік сайлау комиссиялары -90, учаскелік сайлау комиссиялары-287 комиссия мүшелерінен тұрады.
Сайлау комиссияларының құрамы «AMANAT» партиясынан — 58, «Қазақстан Халық партиясынан» — 47, «Ауыл» Халықтық-демократиялық-патриоттық партиясынан — 44, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан — 58, қоғамдық бірлестіктерден-177 комиссия мүшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырылды. Сайлау науқаны кезінде және дауыс беру күні сайлаушылар, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, кандидаттардың сенім білдірген адамдары тарапынан сайлау комиссияларының және оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-қимыл әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссияларына, сотқа, прокуратура органдарына шағымдану деректері болған жоқ,-деп сөзін түйіндеді Абдан Төлепбергенов.
Сонымен қатар, Серғали Өмірзақұлы ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі- сайлау науқанының барысы жөнінде пікірімен бөлісіп, аталмыш шараға белсенді қатысып, өз үлестерін қосқан учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне ризашылығын жеткізді.
Жиын соңы сайлау науқанында белсенділік танытқан азаматтарды марапаттауға ұласты.

Арайлым НАРБАТЫРОВА