Бердалы ОСПАН: ТАРИХТА ТАЛАЙ ТАРИХ БАР

Батыр Бауыржан Момышұлы туралы не білесіз?

Бауыржан Момышұлы:
Көп тұрған су сасиды,
Ойламаған ми сасиды.

Қазақты рухани біріктіретін мемлекетшіл ірі ұлы тұлғалар болса ғой шіркін!?
Ондайларды қазір көрмей тұрмын. Сондықтан болар, білімсіздер өздері білмей, білгеннің тілін алмай, түрлі былық сөздер жазуда.
Мысалы жақында біреу Бауыржан Момышұлы коммунистік партия қатарына әдейі өтпеген, себебі ол исламист болған деп жазды. Тағы басқа да адам нанғысыз сөздер жазылды. Бір қынжылтарлығы бүгіндері Фейсбукте осындайлар баршылық.

Егер Б.Момышұлы коммунистік партия қатарына өтпесе ол кезде әскери құрылымдарға оны басшылыққа қоймас еді.

Батыр туралы түрлі сөз көп. Бірақ, білмей сөйлегендерге ақымақ қана ереді. Қазір білімділер заманы. Ерінбей кітапханаға барып керек тақырыптың анық-қанығына жету қиын емес.
Батыр туралы мына деректерді біле жүргеніңіз дұрыс:

Бауыржан Момышұлы туралы соғыс жылдары «Волоколамск тас жолы» атты кітап жазылды;
Бұл соғыс кезінде көзі тірі адам туралы жазылған жалғыз кітап;
Кітапты жазушы Александр Бек жазды;
Кітап «Знамя» журналында жарық көрді;
Соғыстан кейін бұл кітап бойынша Польшада театр сахнасында қойылым жасалды;
Кітап ағылшын, француз неміс, итальян, испан, грек, фин, араб тілдеріне аударылды;
Бұл кітап Финляндияда арнаулы сабақ ретінде өтеді;
Атасының аты Имаш;
Әжесінің аты Қызтумас;
Әкесінің аты Момынәлі;
Анасының аты Рәзия;
Бауыржан Момышұлы әкесінің 53 жасында 5 қыздан кейін туған ұл;
Туған күні 25 желтоқсан;
Бала кезінде жылдам жүгіретіндіктен Шаңтимес атанған;
Әкесін Жәке деп атаған;
Бала кезінде ет жемейтіні болған;
7 жылдық мектепті Шымкент қаласында бітірген;
Шымкентте болашақ ақын Әбділда Тәжібайұлымен бірге оқыған;
16 жасынан бастап өлең жазған;
2 жыл бастауыш мектепте ұстаз болған;
3 жыл Атқару комитетінің хатшысы болған;
6 ай аудандық милицияның бастығы қызметін атқарған;
Комсомолдан, кәсіподақ мүшелігінен шығарылып, қайтадан қабылданған;
Алматыдағы медицина институтына оқуға түскен;
Ауыл шаруашылық институтына түскен;
Ораз Жандосұлының көмекшісі болып жұмыс істеген;
Өнеркәсіп банкінің қызметкері болып жұмыс істеген;
Ленинград қаласында оқыған;
1938 жылы үйленген;
Әскер қатарына 1932 жылдың 7 қарашасында Шымкент қаласында шақырылған;
5 жыл Қиыр Шығыстың тайгалық аймағында әскери қызметте болған;
Әскери қызметте жалпы 25 жыл болған;
207 рет шайқасқа қатысқан;
5 рет қарамағындағы жауынгерлерімен қоршаудан шыққан;
Генерал Панфилов басқарған дивизияда, батальон, полк командирі болған;
Полковник шенінде дивизия басқарған;
Дивизия басқаруға тағайындалуға барғанда штабтағы атақты қолбасшы Жуковтың шабуыл жоспарынан Б.Момышұлының жоспары ұтымды шыққанын Жуковтың өзі сол жерде мойындаған;
Генерал Панфиловқа Бауыржан Момышұлы қаза тапты деген хабар 3 рет жеткен;
Соғыста 2 рет ауыр жараланған;
Генерал Рокоссовскийдің бұйрығымен полк командирлігіне тағайындалған;
1942 жылы 18 тамыз күні жазушы Мұхтар Әуезұлына хат жазған;
37 күнделік дәптер жазған;
3 күнделігі жоғалып, фашистердің заттарының арасынан табылған;
Соғыс жылдар Б.Момышұлының 40 мақалы майдан газеттерінде жарық көрген;
Б.Момышұлы шығарған мақалдардың бірнешеуі:
Ежелден ел тілегі- ер тілегі,
Адал ұл ел деп туса — ел тірегі.

Ерсіз ел болмайды.

Елін ер таниды,
Ерлерін ел таниды.

Тәртіпке бағынан ел құл болмайды,

Ерліктің анасы — мақтаныш.

1943 жылдың аяғында Алматыға демалысқа келгенде М.Әуезұлы мен Қаныш Сәтбайдың өтініші бойынша Ғылым академиясының қызметкерлеріне лекция оқыған;
Сол кезде соғыс туралы жазған қойын дәптерін аманат етіп Қуаныш Сәтбаевқа берген;
Демалыс кезінде Ұзынағашқа барып ақын Жамбылмен жүздескен;
Алғашқы әскери ұстазы Николай Редин соғыстың соңғы күндері қаза тапқанда жылаған;
Жеке қаруы N173825 Маузер болған;
Тұтқынға түскен фашистердің 7 генералын ақ дастарқан жайып қонақасы беріп: «Енді елімізге тиіссеңдер дәм ұрсын!» деп айтқан;
1946 жылы қабылданған жаяу әскердің ережесіне Б.Момышұлының ұсыныстары енгізілген;
Соғыс біткеннен соң Балтық әскери аймағында дивизияның командирі болған;
Жоғары әскери Академиясын бітіргенде 9000 (ескі ақшамен) сыйлық берілген;
«Ұшқан ұя» кітабын 15 күнде жазған;
Өзінің ең үлкен қателігін мойындай білген;
Соғыстан кейін қарулас досы полковник Серебряковтың қайтыс болғанына 1 жыл толғанда өз қаражатын жұмсап, қазақ салты осындай деп жылдық ас берген;
Пианинода ойнаған;
Сурет салған;
Жазушы Кәкімжан Қазыбайұлына 1945 жылы екінші дүние жүзілік соғыстың Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбайұлы туралы жазуға кеңес берген;
Әзілхан Нұршайық «Ақиқат пен аңыз» кітабын жазуға келген бірінші күні 12 сағат әңгіме айтқан;
Алматының миллионыншы тұрғыны болып туған сәбиге Бауыржан есімі берілген;
Б.Момышұлына неге Ұлы Отан соғысының батыры атағы берілуіне сол кезгі ел басшылығы қарсы болғаны жөнінде Нұртас Оңдасынов көп жыл кейін Бауыржан Момышұлының үйіне келіп өзі айтқан.
Бауыржан Момышұлы 1982 жылы маусымның 10 жұлдызында қайтыс болды. Батырдың қазасы «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдығына арналған Алматыдағы салтанатпен тұспа-тұс келіп, кейін жерленген.
Батыр Бауыржан Момышұлы өзінің бағасын өзі көзі тірісінде мынадай сөздермен беріп кеткен:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде…

Ал ағайын, бауыр, қарындастар! Айта берсем батыр Бауыржан туралы сөз көп. Сөзімнің басында айттым, түрлі дүмшелер қазақтың осындай өр тұлғалары туралы небір өтіріктерді жазуда. Ондай арзан сөзге ермеңіздер.
Батыр туралы білгілеріңіз келсе жарық көрген кітаптар, мақалалар аз емес. Өзінің де шығармалар жинағы жарық көрді. Мен осы келтірген деректердің бәрін ашық басылымнан алдым.
Суретті «Бауыржан батыр» кітабынан алдым.

Осы жерде бір тарих айта кетейін. Бауыржан Момышұлының есімін кеңінен танытқан «Волоколамск тас жолы кітабында» мынадай бір оқиға жазылған. Б.Момышұлы соғыста қорқақтық танытқан Борамбаев атты қазақ жауынгерін сап алдында атып тастайды.
1972 жылы генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеген менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы батыр Бауыржан Момышұлымен жақын қарым-қатынаста, дос болған.
Әкем мынадай әңгімені бірнеше рет айтты. Кітапта Б.Момышұлы атып тастаған жауынгердің қазақ екеніне сенбедім. Содан көпшіліктің батырмен болған бір кездесуінде, Бауке, сол жауынгердің ұлты қазақ екеніне сенбеймін. Өзіңіз айтыңызшы жауынгердің ұлты шынымен қазақ па еді, деп сұрадым.
Сонда Бауыржан Момышұлы көп адамның алдында тұрып «Жоқ, ол жауынгердің ұлты орыс еді. Жазушы Александр Бек, кітапқа осылай жазған дұрыс дегеніне көніп едім» деп жауап беріпті.

Қазақ аруақ, ырым дегенге сенетін халықпыз. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы туралы осы жазбамды жаздыртып отырған, сол кісінің аруағы шығар.
Және де Бауыржан Момышұлы бетінен сүйген балалардың бірімін. Мүмкін сол да әсер еткен шығар.
Жазбам көңілдеріңізден шығар деген үміттемін.
Басқалар да біліп жүрсін, көшіріп жарияласаңыздар батырдың да аруағының көңілі толар деп ойлаймын.
Батырларымызды бағалай білейік. Тек шын сөйлейік.

 

Бердалы ОСПАН:

ТАРИХТА ТАЛАЙ ТАРИХ БАР