Бердібек Сапарбаев: Ойылда оң өзгерістер болуы тиіс!

Бердібек Сапарбаев шалғай аудандарды, алыс ауылдарды үзбей аралауды дағдыға айналдырды. Ол бұл жолы Ойыл өңіріне ат басын тіреді. Ақжар, Көсембай елді мекендерінде болып, халықтың жағдайын өз көзімен көрді, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория секілді маңызды буындардың тыныс-тіршілігін тереңдеп қарады.

Ойыл ауданы — ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы үшін қолайлы өңірлердің бірі. Он тоғыз мыңнан аса тұрғыны бар ауданда өздеріне лайық шаруа да өрістеуде. Нақтырақ айтсақ, бұл аумақта 28 мыңның үстінде ірі қара, 118 мыңнан астам қой және 4900 бас жылқы тіркеуге алынған. Бұл — облыс әкімінің аудандық әкімдіктің ғимаратында аудан активімен кездесуі кезінде Ойыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тілеумағанбетов берген дерек.

2016 жылдың алғашқы тоқсанында ауданда 1 миллиард 137 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өткен 2015 жылы «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары жоспарға сәйкес орындалыпты. Десек те, Бердібек Сапарбаев мал санының өсімі туралы көрсеткіштердің көңілінен шықпайтынын ашық айтты.

— Мысалы, қой санының өсуі 1 пайыз шамасында. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Мал өнімдерінің облыс бойынша өсу деңгейі де көңіл көншітерлік емес. 3 пайыздан аспайды, — деген облыс әкімі жоғарыда аталған түрлі түлік санын көбейтуге арналған мемлекеттік бағдарламалардың үстіміздегі жылдың алғашқы үш айының қорытындылары бойынша орындалмай отырғанын ескертті.

— Бірінші тоқсанда Ойыл ауданында 320 ірі қара, 1000 қой, 200 жылқы сатып алынуы керек еді. Солардан тек 5 жылқы ғана алынған. Қалғандары жоспар күйінде ғана тұр. Енді көзді ашып-жұмғанша 9 айдың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қаламыз, — деді ол сұраулы кейіппен аудан әкімінің міндетін атқарушыға.

— Жоспарды орындаймыз, тиісті құжаттарымыз дайындалып жатыр, — деді аудан активінің алдында жауап берген Шоқан Тілеумағанбетов.

Оның мәлімдеуінше, ауданда бүгінгі күні 8 шаруашылық асылтұқымды қой өсірумен айналысады. Аудандағы асылтұқымды Шопан ата түлігінің саны 11 мың шамасында.

Көктемгі егіс егу науқанына дайындықтар толық жүргізілген. Жалпы 610 гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Оның ішінде 400 гектардай алқапқа тары, қалғанына мал азығы түрлері себіледі.

1 қаңтардан бастап күшіне енген шаруашылық кооперациялары туралы заң бойынша да жұмыстар қолға алынған. Қараой, Сарбие және Ойыл ауылдық округтерінде ұсақ қожалықтарды біріктіріп, ірілендіру шаралары жүзеге асырылмақшы.

Өңір басшысы Қайыңды ауылдық округінің орталығы Ақжар ауылында болғанында «Саға» мектеп-балабақшасы мен дәрігерлік амбулаториясын аралап көрді. Ауыл дәрігерінің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы 3 айында ауылда 8 нәресте дүниеге келіпті. Балабақшада 37 бүлдіршін тәрбиеленеді. Ал 1979 жылы тұрғызылған, соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткізілген мектепте 119 бала білім алады. Мектептің сырты да, іші де тап-тұйнақтай. Мектеп директоры Жанна Есқалиева биыл бір оқушыларының «Алтын белгіден» үміткер екенін мақтанышпен жеткізді. Өткен жылы демеушілердің қолдауымен балабақша ғимараты жанынан құдық қазылып, ғимараттың ішіне су және санитарлық жүйе тартылыпты. Енді мектеп ғимаратына су және санитарлық желі тартуды жоспарлап отыр.

Облыс басшысы ауыл әкімінен халықтың жағдайы қалай екенін, қандай кәсіппен күн көріп отырғандарын сұрады.

— Негізінен, күнкөріс көзі қорадағы азын-аулақ малдар ғой. Жалпы, халықтың жағдайы жаман емес, — деп жауап берген Сүйіндік Өскінбаевқа Бердібек Машбекұлы:

— Жағдайдың жақсы екенін ауылдағы үйлердің сыртқы кейпінен көріп тұрған жоқпын. Жаңадан үй салынбаған, ол аз болса, сырты жөнделген үйді де көріп тұрғаным жоқ, — деп өз наразылығын білдірді.

Үйлердің сыртқы кейпіне байланысты ескертуін облыс әкімі ауылдық клубта болған кездесу кезінде тұрғындарға да айтты.

— Жаңа ауылдарыңыздың әкімі «халықтың жағдайы жаман емес» деп айтты. Әрине, шүкірлік еткен дұрыс қой. Бірақ еңбек етіп, жақсы өмір сүруге ұмтылуымыз керек. Мендегі бар мәліметтер бойынша, бұл ауылдағы сиыры, қойы және жылқысын қосқанда, барлығы 8000 бастай мал бар екен. Оны бұл ауылдың тұрғындарының саны — 1400 адамға бөлсек, жан басына орташа есеппен 6 малдан келеді. Бұл аз. Малды көбейту керек. Сонда жағдайымыз да түзеледі, үйлеріміз де дұрысталады, — деді ол.

Биыл көктемгі жауыннан ауданда 37 үй зардап шеккен. Солардың 12-сі Қайыңды ауылдық округіне қарасты Көсембай ауылында. Төбелеріне шифр жабылмаған «қазақы үйлердің» жағдайы шынымен де мүшкіл көрінді. Осының алдында арнайы комиссияның жағдайды тексеруіне тапсырма берген облыс басшысы ол үйлерді өзі аралап көрді. Бұл үйлердің төбелерінен су тамшылап, іргелері дымқыл тартып қалыпты. Әкімнің тапсырмасымен ол үйлердің тұрғындарының күзге дейін жаңа баспана салып алулары үшін облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен құрылыс материалдары сатып әперілетін болады.

Ақжар ауылының клубында өткен кездесуде ауылдықтар өңір басшысына көкейтесті мәселелерін жеткізді. Ақжарлықтар жолдың азабын тартатындарын айтты. Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының денсаулықтарын тексеретін арнайы автопойыз келіп тұрса деген тілектерін де жеткізді.

Бердібек Сапарбаев Саралжын ауылдық округінде орналасқан асылтұқымды етті ақбас сиыр өсірумен айналысатын «Байсейіт» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Ойыл ауылындағы аудандық аурухана мен Ж.Жүсіпәлиев атындағы орта мектепті аралады.

Шалғай ауданның шаруасы бірқалыпты жүріп жатыр дегенмен, Сапарбаев әлде де мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігін пайдаланып, тұрғындардың қынулы тірлік етуін қалайтындығын білдірді. Бұл ретте аудан басшылығына, жергілікті әкімдерге қатты талап қойды.

— Ойылда оң өзгерістер болуы тиіс! — деді облыс басшысы, — ал ол ең алдымен атқарушы биліктің алымды жұмыс істеуіне тәуелді.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ