Бердібек Сапарбаев оқушыларға әкім болудың жолын айтып берді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сарыжар орта мектебінің ашылуына қатысты. Өңір басшысы балаларды білім алуға шақырып, әкім мен министр болудың жолын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылының оқушылары бұрын дәлізді кабинет етіп жасақтап, үш ауысымда білім алды. Жыл өткен сайын халық саны артып, таяуда 800 жер телімі пайдалануға берілді. Мектеп мәселесі екі жылда шешімін тауып, бүгін балалардың бір бөлігі жаңа мектепке қоныс аударды.
«Ескі мектепте 1 мыңға жуық бала білім алды. Әрі мектеп жанында балаларға арналған шағын орталық бар. Мектеп автобусы ауыл ішін аралап, шалғай тұратын оқушыларды тасымалдады. Орын тапшылығынан дәліздер жабылып, сыныптарға берілді. Мұғалімдер бөлмесі болмады. Енді бұл мәселелер артта қалып, жаңа мектеп үшауысымды мектеп мәселесін шешіп отыр»,- деді Сарыжар орта мектебінің директоры Әділбек Тәжібай.
Жаңа мектеп алғашқы жылдары бір ауысымда жұмыс істейді. Барлығы 350 оқушы жаңа мектепке көшірілмек.
«Ескі мектепте жүргенде кешкі сағат 7:20-да сабақтан шығатын едік. Мектебіміз алыс болды. Ал жаңа мектепте мәжіліс залы ерекше, әр пәннің өз кабинеті бар. Біз мұндай жағдайды бұрын көрмедік»,- дейді 8 сынып оқушысы Нұржау Балтабаев.
Жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. 9 айда құрылыс жұмысы аяқталып, пәндік кабинеттер жаңа құрал-жабдықпен түгел қамтылды. Мұнда автономды жылу қазандығы бар. Жаңа ғимаратқа көшкен оқушыларды құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оларға білімді адам ғана үлкен биіктерді бағындыратынын жеткізді.
«Балалар достарынан, құрбы-құрдастарынан қалып қоймай, заман талабына сай білім алуы керек. Ата-ана «мектепте мұғалім бар, оқытады» деп баласына немқұрайлы қарамауы тиіс. Қазіргі заманда білімің болмаса, жан-жақты дамымасаң өмің сүруің қиын болады. Балалар, көп оқу қажет. Телефонға көп қарамай, газет, кітап оқыған дұрыс. Кейінгі жылдары балалар шығарма, мазмұндаманы ғаламтордан көшіруге әуес. Ол кезде адам ойланбайды, бәрін дайын күйінде пайдаланады. Балалар жақсы білім алсын деген тілекпен мектептер салынып жатыр. Уақыт тез өтеді. Егер жоғары оқу орнына түсе алмаса, біреудің үйін тазалап, малын бағып, көлігін айтып жүресіңдер. Ал жақсы оқыған бала әкім, министр, ғалым бола алады. Сондықтан оқыңдар, оқысаңдар бәрі болады»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында үш ауысымда білім беретін 24 орта мектеп бар. 2017 жылы 31 мектептің құрылысы жүріп, оның 11-і пайдалануға берілді. Екі аптада тағы 4 мектеп іске қосылады. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, өңірде қабырғасы ағаштан тұрғызылған 16, қамыстан салынған 5 мектеп бар. Саман кірпіштен қаланғаны — 34.