Бердібек Сапарбаев ҚызПУ студенттеріне алғыс білдірді

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы елдімекендерде «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті ұлт өкілдері арасында қазақ, ағылшын тілдерін оқытуға атсалысқаны үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚызПУ-дың баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Сонымен қатар аймақ басшысы оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергеноваға да қолдауы үшін ризашылығын жеткізген.

«Сіз басқарып отырған жоғары оқу орнының мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі – білім беру, тіл, жастар саясатына қосып жатқан үлесін бағалай келе, жұмыстарыңызға сәттілік, шығармашылық табыстар тілеймін», – делінген жеделхатта.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Қыздар университетінің қызметкерлері Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында кәсіби бағдар жұмысын жүргізген болатын. Шара барысында жергілікті мектеп және орта арнаулы білім беру мекемелерін бітірген түлектерге педагогикалық оқу орны туралы жан-жақты ақпараттық-танымдық тұрғыдан мәлімет берілді. Сонымен қатар аталған елдімекенде «Тілдер саябағы» жазғы лагері ашылды.

– Бүгінде лагерде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалармен қатар ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғындарына Назарбаев Университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді, – деп атап өтті Жандар Асан.