Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарымен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары барысында мектеп, аурухана, мәдениет үйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерге назар аударып, өңірдің одан әрі дамуына қатысты жоспарларға көңіл бөлді.
Алдымен Құмарық ауылындағы Болтай Батыр атындағы мектепке ат басын бұрған аймақ басшысына ауданның білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардан жайы баяндалды. Аудандағы 39 мектепте барлығы 19,5 мың оқушы білім алуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін олардың барлығы санитарлық тораптармен қамтамасыз етілмек. Алайда, өңірдегі мектептердегі 700 орынның тапшылығы басты мәселелердің біріне айналып отыр.
Педагогтармен еркін диалог барысында облыс әкімі мемлекет тарапынан ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәртебесін көтеру, жалақыларын арттыру бойынша барлық тиісті шаралар атқарылып жатқандығын айта келе, соған сай білім сапасын арттыруға да аса ден қойылу керектігін айрықша атап өтті.
Аталған ауылдың Мәдениет үйінде құмарықтықтармен жүздескен Бердібек Сапарбаев моральдік-адамгершілік тәрбие тұрғысындағы жұмыстарды күшейту керектігін баса айтты. Сондай-ақ, аудандағы алты елді мекенде жаңа Мәдениет нысандары салынатынын, төртеуіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Аймақ басшысы жергілікті жұртшылықты Абай, Әл-Фараби, Алтын Орда, Ұлы Жеңістің маңызды даталарын өз деңгейінде атап өтуге барынша атсалысуға шақырды.
Құмарық ауылдық округі облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына енген 11 округтің бірі болып табылады. Онда бүгінгі таңда кооператив құрылып, қажетті техникалар сатып алынған. Шаруалар 250 миллион теңгеден астам қаржыға мал алып үлгерген. Бұл жобаға аталған округке қарасты Құмарық, Қаракемер және Алғабас ауыл тұрғындары қатысуда.
«Бұл жоба аясында белсенді еңбек етулеріңіз керек. Сіздердің еңбектеріңіздің жемісті болуы аталған қанатқақты жобаның тек облыс қана емес, республикаға да кеңінен таралуына мүмкіндік бермек. Бұл өз тұрмыстарыңызды тіктеуге үлкен көмек», — деп атап өтті аймақ басшысы.
Кездесуде шопан Жандос Жабықов жайылымның жоқтығына шағымданып, жерді алып алып, пайдаланбайтындардың мәселесін көтерді.
«Жерді тиімді пайдалану керек. Аудан, ауыл әкімдері әрбір сотттық жердің есебін жүргізуі тиіс. Егер жер пайдаланусыз жатса, біз оны алып, басқа шаруаға береміз. Жер мемлекетке тиесілі және халық үшін жұмыс істеуі керек», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жиында Қаракемер ауылында балабақша салу мәселесі көтерілді. «Бекзат» шаруа қожалығының басшысы Әлдібек Әміреев бұл мәселені өз мойнына алып, мектепке дейінгі мекеме салу жұмысы осы көктемде басталатынын мәлімдеді.
Облыс әкімі Құлан жоғары агротехникалық колледжінің директоры Саясат Есеев орта-арнайы білім беруді дамыту қиындықтарымен бөлісті. Мұнда тоғыз мамандық бойынша 639 студент білім алуда, негізгі бағыттар – агрономия және ветеринария. Өз жатақханасы бар, жергілікті шаруа қожалықтарынан арнайы шәкіртақы тағайындалған, олармен тәжірибе өтуге келісім-шарттар жасалған. С. Есеев өңір басшысына тігін және аспаздық іс сияқты бағыттарды дамыту үшін қолдау көрсетуді сұрады. Ауданда осы мамандықтарды меңгергісі келетін қыздар көп.
Рысқұлов ауданы көптеген қазақстандық чемпиондардың, соның ішінде Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов және т.б. спорт саңлақтарының туған топырағы екені белгілі. Бұл ел мақтаныштарының фотосуреттері Құлан ауылындағы жаңа спорт сарайының қабырғасына ілінген.
Жалпы ауданның жаппай спортпен қамтылу деңгейі 30,7 пайызды құрайды. Кешен залдары күндіз де, кешке де бос тұрмайды.
«Жастардың бос уақытын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек», — деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Аудандық білім бөліміне қарасты «Балапан» бөбекжай-бақшасы ең үздік мектепке дейінгі мекемелердің бірі болып табылады. Ал ауданның ең үздік мектебі – 1600 бала оқитын Әлихан Бөкейханов атындағы оқу орны. Оқытушылар құрамының біліктілігі түлектердің жоғары оқу орындарына түсу кезінде жақса нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беруде.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың жаңа «Арай»алқабында жаңа мектеп салу туралы ұсынысына Бердібек Сапарбаев жауап беріп, бұл бойынша демографиялық жағдайды және білім беру процесінің сапасын ескере отырып, жан-жақты талдауды талап ететінін айтты.
Өңірдегі негізгі проблемалардың бірі ауыз су мәселесі болып отыр. Оған аймақ басшысы Құлан ауылындағы су тарту құрылыстарының басына барған кезде көз жеткізді. 2003 жылғы жер сілкінісінен кейін резервуарлар жарылып, содан бері іркіліспен жұмыс істеуде. Құны 434 миллион теңге тұратын сорғы құрылғы станциясы мен резервуарларды қайта жаңғырту жобасы ағымдағы жылы іске асырыла бастайды.
Сондай-ақ, айта кетейік аудандық орталық аурухананың жеті бөлімінде барлығы 107 төсек-орны бар. Емдеу мекемесіне өткен жылы 169 миллион теңгеге құрал — жабдықтар сатып алынған. Қазіргі таңда, онда кардиолог, отоларинголог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерінің орындары бос. МӘМС жүйесіне 734 адам енбеген десек, бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғасын табуда.
«Келушілерді тиісті қолайлы емдеу жағдайларымен толық қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасалу қажет. Емделушілермен қарым-қатынаста дәрігерлер мейірімділік пен сыпайылыққа аса көңіл бөлу керек», — деді Б. Сапарбаев.
Жұмыс сапары соңында аудан орталығының Мәдениет үйінде аудан активіен кездесу өтті. Кездесу барысында облыс әкімі сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті.
«Сіздердің аудандарыңыз өте тиімді аймақта орналасқан. Мұнда халықаралық трассалар кесіп өтеді. Тұрғындар логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану, шағын бизнесті дамыту, жылыжайлар салу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда белсенділік таныту қажет. Мен ауылда жұмыс жоқ дегенге келіспеймін. Еңбек еткісі келмейтін адам себеп іздейді, ал жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік іздейді», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.