Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын абаттандыру жұмыстарымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Тараз қаласын аралап, саябақтар мен скверлердің, демалыс орындарының жай-күйіне қанықты. Әкім облыс орталығын абаттандыру бойынша жоспарлы жобаларға назар аударды.

Алдымен өңір басшысы «Жас түлек» скверін абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Мұнда алдағы уақытта қайта жаңғыртудан соң «Денсаулық» саябағы құрылмақ. Бердібек Сапарбаев қала әкімдігіне облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жасыл желектерді отырғызу, жарықтандыру, қоғамдық дәретханаларды жайластыру және жалпы қала тұрғындарының демалуына барынша қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Аймақ басшысы «Зербұлақ» демалыс аймағына да арнайы барды. Бұл көлдің тараздықтар көптеп жиналатын бірден-бір демалыс орны болуға мүмкіншілігі жетеді. Дегенмен, ол үшін алдымен түбін тазалап, жағалауын нығайтып, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату қажет. Оған инвесторлар мен тәжірибелі мамандарды тарту — маңызды міндет.

Сондай-ақ, биыл «Май» тоғайын қайта жаңарту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Аймақ басшысы саябақ аумағындағы мүгедектігі бар азаматтарды оңалтумен және жұмысқа орналастырумен айналысатын, күндізгі стационарлы «Асар» қоғамдық бірлестігінің ғимаратына атбасын бұрды. Мекеме басшысы Руслан Төлегеновтің айтуынша, мекемеде бүгінгі таңда 37 адам, оның ішінде 30 мүгедек еңбек етуде.

«Біз міндетті түрде сіздерге жайлы орынға көшуге және орнығуға көмектесеміз. Мекеменің мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін оңалту бағытындағы қызметтерін кеңейту қажет», — деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар салт аттылар клубының жұмысы, иппотерапия сеанстары жалғасын табады. Бұдан бөлек, психоневрологиялық және тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар науқастарды оңалту үшін тиісті жағдай жасалады.

 Жамбыл облысы әкімінің

баспасөз қызметі.