БЕРЕКЕ БАСТАУЫ — БІРЛІК

Аудан халқы өзінің мызғымас достығымен, тату бірлігімен қарқынды еңбек етіп келеді.
Ауданда 30-дан аса этнос өкілдері тұрады. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуына өз үлестерін қосуда. Аудан халқының 93,3 пайызын қазақтар, 6,7 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Ауданда 7 этно-мәдени орталықтар жұмыс істейді.
Жалпы, Жамбыл облысында этнос өкілдері көп шоғырланған 25 елді мекен болса, соның бірі — Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды ауылы. Бұл ауылда қазіргі таңда 305 күрді ұлтының өкілдері тұрады.
Ауданда өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін, дәстүрін жаңғырту мен сақтауда бірқатар шаралар атқарылып келеді.
Бүгін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, аудандағы этно-мәдени орталықтың жетекшілерімен кездесу өтті.
Аталған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов арнайы қатысып, этно-мәдени орталық жетекшілерін алдағы келе жатқан мерекемен құттықтады.
Этно-мәдени орталықтардың өкілдеріне аудан өміріне, аудандағы қоғамдық -мәдени шараларға белсене араласып, берекелі тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқандығына алғысын білдіріп, халқымыздың татулығы мен бірлігінің нығая беруін тіледі.
Шара барысында этно-мәдени орталықтардың жетекшілері сөз алып, үнемі қолдау білдіріп келе жатқан аудан басшыларына ризашылығын жеткізді.
Кездесуге қатысушыларға өздерінің дайындап келген мерекелік бағдарламаларын, көрме және ұлттық тағамдарын ұсынды.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, орталық жетекшілеріне сый-сияпаттар жасалынды.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі