Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: «АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ»
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жайы туралы әңгімеледі деп хабарлайды «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі.
«Біз жұмысты мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешімдерді қабылдау жүйесі мен олардың орындалу жауапкершілігіне қатысты өзгерістерден бастауымыз керек. Өйткені, күрделі жайттардың барлығы басқару механизмінің тиімділігіне байланысты», – деді өз пікірін білдірген Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Оның айтуынша, Жолдауға сәйкес, биылғы жылы Ұлытау ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Жұмыспен қамудың жол картасы» бағдарламасы аясында 18 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Даму жобасы шеңберінде үш жоба қолға алынып отыр. Бұлар – Қарсақбай кентіндегі 100 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Жезді кентіндегі 100 адамға арналған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы. Сонымен қатар, аудан орталығында кәріздік тазалау желісі қондырғысының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Білім беру саласында – үш жоба, мәдениет саласында – төрт жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары саласында сегіз жоба тиянақталды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 522 жұмыс орны құрылып, жұмыссыз адамдар, оның ішінде, жұмыспен қамту орталығы арқылы 260 адам еңбекпен қамтылды. Бүгінгі күні «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасы» базасында жоспарланған 522 жұмыс орнының 275-і құрылып, оның ішінде, 142 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Мердігерлер тарапынан 142 еңбек шарты түзіліп, қолданысқа енгізілді.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында аудандағы мектептер мен мәдениет үйлеріне түгелдей дерлік күрделі жөндеу жүргізілді. Алғабас ауылында орта мектептің жаңа ғимараты оқушылар игілігіне берілді.
«Мемлекет басшысының Жолдауында аталып өтілгендей, биылғы жылы өңірдің өркендеуіне барлық күш-жігерімізді бағыттайтын боламыз. Біз ауданның келешекте кемелдене түсуі жолында жұмыла жұмыс жүргізуге әзірміз. Еліміз, жеріміз, аудан мен ауылдарымыз көркейе берсін!» – деді әкім.
(Ақпарат агенттігі жарияланымынан тәржімаланып ұсынылды)
Берік Әбдіғалиұлының фейсбук парақшасынан