БЕРІК АСЫЛОВ: ҚАҢТАРДАҒЫ ТӨҢКЕРІС ӘРЕКЕТІ БІР ЖЫЛ БОЙЫ ДАЙЫНДАЛҒАН

Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріске оқталу әрекеті болды. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов осындай пайым айтты.

«Сөзіңіздің басында бүгін қолымызда толық мәліметтер бар дедіңіз. Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды ма, жоқ па? Егер мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалған болса, оны ұйымдастырушылар кім?», — деп сұрады Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов Бас прокурордан.

Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті болғанын растады.

«Мемлекет төңкерісі бойынша, бұл өте күрделі де оңай емес сұрақ. Мұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекет төңкерісін жасауға оқталу болды. Оны тергеу толығымен көрсетті. Қазіргі кезде бүкіл құжаттардың бәрін тексеріп, қарастырып жатырмыз. Төңкеріске оқталу алдын ала дайындалып, жоспарланған. Баяндамамда айтып кеткендей, бір жыл бұрын дайындалу кезеңдері болған.

Атап айтқанда, бұлардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері де болған. Діни экстремистер де болды, бұрын сотты болған адамдар да, «ДВК» жақтаушылары да болған. Олардың әрекеттерінен, жаңа айтып өткенімдей, 8 қалада 71 ғимарат өртеніп, бұзылған. Ол қылмыстың бәрі ұйымдастырушылардың себепкерлігімен болып отыр», — деді ол.

Сондай-ақ, Бас прокурор Мәсімовтің ісі сотта да құпия тәртіпте қаралып жатқанын еске салды.

«Ал ұйымдастуршыларға келсек, баяндамамда өздеріңізге айттым. Біріншіден, мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол қазіргі кезде сотқа жолданды. Іс, әрине, жабық және аса құпия тәртіпте сотта қаралуда.

Екіншіден, осыған қоса, бүгін жаппай тәртіпсіздіктің 18 ұйымдастырушысы анықталды. Жаңа ғана айтып өткендей, Қызылорда да, Алматыда да, Жамбыл облысында да сол ұйымдастырушылар арқылы көптеген мекемелер бұзылып, көптеген қылмыстар жасалды. Оның ішінде, әсіресе, Жұмагелдиевтің айрықша рөлі болды. Одан басқа діни-экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Нұрпейіс пен Тілеужанов Алматы әуежайын басып та алған. Басқа мемлекеттік органдардың 71 ғимараты талқандалды. Осының бәріне нұсқау беріп отырған, әрине, жаңағы басшылар деп сіздерге толық айта аламын», — деді Берік Асылов.