Берік Дүйсембинов: Ғасыр құрылысы «Шар – Өскемен темір жолы» неге тоқтап тұр?
Жалпы құны 360 миллион АҚШ долларын құрап, оның ішінде, 200 млн. доллар – зейнетақы қорларынан, 80 млн. доллар ұлттық компаниялар мен бюджеттен, 4 млн. доллар жеке компаниялар тарапынан қаржыландырылып, ғасыр құрылысына баланған «Шар – Өскемен темір жолы» неге тоқтап тұр? – бұл туралы бүгін Премьер-Министр
Б. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсембинов мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, осы жаңа жолдың арқасында Шығыс өңірінен Астанаға сапар шеккен азаматтарымыз Ресейдің Локоть станциясы арқылы өтетін айналма жолдың азабынан құтылып, жол уақыты 27 сағаттан 17 сағатқа қысқарып, жүк тасымалы да жылдамдап, арзандай түскен еді. Жалпы, бұл жаңалықты халық қуанышпен қабылдап,оң резонанс тудырған болатын.
«Алайда, бұл қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Міне, бір жыл бұрын Астанадан Өскеменге қатынайтын поезд бұл қысқа жолмен жүруді тоқтатып, Ресей арқылы қатынайтын ескі жолға түсті. Бұл – еліміздің шығысында тұратын азаматтарымызды өз үйіне оралу үшін екі рет кеден тексеруінен өтіп, 150 шақырымдық жолға 12 сағат уақытын шығындауға, қақаған қыста таксиге отырып, қосымша шығын шығарып, басын қауіпке тігуге мәжбүр етуде.
Кешелі бүгін төтенше жағдайлар комитетінен осы автожол бағытында жүздеген автокөліктер боранда жолда қалып, 300 ден аса азаматтарымызды құтқару шараларының өтіп жатқаны туралы ақпараттар келіп түсуде. Оның үстіне екі ортаға жарыса шапқылаған таксилердің онсыз да қанды көлік апатының статистикасын көбейтіп отырғаны сөзсіз.Өткен 2018 жылы Семей Өскемен арасындағы тас жолда 20 ға жуық көлік апаты орын алып,5адам көз жұмса, 20 дан аса адам дене жарақатын алған», — деп айтылған сауалда.
Осы орайда, Берік Дүйсембинов: «Сонда халықтың қазынасына қаржыландырылған қысқа да қауіпсіз бұл темір жол жұртты әуре-сарсаңға салып, қаңғыту үшін салынды ма?!», — «Үкімет осы мәселеден хабардар ма, хабардар болса, осы мәселені шешуге қандай шаралар қарастыруда?» — деген сауалын Үкіметке жолдады.
Депутаттық сауалдың толық мәтіні төменде келтірілген.
ҚР Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Елбасы: «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында, — Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара. Жол – өмірдің өзегі, қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен тығыз байланысу керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы – Елорданың рухын тарататын өмір тамырға айналуы тиіс», — деп, атап өткен болатын.
«Теміржол – өмір жолы» деп бекер айтылмаса керек. Расында да, ата-бабадан қалған ұланғайыр жеріміздің түкпір-түкпірінен Елордаға ағылатын халықтың жылдам да жайлы келіп-кетуі үшін қолжетімді теміржолдың маңызы өте зор.
Өздеріңізге белгілі, 2008 жылы Қазақстандағы алғашқы концессиялық негізде салынған инфроқұрылымдық жобалардың бірі ретінде, ұзындығы 150 шақырымдық Шар – Өскемен теміржол желісі пайдаланылуға берілді.
Ашық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, ғасыр құрылысына баланған бұл жобаның жалпы құны 360 млн. АҚШ долларын құрап, оның ішінде, 200 млн. доллар – зейнетақы қорларынан, 80 млн. доллар ұлттық компаниялар мен бюджеттен, 4 млн. доллар жеке компаниялар тарапынан қаржыландырылған.
Осы жаңа жолдың арқасында Шығыс өңірінен Астанаға сапар шеккен азаматтарымыз Ресейдің Локоть станциясы арқылы өтетін айналма жолдың азабынан құтылып, жол уақыты 27 сағаттан 17 сағатқа қысқарып, жүк тасымалы да жылдамдап, арзандай түскен еді. Жалпы, бұл жаңалықты халық қуанышпен қабылдап,оң резонанс тудырған болатын.
Алайда, бұл қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Міне, бір жыл бұрын Астанадан Өскеменге қатынайтын поезд бұл қысқа жолмен жүруді тоқтатып, Ресей арқылы қатынайтын ескі жолға түсті. Бұл – еліміздің шығысында тұратын азаматтарымызды өз үйіне оралу үшін екі рет кеден тексеруінен өтіп, 150 шақырымдық жолға 12 сағат уақытын шығындауға, қақаған қыста таксиге отырып, қосымша шығын шығарып, басын қауіпке тігуге мәжбүр етуде.Кешелі бүгін төтенше жағдайлар комитетінен осы автожол бағытында жүздеген автокөліктер боранда жолда қалып, 300 ден аса азаматтарымызды құтқару шараларының өтіп жатқаны туралы ақпараттар келіп түсуде. Оның үстіне екі ортаға жарыса шапқылаған таксилердің онсыз да қанды көлік апатының статистикасын көбейтіп отырғаны сөзсіз.Өткен 2018 жылы Семей Өскемен арасындағы тас жолда 20 ға жуық көлік апаты орын алып,5адам көз жұмса, 20 дан аса адам дене жарақатын алған.
Сонда халықтың қазынасына қаржыландырылған қысқа да қауіпсіз бұл темір жол жұртты әуре-сарсаңға салып, қаңғыту үшін салынды ма?!
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Осы орайда, мына сұрақтарға жауап берулеріңізді сұраймыз:
- Неге Астанадан Өскеменге қатынайтын поезд Шар –Өскемен төте жол желісімен жүруін тоқтатты?
- Үкімет осы мәселеден хабардар ма, хабардар болса, осы мәселені шешуге қандай шаралар қарастыруда?
Құрметтен,
«Ақ жол» ҚДП
Парламенттік фракциясының депутаттары
23 қаңтар 2019 жыл, «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі