Берік Уәли: Алаш арыстары жеңілген жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алаш арыстары Алашорда үкіметін құру жолында тарихи жеңілсе де, рухани жеңіліске ұшыраған жоқ. Белгілі журналист, алашшыл азамат Берік Уәли бізге берген сұхбатында осылай деді.
31 мамыр – елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл – ел тарихындағы ең ақтаңдақ оқиғаны тарих жадынан, ұлттың санасынан өшірмеуге арналған бірден-бір дата. Осы бір қызыл империяның қызыл қанмен жазған ұлт тарихы хақында Алаш мұрасы мен рухани еңбектерін жалғап келе жатқан білікті журналисті сөзге тартқан едік.
— Сіз Алаштану саласымен айналысып жүрген алаш рухты саясаткерсіз. Алаш қозғалысының саяси философиясының өзегі не?
— Алаш қозғалысы саяси партия ретінде тарих сахнасына 1917 жылы шыққанымен оның бастауын ХІХ ғасыр соңындағы Ресей қалаларына білім іздеп барған алғашқы қазақ жастарының студенттік ұйымдарынан қарастыру керек. Өйткені Әлихан Бөкейханның саяси тұлғасы осы ұйымдарда қалыптаса бастады.
Ал енді «Алаш қозғалысының саяси философиясының өзегі не?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл күрделі дүние. Себебі мұның тамыры тым тереңде. Абылай ханның ерлік дәуірінің дабылы басылмай жатып, қазақ рыцарлық рухы Кенесарының тұсында үлкен жеңіліске ұшырады. Бұл жеңіліс қазақ ой ағымына қатты әсер етті. Заманның ойшылдары бұл жеңілістің себебіне үңіліп, қайғының шүңетіне батты. Соның айғағындай «Зар заман» ақындары әдеби сахнаға шықты. Бірақ қазақ рухы оған да қанағаттанбады. Ұлттың ұлы қасіретінен туған сол ізденіс, үздіксіз талпынып, тынымсыз шарқ ұрумен болды. Ақыры тұтас ұлттың сол толғағы өмірге Абай ойын, Абай философиясын әкелді. Алаш қозғалысының түп-негізінде Кенесарының «Абылайдың кезіндегі қалпымызға қайта жету» және «Жетім елді қорқауға жем қылмау» рухы мен Абайдың «дүниенің кілті білімде» философиясының ғажап синтезі жатыр. Алаш арыстарының Шоқан, Ыбырай, Кересары, Абай, Ахметті өздеріне үлгі тұтуының мәнісі осында. Мұны Сымағұл Сәдуақасұлының Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдығына жасаған атақты «Ахаңның алдында» баяндамасынан аңғаруға болады.
— Алаштану тақырыбында ғылыми диссертация жаздыңыз ба? Алаштану саласына қандай үлес қостым деп ойлайсыз?
— Біздің жұртшылықтың талғамына салсақ, филологиялық және тарихи ғылым тұрғысынан жасалған зерттеу ғана толыққанды дүние саналады. Бұл біздің ойлау жүйемізге байланысты болса керек.
Мен кәсіби журналистпін. Өз мамандығым негізінде алаштану саласына тиісті үлес қосқаным жөн деп санаймын. 2008 жылдан бастап «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубын құрдым. Сол жерде Алаш қозғалысының тарихына байланысты көптеген мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ, 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 20 және Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына орай «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм түсірдік.
Шымкент қаласында қызмет ектенде (2012 жыл) Алашорда үкіметінің 95 жылдығына орай «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырдық. Кейін Астанада Тәуелсіздіктің 25 және Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай «Алаш айтқан асыл сөз» деген кітапты (2016 жыл) оқырманға ұсындық.
Артымыздан ерген алашшыл азаматтармен бірге «Беймәлім алаш» деректі фильмдер циклін түсіріп келеміз. 2017 жылдан бері 9 бөлімі түсірілді. Әлі де жалғастырамыз деген ойдамыз.
«Алаш айтқан асыл сөз» еңбегінің жалғасы ретінде Алаш тарихындағы елеулі даталарды топтастырған «Алаш жылнамасы» атты еңбек, Алла амандық берсе, жақын уақытта баспадан шығып, қолдарыңызға тиіп қалады деген сенімдемін.
Осының барлығы да біздің Алаш арыстарының әруағы алдындағы перзенттік парызымыз деп ойлаймын.
— Алаш қозғалысы қаншалықты пассионарлы болғанына қарамастан, жеңіліске ұшырады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
— Бұл жалғыз Алаш қозғалысының жеңілісі емес. Коммунизмнен сол кезде күллі әлем жеңілді. Коммунистер әлемнің алтыдан бірін алып жатқан алып империя құрды. Ұлттық демократиялық мемлекет құрғысы келген көптеген елдер осы жыртқыш державаның табанында қалды. Тіпті, орыстардың интеллигент элитасы да жеңілді, мұны бір деңіз, екіншісі — заманынан озып туған алаш боздақтарының арман-мұратын бірге орындауға қазақ халқы дайын болмай шықты. Халел Досмұхаммедұлының «Нашар жұртпыз ғой, 100 мың әскеріміз болғанда…» деп жылайтыны сондықтан. Дайын болмау жалғыз қазақ халқында ғана емес, сол кездегі патшалық Ресей құрамындағы күллі түркі жұртына ортақ қасірет еді. Сондықтан да Алаш қайраткерлері өзінен бұрынғы бірнеше буыннан қалған ауыр жүкті заман өздеріне жүктеген салмақпен қоса көтеруге мәжбүр болды. Әлихан Бөкейханның «Арқамыздағы жүкті жетер жеріне жеткізіп кетелік, келер ұрпаққа ауыр жүк қалдырмалық» дейтіні де сондықтан. Олар өздері «артық жүк көтерді» саяси күреспен қоса, ағарту жұмысын да атқарды. Сондай қиын заман болғанына қарамастан, Алаш арыстары өз міндетін атқарып кетті. Қазақтың Еуропалық үлгідегі мемлекетінің негізін қалады. Бірнеше буын зиялылар қалыптастырды, шекараны шегендеді. Тіпті Совет одағының өзі конституциясына Әлихан Бөкейхан қостырған баптың негізінде ыдырағанын ескерсек, Алаш қозғалысы жеңіліске ұшырады деп айтуға болмас еді. Ол идея әлі де өміршең. Сондықтан Алаш арыстары жеңілген жоқ.
— Алаш қозғалысының тұсындағы саяси элита мен қазіргі саяси элитаның басты айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
— Салыстыра алмаймыз. Олар қиын кезеңнің, отарлық дәуірдің, сондай-ақ Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер. Ал Тәуелсіздікке ие болу бар да, оны сақтап қалу бар. Қазіргі саяси элита сол қол жеткен тәуелсіздіктің қорғаушылары. Сондықтан да екі дәуірдің, екі заманның саяси қайраткерлерін салыстырудың керегі жоқ. Салыстырудан ұтарымыз да жоқ.
— Әңгімеңізге рахмет.
Фото: дереккөз