Бермесең әділ баға сынай берме
Әуелде ақиқаттан алыс тұра,
Ойыңды өзге оймен жарыстыра,
Талапты, талғамы бар адам болсаң,
Жетерсің сен шыңына салыстыра.
Тек қана өзімдікі жөн дей берме,
Басқаны түн, өзіңді күндей көрме,
Әркімнің өз ойы бар міндей берме.
Бас салып жөн-жосықсыз жүндей берме.
Бауырым сен емессің елді түзер,
Кемін айт, кемшілігін өзі тізер.
Сындарлы айтқан сөзің әділ болса,
Ойының жал-құйрығын өзі күзер.
Бермесең әділ баға сынай көрме,
Сезімнің ыңғайына құлай берме.
Мін тағып сала берсең қара күшке,
Беріш боп өкпе-нала қалады іште.
Ақиқат, әділетке ара түсте,
Бәрінде бояй берме қара түске.
Арасын ақ пен қара ажыратып,
Бөлшекте сен сыныңды ала түске.
Сыныңды айт, тек сыпыра жамандама,
Білгішсіп, ділмәрсініп амалдама.
Деңгейің сын айтуға жетпей жатса,
Ой айтқан біреу үшін алаңдама.
Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы