БЕС КҮН ЖАЛҒАН…

Бір балықшы өте бағалы алмаз (бриллиянт) тасын тауып алыпты. Алмазды алып қуанышпен зергердің алдына келіпті. Зергер алмазға ұзақ қарапты да, былай депті:

— Бұл тасыңыз өте бағалы. Мен барлық байлығымды жинап сізге берсемде мұның құнының жартысында өтей алмайды. Сізге берер кеңесім, жақсысы, əділ патшаның құзырына барыңыз.

Тек əділ патша ғана сіздің тасыңызға лайық баға мен байлық бере алады…
Балықшы алмазын құшақтап, əділ патшаның құзырына келіпті. Əділ патша жəне оның қазынашысы балықшының тасын ұзақ зерттеп болған соң, балықшыға былай депті:

— Келтірген алмазыңа баға жетпейді. Сондықтан біз мынадай бір шешімге келдік. Біз сенің ықтиярыңа үш сағат уақыт беріп, қазынаханамызды тапсырамыз.

Осы үш сағат ішінде қазынаханамыздан өзің қалағаныңша байлықты тасып алып кет. Біз разымыз. Үш сағаттан соң қазынаханамыздан шығарыласың…

Балықшы əділ патшаның үкіміне дəн риза болып, алғысын білдіреді. Қазынашы балықшының ықтиярына қазынаханасын үш сағатқа тапсырып, уақытты белгілеп, өзі шығып кетіпті.

Қазынаханадағы алтын-күміс, інжу-маржан, дүр — гауһарларды көрген балықшы есінен адасардай болыпты. Əлі уақыт бар… Екі сағат ішінде-ақ қаншама байлықтарды тасып кете аламын, біраз дем алып алайын, — деген оймен алтындардың үстіне жатып алып, қиялға беріліп кетіпті:

— Енді дүниедегі ең бай адамға айналдым… Жан-жағымда қызметкерлер желіп-жүгіріп қызметімді қылады. Бірнеше жас əйелдерге үйленемін. Бірнеше зəулім сарайларым болады… тағысын тағы…

сол секілді қиялдармен ғафлет басып, ұйықтап кетіпті. Бір кезде қазынашы балықшыны келіп оятып тұр екен:

— Оян! Тұр орныңнан. Уақытың бітті, қазынаханадан шығып кет!
Балықшы абдырап:

— О сорлы басым… Ғафлет ұйқысы басыпты ғой мені. Қазір, қазір… алтындарымды алып алайын,- депті.

Қазынашы:
— Қандай алтын? Сенің уақытың бітіп болды. Шық бұл жерден. Ешқандай алтын алмайсың!…
Балықшы:

— Бір уыс алтын алып алайыншы тым болмаса…
Қазынашы күліп:

— Бір уыс деп қояды… Бір дана алтын да ала алмайсың. Өзіңе берілген уақыт ішінде қалағаныңша алтын алуың керек еді. Енді жоқ. Кəне шық!- деген екен.

Балықшы бір алтынға да ие бола алмай қазынаханадан шығарылыпты…

Құрметті бауырым! Кім кінəлі?

Ақыл-иелеріне тұжырымдама:
Балықшы — сіз бен біз. Пенделер.
Əділ патша — Аллаһ Тағала.
Қазынахана — біз өмір сүріп тұрған фəни дүние.
Ондағы алтындармен байлықтар — Аллаһ үшін ғибадат жəне жақсы амалдар.

Үш сағат уақыт — бізге берілген қысқа ғұмыр.
Балықшының ғафлет ұйқысы — біздің дүниелік нəрселерге берілуіміз.
Қазынашы — өлім періштесі.

Уақыт бітіп қазынаханадан шығарылғаны — өміріміз аяқталып, бұл фəниді тəрк етіп, қабірге қойылуымыз.

Бір уыс алтынға жалыну — өлім періштесі келгенде пенденің сəждеге бас қойып, намаз оқуды сұрап жалбарынуы…

Құрметті бауырым!
Бұл дүниедегі қазынаханада ғафлет ұйқысында жатырсыз. Ояныңыз! Ояныңыз! Ояныңыз бауырым!

Қазынаханадан алыңыз сауап жəне Аллаға жағатын амалдарды (байлықты). Тасып алыңыз шынайы өміріңіз үшін. Қазір уақытыңыз бар, ал ертең қазынашы келіп оятқанда кеш болады.
Ояныңыз!!!

Алшын Бітімбайұлы парақшасынан.