БЕС ПАРЫЗ ЖАЙЛЫ ОДА

Жоқтан бар етіп жаратқан мені,
айтамын мадақ өзіңе, Алла.
Намазда тарқап көңілдің шері,
рахатқа бөлеп келесің, Алла!

Ораза тұтсам нығметіңе шөлдеп,
сауапқа сансыз бөледің, Алла.
Құдіретті бір күш жанымды жебеп,
құштар боп саған келемін, Алла!

Ырыздығыңа разы құлмын,
қажылығымды қабыл ет, Алла.
Болары анық таразы – күннің,
ізгі жандарға жақын ет, Алла.

Отбасым үшін зекетім қорған,
бәрі де маған аманат, Алла.
Дүние — мүлік сен үшін құрбан,
жүрегіме бер қанағат, Алла.

Пайғамбар жолы – сүннетті сүйем,
Құлшылығымды туралап.
Соңғы сөзімді қыла көр, Ием,
ЛӘ ИЛӘҺӘ ИЛЛӘ АЛЛАҺ!

ЖАЛҒАН ӨМІР

Құм сағаттай өтеді ағып ғұмырың,
дүниеге келсең – дағы құмартып.
Біреу өтер терең жайып тамырын,
біреу өтер бұл жалғанға кінә артып.

Қайда барсаң, Қорқыт көрі қазулы,
иманыңды жүрген дұрыс салмақтап.
Бөрі – нәпсі бас салғанда азулы,
кетпеу керек, көзді жұмып арды аттап.

Өзектіге өлім біреу, көп қырсық,
ізгі ойларың қалмасын тек жетілмей,
адам үшін жасау керек жақсылық,
және – дағы өлу үшін өкінбей.

ӨЛІМДІ ОЙЛАУ

Қандай ғажап ізет деген, сый деген,
жүрек те оған алып – ұшып билеген.
Шаттық жайған дастарханда отырып,
өлім жайлы ойлап қоям кейде мен.

Мақсат – кірпіш тіршілікке қаланған,
тарам – тарам, шықса – дағы жол алдан.
Өмір барда – өлім барын адамға,
шығармауға тырысамын санамнан.

Қыр басында жер – бесікке бөленген,
адамдардың жүрген жолын білем мен.
Пенделікке аяқ бассам – сол сәтте,
қыр басына қарап қоям түнерген.

Сурет көрнекілік үшін

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК