Бесеу Каспийді бөлуде текетіреске бармады
Президенттер Ақтауда өткен бесінші саммитте қандай келісімдерге келді?
Ақтауда Каспий маңы елдерінің 5-ші саммиті өтті. Қазақстан Републикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен жиынға Әзірбайжан, Иран, Ресей Федерациясы мен Түрікменстан Республикасының президенттері қатысты. Отырыста мемлекет басшылары ұсыныс пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті.
Тарихи сәт. Ақтауда «Каспий бестігінің» көшбасшылары бас-қосты. Негізгі себеп, Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті. Келелі кездесуге келген мемлекет басшыларын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды.
Алқалы жиынды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Каспий теңізінің құқық-тық мәртебесі, әріптестік байланысты нығайту және сыртқы саясаттағы ұстаным тақырыптарына мән берілді. Нұрсұлтан Назарбаев 5 елдің алдында тұрған басты міндеті — Каспийдің экожүйесін сақтауға баса назар аудару керектігін айтты.
— 12 тамыз — Каспий теңізінің күні. Бүгін тарихи шешімдер қабылданады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындап, тараптарға ортақ су айдынында ынтымақтастықты жандандыруымыз қажет. Көк айдынды дамытып, оның табиғи байлығын сақтауымыз керек. Атап айтқанда, Каспий экожүйесін сақтау бойынша жұмыста негізгі екпін бекіре тұқымдастарының гендік қорын қорғауға қойылуы тиіс. Бұл балықтың әлемдік деңгейдегі 90 пайызы — бізде. Соңғы 10 жылда балық саны он есеге азайған. Бұл тұрғыда осы мәселені назарға алуымыз керек,— деді Қазақстан Президенті.
Ал Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау халықаралық құқық принциптері мен нормаларына сәйкес мемлекеттер арасындағы теңізді бөлу процесін аяқтауға көмектесетінін мәлімдеді. Әзірбайжандық тарап көк айдында сауда-экономикалық байланысты нығайтып, кеме қатынасын дамытуды ұсынды.
— Әзірбайжан «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуда маңызды рөл атқарады. Біз бұл жобаға баса назар аударамыз. Былтыр Әзірбайжан аумағынан «Солтүстік — Оңтүстік» бағыты бойынша 1700 тонна жүк өткізілді. Ал жыл басынан бері 175 мың тонна жүк жөнелтілді. Бұл жүк айналымының бірнеше есе өскенінінің көрінісі, — дейді Әзірбайжан республикасының президенті Ильхам Әлиев.
Ресей президенті болса, қауіпсіздік, цифрлық экономика, туризм салаларын дамытуға шақырды.
— Біз елде круиздік кемелер салынуда, олар Каспий теңізі жағалауындағы барлық елдерге сапарлай алады. Менің ойымша, бұл бағыттағы шаралар 5 мемлекетті жақындатып, байланысты нықтайды. Қарым-қатынасты жақсарту мәселелері конвенцияда да қаралған. Жалпы, Каспийдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауымыз керек, — деді Ресей федерациясының президенті Владимир Путин.
Каспий бестігінің көздегені де осы. Көк айдындағы қауіпсіздік. Себебі, бес ел аман жұрты тыныш болса тараптар арасындағы байланыс одан әрі нығаяды. Отырыста Иран президенті мен Түрікменстан республикасының басшысы Каспийде экономика, көлік, экология салаларында ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды.
Түрікменстандық делегацияның ұсыны-сымен келесі саммит Түрікменстанда өтетін болып шешілді. Сондай-ақ мемлекет басшылары “Бесінші Каспий саммитін” жоғары деңгейде ұйымдастырған және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.
Шекараны шегедей еткен конвенция
Саммит аясында бес елдің Президенттері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Осылайша 20 жылдан астам уақыт түйіні шешілмей келген мәселеге нүкте қойылды.
— Конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп айтуға болады. Құжат теңіз жағалауындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне байланысты барлық мәселені шешуді көздейді. Әріптестерімді конвенцияға қол қойылумен және осы жерде қол жеткізген барлық келісімдердің басталуымен құттықтаймын, — деді Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал сарапшылардың айтуынша, жаңа келісім аясында әрбір тарап экономи-калық және геосаяси жағынан ұтпаса, ұтылмайды.
— Біріншіден, ол Қазақстанның ше-каралық мәселелерін толығымен реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, конвенция осы жылдар бойы басқа елдермен жасасқан екі жақты, үш жақты келісімдер нақтылап, кодификациялап, оны бір жүйелілік сипат береді. Екіншіден, жалпы Каспий теңізінің құқықтық статусын реттелуі ол аймақтағы экономикалық мүмкіндіктерді арттырады. Және бұл ретте атап айтқанда, Қазақстан Каспий теңізін ірі аймақтық транзиттік коридорға айналдыру бойынша өзінің жобаларын ары қарай жалғастыра алады, — дейді ҚР тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.
Сондай-ақ саммит барысында бес елдің ведомство басшылары үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Олар шекаралық ведомстволардың ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы, сауда-экономикалық байланыс, көлік саласы мен көк айдындағы жанжалдарды болдырмау, Каспий теңізінде лаңкестікпен және ұйымдасқан қылмыспен күресуге бағытталған. Бұл Каспий бестігі-нің бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашады.
Қабылданған құжаттар бойынша көр-шілес елдердің байланысы нығаймаса, кемімейді. Каспий бестігінің көздегені де осы.
Айман Нұрмағанбет