БЕСІК БАЛАҒЫНДАҒЬІ ЖЬІЛАН

Қырық-отыз құрым үй Жиектегі,
Қырқадағы орақта ниеттері.
Шешем бөлеп, ұйықтатып, бесігіммен,
Керегеге кетіпті сүйеп мені.
Кетіпті өзі жылғаға су алуға,
Сусап келер әкемді суаруға.
Әкем байғұс орақта болса керек,
Мұршасы жоқ күлуге, қуануға.
Есі-дертін екі ұлға кезек бөліп,
Кетсе керек әжем де тезек теріп,
Тойып алсам, томпиып жатады екем,
Шамалы екен шешемді мезі еткенім.
Жар салып, жасалмапты тойым анық,
Ағайын шабылмапты қойын алып,
Уыз емген бұзаудай жатсам керек,
Уызына шешемнін, тойып алып.
Тал бесігім қорғаныш болып маған,
Жатсам керек, сірә да, қорықпағам.
Қашан тірлік айналам дүние екен,
Құрымаған, немесе молықпаған.
Жатса, тұрса жармасып жерге үңіле,
Өз тірлігін күйттепті ел де міне.
Сірә, бір жан, білмеймін, қуанды ма?
Бір қазақтың өмірге келгеніне.
(Heгe керек куансын, қуанбасын!
Қазақ жұрты әйтеуір суалмасын!)
…Шешем менің жылғадан қайтсын үйге,
Асыл-ғұпыл, асығып су алғасын.
Асығыпты, ешнеге бұрылмапты,
Әлденеден жүрегі суылдапты.
Құлағына әлдекім сыбырлапты,
Әлдебіреу мен болып шырылдапты.
Үйге келсе,қаперсіз жатыр екем,
Шошырлықтай нәрсе жоқ заты бөтен.
Қайта бүркеп бесікті қойыпты да,
Қаннен-қапер қатерден қапыл екен.
Бірдеме деп, күбірлеп, ырымдапты.
Тіршілігін жалғапты, бұрылмапты;
Жүк үстінде, сол сәтте ала мысық,
Үдірейе, бесікке, бырылдапты.
Ине-мұрты шаншылып танауында,
Әлденені мысық тұр қарауылдап.
…Оралып қарашұбар жылан жатыр,
Бас жақта, тал бесіктің балағында.
Зәре-құт жоқ, анамда сұр қалмаған,
Қарсы алдында аждаһа сумаңдаған,
Бас бармақтай басында сағат тілі,
Өтті-кетті дегендей жылмаңдаған.
Құрым үйдің құбыжық есік-тері,
Дәрмені жоқ алмапты шешіп мені.
Әжем үйге кіргенде, үнсіз ғана,
Әбжыланды нұсқапты бесіктегі.
Әжем келіп жүзімді байқап көрген,
Тірі ме деп басымды шайқап көрген,
Сусып түсіп сумаңдап, шұбар тажал,
Ирелеңдеп, іргеге тайқап берген.
Қысып тұрып қысқышпен желкесінен,
Әжем оны алыпты жер төсінен.
Анама сүт әкел деп бұйырыпты,
Әңгімені доғарып келтесінен.
— Бұзықтың қамшысындай иректелген,
Бұзық ит, сені не cop сүйреп келген?!
Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайыңа,
Тажал неме бізге де үй деп келген.
Тұрыпты анам түсінбей мән-жайына,
Ысып-суып, зымырап, қан бойына.
Дұшпанды әжем есен-сау жолға сапты,
Ақ тамызып жауымның таңдайына.
— Өлтірмегін,көтерме құнын босқа,
Ол шаққан жоқ,жытуын, қуын, шошқа!
Ұйықта ботам.Өзің кеп тиіспесең.
Жылан деген төкпейді уын босқа.
Мен жатыппын есен-сау бесігімде,
Алда болып ажалым, несібім де.
Титтей-титтей қырық күн сығалапты.
Қырық жамау құрым үй тесігінде.
Әлде сақтап, періштем қақты ма екен
Әлде қорғап мысығым жатты ма екен
Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,
Менен келіп қорғаныш тапты ма екен?
Heгe менің үйіме төте кірді?!
Бесігіме неліктен көтерілді?!
Heгe мені шақпады?!
Сезді ме әлде?!
Мен өзіне жау емес екенімді.
Жақын болса жауым кеп, сүйінер ем,
Жауым болса жақыным, күйінер ем;
Кім екенін білмеймін, түсімде мен,
Қарашұбар жыланды жиі көрем.
Сақта мені салқын тау, жұпар далам;
Улы тістер бар шығар мұқалмаған…
Екінші рет, білмеймін не боларын,
Бірінші рет, әйтеуір, жұта алмаған…

Мұқағали Мақатаев!