Бесік қалай пайда болды?

Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра.
Аңызға сүйенсек, бесік алғаш рет Алтай мен Жетісу аймағында Айырқалпақ Айдахар бидің заманында пайда болған деседі. Айдахар бидің әкесі қазақтың дархан даласына ағаш егіп, орман отырғызған атақты Мизам Баб болған екен. Мизам баб 150 жыл өмір сүріп дала өркениетін өзінің бау-бақшасымен таң қалдырыпты. Алайда ол қайтыс болған соң, қызғанышпен қараған қытайлықтар орманды өртеп кетіпті. Бұл кезде Айдахар би алыс сапарда жүрген көрінеді. Әкесінен түсінде аян алған Айдахар би тез арада елге оралады. Нулы тоғайдың жапан далаға айналғанын көріп, қатты қапаланады. Қалған, ағаштарды сүйретіп, үйіне барады. Өмір жалғасып, Айдахар би үйленіп, өмірге сәбиі келеді. Алайда, нәресте іңгәлап жылағанын тоқтамайды. Тіпті, ең атақты емшілер де еш көмектесе алмапты. Кенеттен бала бірден жылағанын доғарады. Қараса, ақ шапан киген ақсақал Айдахар бидің әкесінен қалған ағаштарға сәбиді тербетіп, жұбатып отыр екен. Айдахар би жақындай бергенде, әлгі ақсақал көзден ғайып болыпты. Айдахар би баласына әкесінің орманына қалған ағаштан бесік жасап беріпті. Бесік көшпенді халықтың өмірінің ажырамас бөлігіне айналыпты. Бұл аңыздың түпнұсқасы «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында бар. Бесік – бала денсаулығына пайдалы Біріншіден, бесікте жатқан баланың қан-айналым жүйесі жақсы дамиды. Яғни, тербеліп өскен бала атпен шапқанда немесе көлікке мінгенде жүрегі айнып, лоқсымайтын болады. Екіншіден, бесікке жатқан баланың аяғы түзу, дене бітімі келісті болып өседі. Неге десеңіз, тартпа бау аяқ қолын байлап қысып, үнемі бір қалыпта ұстап тұрады. Дәл осы себептен, баланың аяқ-қолы жинақы, қимылы ширақ болып қалыптасады. Үшіншіден, бесікте шүмек және түбек деген гигиеналық құрылғылар бар. Осының арқасында баланың жамбасы құрғақ, денесі таза күйінде қалады. Төртіншіден шалқалап жатқан баланың бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады. Бесіншіден, бесіктің үстіндегі жабу баланы шыбын-шіркейлерден, ызғар жел мен күннің аптап ыстығынан, түрлі қауіп-қатерлерден сақтайды..