БИДАЙ ӘКЕЛУГЕ САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі тұқымдық бидайды қоспағанда, 2023 жылдың 10 сәуірінен бастап 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салған болатын. Сәуір айында Ауылшаруашылығы вице-министр Ербол Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте бірнеше жылда отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық импорты салдарынан шығынға ұшырағанын хабарлады. Салалық қауымдастықтардың мәліметтері бойынша, «сұр» импорт көлемі жылына 1,5-2 миллион тоннаға жетеді, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 миллион доллар мөлшерінде бағаланады.
Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мәселен, 2022 жылдың шілде айының басынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеген. Павлодар облысы, сондай-ақ Ресеймен шекаралас Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары заңсыз астықты қабылдау және транзит бойынша антилидерлер болып саналады. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей, шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде ресімделіп, транзиттік тариф төлеместен Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі.
Спикердің айтуынша, «Сұр импорттың» түсімін азайту үшін бидай импортын, ең алдымен ҚҚС төлемей, автомобиль көлігімен әкелуді шектеу шараларын қабылдау қажет болды. Бұл отандық бидайдың құнын төмендетеді және оған сұранысты азайтады.
Ал жуырда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысының шешімімен қатысушылар Қазақстанға бидай әкелуге тыйым салуды белгілі бір шектеулермен тағы 6 айға ұзарту туралы ортақ пікірге келді.
Шешім бидайды елімізге әкелудің және оны Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарынан автомобиль көлігімен реэкспорттаудың «сұр схемаларын» болдырмау мақсатында қабылданды. Бұл ретте отандық ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді тұқым материалымен қамтамасыз ету мақсатында тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етіледі. Бірақ бұл жағдайда партиялар тұқымның сапасы туралы куәлікпен қоса бірге жүруі керек.
Бұдан бөлек лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің, құс шаруашылығы кәсіпорындарының атына жеткізілімдерді қоспағанда, импорттық бидайды Қазақстан аумағына және теміржол көлігімен әкелу шектеледі. Автокөлікке тыйым салуды ұзарту және теміржол шектеулерін енгізу туралы бұйрықты Ауылшаруашылығы министрлігі әзірлейді.
Аяулым Жаманқара,Арай газеті