БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Бүгінде Билер кеңесі түйіткілді түйіннің аражігін ажырататын органның біріне айналып отыр. Өйткені елдің тыныштығы, отбасының берекесі қашанда өзекті және маңызды мәселелердің бірі. Кезінде ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін қазақ халқы жер дауы мен жесір дауын да ағайын арасында билердің айтуымен түйіндеген. Осы игі дәстүрді жалғастыру бүгінгі билердің – міндеті.
Кеше Ардагерлер үйінде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасарлары Нұрлан Несіпбеков, Махпал Досымбекованың қатысуымен жиын өтіп, онда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахыт Сырлыбаев билер кеңесінің атқарған жұмысына тоқталып өтті. Басқосуға ауылдық ардагерлер мен билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында сөз алған Бахыт Уәлиұлы аудандық билер кеңесінің төрағасы болып 2019 жылдан бері сайланған Рахымбек Жапаровты құрметті демалысқа шығуына орай, оның атқарған жұмысына ризашылығын жеткізді.
Рахымбек Керімқұлұлына аудан атқамінерлері зерлі шапан жауып, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Келесі кезекте аудандық билер кеңесінің мүшелері жаңа төрағаны сайлау үшін дауыс беріп, бірауыздан Батырбек Саршаевтің кандидатурасын қолдады. Жаңа төрағаның орынбасары болып, Жамбыл ауылдық билер кеңесінің төрағасы Рысбай Орынбаев сайланса, жауапты хатшылық Сәрсенбай Күзербаевқа жүктелді.
Жиында Рүстем Әлішұлы мен Нұрлан Күдербайұлы бітімгершілікке бастайтын билер кеңесінің жаңа құрамын құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Жамбыл ауданы әкімдігі