БІЛГЕНГЕ МАРЖАН…
Сөздің анасы – сәлемдесу. Сәлем беріп, сәлем алғанда жылы жүзбен көзге тіке қарап, шын пейілмен амандасқан абзал.
Еркек пен әйел қол беріп амандаспайды.
Көпшілік орында, дастархан басында кейін келген адам жағалай бәрімен қол беріп амандаспаған дұрыс. Бәріне ортақ «Ассалаумағалайкум» деп амандасса жетіп жатыр.
Дәретханада, моншада сәлем бермейді, сәлем алмайды. Бас изесіп қана сәлемдесу керек.
Енді мүшел жас туралы. Адам 24-ке, 36-ға, 48-ге, 60-қа, 72-ге толып, бір күн асқанда мүшелге кірген болып табылады. 25-ке, 37-ге, 49-ға, 61-ге, 73-ке толған күні мүшелден шығады.
Ер адам алтын сақина, алтын шынжыр, алтын жүзік (печатка), алтын сағат, алтын әшекей тақпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алтын мен жібекті ер адамға харам еткен. Некелік рәсімде ер адам алтын орнына күміс сақина тағуына болады.
Әйелдің күйеуінің алдында төрт міндеті болады. Бірінші күйеуінің абыройын қорғау, екінші күйеуінің ата-анасы мен туыстарын сыйлау, үшінші күйеуінің тапқанын ұқсату, төртінші балаларына имандылық тәрбиесін беру. Әйелге де үш тыйым бар: бірінші, күйеуінің рұқсатынсыз үйге бөтен еркек қондырмайды, екінші күйеуінің рұқсатынсыз жол жүрмейді, үшінші күйеуінің рұқсатынсыз үйдегі затты, бұйымды, құралды біреуге бермейді.
Шалбарды отырып киеді, суды түрегеп тұрмай отырып ішеді.
Мұсылман адам өз үйінде де жалаңаш жүрмейді.
Садақа бергенде мұсылманға оң қолмен, ал басқаларға сол қолмен береді. Берген садақаны ешкімге сөз етпейді. Жария етілсе сауабы жойылып кетеді.
Еркекте әкесінің елі – өз жұрты, шешесінің елі – нағашы жұрты, келіншегінің елі – қайын жұрт болады. Үш жұртының ішінде нағашы жұрт үлкен жұрт болғандықтан құрметпен қараған және тойда бірінші нағашыға сөз берген.
Ал әйелде әкесінің елі – төркін жұрты, анасының елі – нағашы жұрты, күйеуінің елі өз жұрты болады. Әйел адамнан елін (руын) сұрағанда бірінші күйеуінің елін айту міндетті.
Қаралы жиында әйел сөз бастамайды, әйелдер жерлеу рәсіміне қатыспайды, бейіт басына бармайды.
Абыз сөзі мұсылманша хафиз сөзінен шыққан. Құранды жатқа білетін адамды қари, жатқа біліп қана қоймай оны тәпсірлейтін (түсініктеме бере алатын) адамды хафиз (абыз) дейді. Абайдың өзін ешкім абыз деген емес. Абайды хакім (оқымысты) дейміз.
Аббас Камаладдин