Билік пен қоғам арасы алшақтап барады
Қазақстандық танымал саясаттанушы Расул Жұмалы «Жас Алаш» басылымына берген сұхбатында дәл осындай пікір білдірді. Ол:
«Біздің баспасөз саласы мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Саяси мәселелерді ашық айтуға түрлі шектеулер болғандықтан, елдегі ішкі-сыртқы оқиғалар ашық талқыланбайды. Сол себепті назар көбіне-көп сыртқы оқиғаларға аударылады. Қазіргі қоғамдық пікірдің белгілі бір оқиғаға қатысты реакциясы айқын емес. 2017 жылы жақсы-жаманды бірқатар оқиғалар болды.
Солардың бастылары — Халықаралық ЭКСПО көрмесінің өтуі, президенттің рухани жаңғыруға қатысты бастамасы. Осы оқиғалардың аясында біршама жақсы істер атқарылып жатыр. Мысалы, латын әліпбиіне көшу мәселесі біздің қоғамдық-саяси өмірімізге біршама серпін бергені анық. Дегенмен биылғы басты тарихи оқиғалардың бірі — Алашорда үкіметінің 100 жылдығы еді. Алаш үкіметі — ұлтты ұйыстыра білген маңызы зор тарихи құбылыс. Өкінішке қарай, біз осы идеяны жүзеге асыру жолдарын, амалдарын пайдалана алмадық. Қысқасы, Алаш тақырыбына қатысты ел есінде қалатындай шара өткізілмеді. Бүгінгі біздің жағдайымыз — ілгерілеу емес, тек күнкөрістің қамы ғана. Халық пен биліктің арасы бұрын да алшақ еді, қазір одан сайын алшақтай түсті.
Ат төбеліндей адамдар байыған үстіне байи түсуде, ал халық кедейленіп барады. 2015-2016 жылдармен салыстырғанда жағдай нашарлады. Ресми көрсеткіштер мен шынайы көрсеткіштердің арасы алшақтады»,— деп, қазіргі қоғамдағы жағдайға қатысты өз ойын білдірді.