Биліктегі жас кадрлар сенімді ақтап жүр ме?
Шетел саясаткерінің пікірі
Көрші айырқалпақтылар елінің белгілі саясаттанушысы Марс Сариевтің Қазақстан билігі жайлы пікірі көңіл аудартарлықтай. Ол: «Рас, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алысты көздеген жүйелі саясат жүргізді. Қазір билік саласында 30-45 жас аралығындағы отандық саясаткерлер өсіп шықты. Бұл трансформацмияның бәрі нәтижелі болды, өйткені олардың барлығы дерлік Ресей мен Батыс елдерінің жақсы мектебінен өтті. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, қазақ елінде өте сапалы әрі кәсіби іскерлігі жоғары білікті саясаткерлер құрамы бар деуге толық негіз бар. Сосын: «Жатқан тастың астынан су ақпайды», — дегендей, кадрларды тым жиі болмаса да, анда-санда жаңартып, ауыстырып тұрудан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Бұл — тиімді фактор. Өйткені Кеңес дәуірінде тәрбиеленген саясаткерлер қазіргі уақытта саясат сахнасында болып жатқан жаңа оқиғалардың дамуына ілесе алмайды, оған сай емес. Себебі олардың барлығы дерлік басқа жүйе мен параметрлерге бейімделген. Сондықтан жас саясаткерлер мен дағдарыстық менеджерлерді билікке тарту елге тиімді болмақ. Әлбетте, қазіргі билік сапында кезінде Кеңес дәуірінде тәрбиеленіп өскен мықты саясаткерлер әлі де бар, оларды жаппай ауыстыру жүріп жатқан жоқ. Бірақ бұл процесс Қазақстанда кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұны өз басым құптаймын. Біздегі жағдай Қазақстандағыдан нашарлау. Себебі кезінде ешкім де жас кадрларды тәрбиелеп өсірумен айналысуға құлық білдірмеді. Көрші елдегі сияқты бізде де жастарды шетелде оқыту бағдарламасы қолға алынды. Бірақ солардың көпшілігі шетелде қалып қойды, болмаса елдегі саяси жүйеде өз орындарын таба алмады, немесе екінші қатардағы қызметтерде жүр. Сол себепті бізде тізгінді кеңестік номенклатура ұстап отырғандықтан, тік бағыттағы билікті басқаруда шешімін таппаған өзекті мәселелер жетерлік. Қазақстанның қазіргі үкіметі құрамына кіретін мүшелердің жартысынан көбі билік орынтағында бір жылдан әрі отырмайды. (Мысалы, экс-министр Қуандық Бишімбаев сияқты). Жоғарыдағыдай қауесеттердің шығуына осы факторлар ықпал етері сөзсіз. Үкімет құрамының ауыстырылуына келсек, бұл елдің экономикасы мен өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан жаңғырту процестерімен байланысты. Бірақ Қазақстан Кеңестік жүйе түсінігі аясында қалып қойған, әсіресе саясат саласында. Сондықтан жас кадрлар мұндай қоскелбетті өмір шынайылығында жұмыс істей алмайды. Қысқасы, өздеріне жүктелген сенімді ақтай алмайды. Сондықтан да оларды ауыстыруға тура келеді. Дегенмен, қазіргі кадр құрамының болашағы зор, соған орай билік басындағылар тәжірибелер жасап, оларда көптеген қателіктерге ұрынғанына қарамастан, ізденістерін әрі қарай жалғастырып жатыр. Бұдан басқа жол да жоқ, өйткені жас кадрлар қазіргі жүйеге тез бейімделе алмай, одан өз орындарын таба алмауда. Бәрі қалыпқа түсуі үшін уақыт керек. Бізде де дәл сондай процесс жүру үстінде», — дейді. Саясаттанушы сөзінің жаны бар-ау осы.
Ермек Сахариев