Білікті тарихшы, білімді ұстаз
Өңірге танымал тарихшы, археолог, белгілі өлкетанушы, мәдениет саласының үздігі Сауран Қалиевтің еңбегі ерен.
Ол 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, «Тарих, археология және этнология» мамандығы бойынша білім алып, археология және этнология гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесіне жеткен.
Тарихшы ең алғаш еңбек жолын 1998 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Ол кейіннен яғни, 2001- 2009 жылдары тасын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістан өңірінде ашылған Қ.А.Яасауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің ғылыми қызметкері, 2009-2013 жылдары Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкері болып еңбек етті.
Сауран Қалиұлы 2013 жылдан бастап облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелерде маман, ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі және директордың орынбасары болып тер төкті. Ол 2019 жылдан бастап бүгінге дейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» мекемесінің директоры болып еңбек етіп келеді.
Расында да, саналы ғұмырын туған халқының тарихын, рухани құндылықтарымен қатар, мәдени мұраларын түгендеуге арнаған ғалым бүгінде жарты ғасырдың белесіне жетіп отыр. Мерейлі жастың мінберіне шығып отырған рухани ұстазымыздың Жетісу мен Түркістанның аралығында атқарған бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталмай кетуіміз ағаттық болар деген ниетпен ғалымның жеңісті әрі жемісті еңбектеріне аз-кем тоқталып кетуді өзіме шәкірттік парыз санаймын.
Сауран Қалиұлы Түркістан, Жетісу және Жамбыл облыстарында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде ерен еңбек етті. Әсіресе, республикалық «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы бойынша 2006 жылы ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасындағы қазба жұмыстары, 2009 жылы ортағасырлық Тамды қаласында жүргізген археологиялық зерттеулер, 2018 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданы, Теріс ауылының іргесінде IX-XII ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орнын анықтау, зерттеу жұмыстары Қазақстан тарихын дәйекті деректермен толықтыруда құнды еңбек болды.
«Көне Тараз» қаласының орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан кейін, ол жерден табылған көне жәдігерлерді зерттеп, тарихымызды түгендеуге, оны танытуға, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Қасиетті Қазақстан» 5 томдығын дайындауда елеулі үлесін қоса білді. Қазіргі уақытта да тарихшы-ғалым Сауран Қалиұлы өлке тарихын түгендеуде жаңа белестерді еңсеруде. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай құрылған көптомдық кітаптар шығару жұмысшы тобының жетекшісі ретінде облы с тарихын жинақтап, көп томдық еңбектердің баспадан шығуына зор үлес қосты.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.