БІЛІКТІ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Спортшылардың жетістігін сөз еткенде оларды бәйге атындай күтіп, баптап, кіл мықтының арасында озық шығуына сенім артқан, күш-жігерін қайрап, талабын шыңдаған, намысты қолдан бермеу басты ұран екенін айтып мақсатына қанат бітірген жаттықтырушылардың еңбегін елемеу мүмкін емес.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Мұрат Төлеген Нығметұлы жас болса да, бойына жоғары адами қасиетпен қоса мол тәжірибе жиған жаттықтырушы. Небәрі 30 жасында спортшы мақаламызға арқау болатындай не тындырды, салаға қандай еңбек сіңірді? Осы сауалдардың түйінін тарқатайық.
Төлеген Нығыметұлы бүгінде аудандық №23 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Күшаман ауылындағы филиалының қазақ күресі және дзюдодан жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. 2015 жылы алғаш еңбек жолын бастаған бозбала бүгінде салада 9 жылдық тәжірибесі бар, білікті жаттықтырушы. Қазақ күресіне жастайынан топ жарып жүрген Төлеген Нығметұлы тәжірибелі жаттықтырушы болып қалыптасуы да заңдылық. Мектеп жасынан салада үлкен белестерді бағындырған бапкердің бүгінде шәкірттері де дүбірлі додаларда топ жарып, аудан, облыс, қала берді республикалық турнирлерде аудан мерейін үстем етуде. Алайда оған кейіпкеріміз тоқмейілсуден ада. Керісінше шәкірттерін шыңдап, одан да жоғары биіктерден көрінуіне тер төгіп жүр.
– Жаттықтырушы болу – баланың ісі емес, керісінше сол балалардан мықты спортшы қалыптастыру. Алдыңдағы шәкірттеріңнің барлығы бірдей емес, бірі спорттың айла-тәсілдерін тез қағып алса, енді бірі енжар келеді. Бірақ спортқа селқос қарайтын шәкіртіңнен үміт үзу қиянатпен бірдей. Негізгі міндетімізге адал болу үшін олардың барлығын спортқа епті етуге күш саламыз. Артық айтып не қылайын, қазір шәкірттерім Республикалық, облыстық, аудандық турнирлерде бой көрсетіп келеді. Шәкірттеріммен мақтанамын, жеңісіне марқаямын, бірақ тоқмейілсуге тағы болмайды. Осы аудан спортының алға басуына тамшыдай болса да үлес қоссам, сол менің салаға сіңірген еңбегім, адалдығым деп білемін. Алдағы уақытта да үлкен жарыстар күтіп тұр. Бұйыртса, ол додаларда бірнеше шәкіртім бақ сынайды, қазір қызу дайындық үстіндеміз – дейді Төлеген Нығметұлы.
«Ұстаздан –шәкірт озады» деген сөз бар білікті жаттықтурушы өз уақытында турнирлерде топ жарып аудан абыройын көтерсе. Бүгінде оның шәкірттері ізін басып, үлкен додаларда топ жарып жүр.
2021 жылы шәкірті Сабырбек Кемелбек Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатынан 75 кг салмақта қоржынға қола салса, 2022 жылы Талдықорған қаласында 4 жылда бір келетін ауыл жас өспірімдерінің IV жазғы ойындарының 82 кг салмақта 2-орын, 2023 жылы Семей қаласында Қазақстан Республикасының чемпионатында 82 кг салмақта 2-орын, Жезқазған қаласында өткен Азия кубогінде 82 кг салмақта 3-орын, Астана қаласында «Жас барыс» Республикалық турнирде 1-орын иеленген. Тағы бір шәкірті Сазанбай Рүстем 2021 жылы дзюдо күресінен Жамбыл облысы чемпионатында 3-орын, Алматы облысында өткен Республикалық турнирде 3-орынды иеленген. Ал облыстық «Жас барыс» турнирінде жүлделі 2 орын алған,
Жалпы, бұл спортшының жетістігін толық жазар болсақ, бір еңбекке жүк болары анық. Ал тағы бір шәкірті 2021 жылы Алматы облысында өткен Республикалық турнирде Ержігіт Серікұлы қоржынға алтын салған.
Төлеген Нығметұлының үлкен додаларда топ жарып жүрген басқа да шәкірттері жетерлік, қарап отырсақ, шағын ауданнан осынша спортшы шығарудың артында үлкен еңбек жатыр. Оған төзімі мықты, тәжірибесі мол бапкер ғана еңбек ететіні сөзсіз. Бұл сөзімізге білікті маманның салаға сіңірген еңбегі дәлел.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Мойынқұм