БІЛІМ АЛУ ӘДЕПТЕРІ
Алла Тағала бұл ғаламды, оның ішінде адам баласын жоқтан бар етті. Адам атаны жаратқан соң оған білмеген нәрселерін үйретті. Әуелі Адам атаға есімдерді үйретті, кейін сол білімі арқылы оны періштелерден де артық етіп қойды. Тіпті періштелерге оған сәжде қылуын, яғни құрмет көрсетуін бұйырды. Сондықтан адамды Алланың басқа жаратылысынан ардақты етіп тұрған нәрсе білім болып табылады.
Білімді талап қылудың маңыздылығы
Алла Тағала: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық етсін деп жараттым»,- деп(Зарият. 56)біздің Оған ғибадат етуіміздің парыз екенін көрсетті.Алла Тағала бізді жаратқандықтан біз оған шүкіршілігімізді білдіру үшін әр түрлі ғибадаттар жасауымыз керек. Бірақ Алла Тағала разы болатындай, оған лайықты болатын қандай құлшылық болу керек екендігін адам баласы өз ойымен ойлап таба алмайды.
Сондықтан да Алла Тағала бізге өз кеншілігін білдіріп, бізге қандай құлшылықты қалай жасауымызды үйрету үшін Ислам шариғатын түсірді. Сол шариғатта көрсетілген ғибадат түрлерін білу үшін бізге білімді талап қылу керек. Соған байланысты Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Білімдіталап қылу әр мұсылманға парыз»,- деді(Мүслім). Бұл хадистен біз жалпы білім алу парыз екендігін, яғни діни болсын, зайырлы болсын білімді үйренуіміз керек.
Бірақ Жаратушымызды тану мақсатында әлбетте бізге діни ілімдерді үйрену маңыздырақ әрі абзалырақ. Ал Раббымыздың ең сүйікті құлдары діни білімнің ең жоғары деңгейлеріне жететінінРасулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисінде айтып кеткен: «Алла кімге жақсылық қаласа, оған дінді терең түсіндіреді»(Бұхари. Білім. 71).
Ілім сапары
Діни білім алудың жоғарғы дәрежесіне жету үшін өз елінде ғана жергілікті ұстаздан дәріс алу жеткіліксіз. Сондықтан ертедегі ғұламалар өз отанында хат таныған соң ілім сапарына шығып, әр түрлі шаһарлардағы медреселердеөз ілімдерін жетілдіретін еді. Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осыған да байланысты сөз айтқан: «Бір адам үйінен білім алу үшін шықса, қайта оралғанға дейін Алла жолында жүрген болып саналады» (Тирмизи). Бұған қоса басқа хадисінде: «Кімде-кім білім алу жолына түссе, Алла Тағала оған жәннаттың жолын жеңілдетеді»,-деп (Мүслім) ілім сапарына шыққан дұрыс ниеттегі пенделердің соңы Алланың разылығы болатынын жеткізді.
Жабир ибн Абдулла он шақты сахабамен бірге Мадина қаласынан Мысырға дейін сапар шекті. Олар Абдулла ибн Унайс әл-Ансаридің Расулулладан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген бір хадисін Абдулланың өз аузынан есту үшін бір ай жол жүрді.
Сағид ибн Мусайяб бір хадисті үйрену үшін бірнеше күн сапар шеккен болатын.
Имам Шағби: «Бір адам өзін тура жолға салатын немесе жамандықтан қайтаратын бір ауыз сөз үшін Шамнан Йеменнің қиыр шетіне дейін сапар шегетін болса, оның сапары зая кетпеген болады»,- деген.
Сахабалардың заманынан бүгінге дейін қол жеткізілген білімнің барлығы тек қана сапар шегу арқылы ғана жүзеге асты[6]. Сол білімді дұрыс алу үшін, әлбетте, әуелі оның әдебін сақтау керек. Сол әдептердің кейбіреулеріне тоқталып кетелік.
Сабақ оқудың 20 әдебі
- Қоңырау соғылғанға дейін медресеге ерте келу;
- Ұстаздарға сәлем беріп қарсы алу. Ұстаздарға есік ашып беріп, аяқ киімдерін жинап қою сауапты іс болады;
- Сыныптастарға да жылы шыраймен сәлем беріп, жақсы қарым-қатынаста болу;
- Медресенің жалпы тәртібін, форма үлгісін және әдебін сақтау;
- Сабақ кестесіне сәйкес кітап-дәптерлерді, керек-жарақтарды дайындап қою;
- Сабақ барысына толықтай назар салу.Іс-қимылды тәртіпке келтіру және сабақ түсіндірілгенде ұстазға назар аудару;
- Сабақ барысына немқұрайлық танытпау. Дәптерлермен, керек-жарақтармен ойнап отырмау керек, шәкірттермен сөйлеспеу керек;
- Арнайы дәптерге (немесе күнделікке) үй тапсырмаларын жазып отыру. Егер үй тапсырмалары ұмытылса, арнайы дәптерге қарап, еске алатын болады;
- Әжетханаға бару секілді белгілі бір қажеттіліктерді өтеуге арналған үзіліс уақытын пайдаланып алу;
- Ішіп-жеген нәрсеге абай болу. Асқа дейін, астан кейін қол жуу;
- Тамақ қалдығы секілді нәрселердің кіреберісте, аяқ астында жатпауын қадағалау;
- Шәкірт өзі рұқсат бермейінше оның жеке заттарын тиіспеу;
- Басқаларды мазақтамау және басқалардың мазағына қалмау. Жаман лақап ат қоймау, дау-дамайға, дұшпандыққа апаратын жағдайлардан аулақ болу;
- Мақтауға тұрарлық көркем мінезі бар, тапқыр, сабағын жақсы оқитын балалардың ішінен өзіне достарды таңдап алу;
- Оқу жылы басталысыменемтихандарға жақсылап дайындалу;
- Емтихан барысында алдамау, біреуден көшірмеу, басқаларға сенбеу, рұқсат етілмеген құралдарды (ұялы телефонды, шпаргалканы) пайдаланбау;
- Сабақ біткеннен кейін сабақта берілген тапсырмаларын орындауға асығу және ертеңгіге қалдырмау;
- Сабақ кестесін қарап шығу, тапсырмалардың орындалғанына көз жеткізу, кешегі сабақтарды қайталап, ертеңгі сабақтарға дайындалу;
- Көркем жазуға және әдемі сызуға көңіл бөлу;
- Кітап-дәптерлердің тазалығына көңіл бөлу. Тыспен қаптау, бүлінуден және жоғалып кетуден сақтау [7];
Білім алуға қатысты 10 кеңес
Ал енді осы әдептерді сақтау келесі кеңестерге амал етумен жүзеге асады:
- Білім иесі болған ұстазды құрметтеу. Тіпті оны ғана емес, оның туыстарын, ұрпақтарын сыйлау керек;
- Тамақты аз жеу, ұйқыны азайту. Аз сабақ оқып, көп қайталау;
- «О, Раббым, білімімді арттыра гөр!» (Таһа. 114) деп дұға ету және білімге қатысты басқа да дұғаларды айтып жүру;
- Бірге оқып жүрген сыныптас бауырлармен бірге білім кеңейту мақсатында бір-біріне сабақ тапсыру, кеңесу немесе көркем түрде пікірталастыру;
- Білім жолына түскеннен кейін барлық дүнияуи уайым-қайғыдан арылу.Ол үшін Аллаға бүкіл істі тапсырып, тәуекел ету керек;
- Ұстаздар айтқан сөздердің жаттай алмайтын жерлерін арнайы дәптершеге түртіп отыру;
- Білім жолында тақуалықты ұстану. Ол нәрсе зікір етіп, нәпіл намаздарға тұрумен іске асады;
- Білім көбейту мақсатында зейіндікүшейту. Ол Құранды жүзінен оқумен, дұғаларды, салауаттарды көп айтумен, мисуакты қолданумен, бал ішумен, құрма жеумен, күнә жасамаумен жүзеге асырылады;
- Алған білімді жоғалтпас үшін ризық-несібені көбейтетін істер жасау: ерте жатып, ерте тұру, киіммен ұйықтау, орамал орап шомылу, дастархандағы қиқымдарды жинап отыру, жамағат намазынан қалмау, кезекшілікке қатты мән беріп, бұйырылған істерді орындау [9];
- Алынған білімдердің барлығына амал етуге тырысып, өзінен кейінгі шәкірттерге сол білімнің зекетін беріп, мирас әрі аманат ретінде қалдыру.
Қорытынды
Білім жолына түскен шәкірт осы мақалада айтылған әдеп-кеңестерге амал етсе, аманат ретінде беріліп жатқан ілімге қиянат жасамайтын болады. Бір күні бір көшпенді араб Расулуллаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Қиямет қашан болады?»,- деп сұрады. Бұл сұраққа біраздан кейін жауап берген Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Аманат жоғалса, қияметті күте бер»,- деді. Сонда әлгі кісі: «Ол қалай жоғалады?»,- деп сұрады. Сонда ол: «Іс тиісті адамға тапсырылмаса, қияметті күте бер»,- деп жауап берді (Бұхари. Білім. 59). Сондықтан біз Қияметтің белгісін жүзеге асырып жатқандардан емес, ілімді аманат етіп алуға лайықты жандардан болуымыз керек. Алла Тағала осыған амал етуімізді нәсіп етсін! Алла Тағала Қиямет күні бізді өзінің көлеңкесіне алсын! Жұмақта Алланың Дидарын көруімізгеАлла Тағала жеткізсін!
Әдебиеттер
- Ғазез Ақытұлы, Мақаш Ақытұлы. «Қасиетті Құран және қазақ тіліндегі мағыналық аудармасы» – Астана. 2018 жыл;
- Мұхаммед әл-Бұхари. «Сахих әл-Бұхари» – Алматы. «Кәусар» баспасы. 2018 жыл;
- Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали. «Ихия-у улумиддин. Дін ғылымдарының (қайта) жандануы» – Қызылорда. «Убаев Б.» баспасы. 2017 жыл;
- Мұхаммед Қайыр Фатима. «Әл-Әдәб әл-исламия лин-нәшиә» – Алматы. «SIYAUSH» баспасы. 2015 жыл.
- Бұрһанұддин Зарнужи. «Тәлімгер тағылымы» – Астана. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» баспасы. 2012 жыл.
КИЗИРОВ Алмас,
«Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірті