БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ІЗДЕНІС КӨП…

Елімізде білім беру саласында көп жұмыстар істелуде.  Барды бар деп айту парыз. Олқылықтар да жоқ емес. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген ұлы пікірі әлі маңызын жойған жоқ.  Қазақ атамыз «Көш жүре түзеледі» деп бекер айтпағаны белгілі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 қазандағы республикалық педогогтар сьездінде: «Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – дей келіп, «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Президент.

Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы. Болашақ мамандардың сауатты, білімді болуы білім ошақтарындағы дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты. Білім жүйесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Білімсіз оқушыдан жақсы маман шықпайтыны тағы белгілі. Сондықтан, білім беру саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі шаралар, жаңашыл бастамалар осы олқылықтардың орнын толтыруы тиіс.

https://primeminister.kz/ сайтының жазуына қарағанда жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылған. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастаған. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылыпты. Бұдан асқан қандай жағымды жаңалық болмақ.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда STARLINK спутниктік интернеті 1 757 мектепте орнатылған, соның арқасында қосылу жылдамдығы 3 есеге артты. 122 мектепте интернет қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл ретте барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды, 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді. Оқушының оқу траекториясын анықтау үшін бірінші сынып мұғалімдері Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы бала дағдыларының деңгейін көрсететін Жеке даму картасын алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселесі пысықталуда. Бұл айтқандарымыз, еліміздегі білім беру саласындағы жетістіктердің бір парасы ғана.

Нағашыбай Қабылбек