Білім-инновация лицейлерінің үздік оқушылары Астанада бас қосты

Кеше еліміздің түкпір-түкпірінен келген 35 білім-инновация лицейлерінің озат оқушылары Астанада бас қосты. Олар «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған шара аясында ҚР Парламент сенатының ғимаратын аралап, ҚР Парламент мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесті.

img_4474Кездесу барысында оқушылар ел ағаларының рухты әңгімесін естіп, өз отанының патриоттары болуға сөз берді. Ал, «Бүгінгі бүкіл мүмкіндіктермен бірге қаупін қатар ұсынып отырған алмағайып, ар тайғақ заманда ата жолымен білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білгенде, әрі біліммен шыңдалған, иманмен нұрланған жастарымыз жаңа заманмен жарасым тапқанда ғана алдағы асу-белестерден абыройлы өте аламыз. Ұлығыңды емес, ұлтыңды ойлайтын, руыңды емес, рухыңды ойлайтын, Қазақ елінің әрбір азаматы өз мойнына ел үшін жауапкершілік алатын заман. Өткенге – бабаларымыз, бүгінге – біз, келешекке – жастар, мына сендер жауапты екендіктерңді естен шығармаңдар» деп, сөзін аяқтаған Бақытбек Смағұл ұл-қыздарға сәттілік тілеп, ағалық пейілмен қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйға тартты.

img_4487

Сонымен қатар, «Лицейлердегі өзін-өзі басқару ұйымдары: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбындағы республикалық форум аясында ҚР БҒМ вице-министрі Элмира Суханбердиеваның қабылдауында болды. Қазір білекке емес білімге сенетін заман екенін, осы үшін оқушыларға көптеген жағдайлар жасалып жатқанын айтқан Элмира Амангелдіқызы жас өрендерге «ақылды сағаттар» табыстады. Сондай-ақ, оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық пікірлер айтылды. Кездесу соңында қатысушылар білім саласына өте үлкен көңіл бөліп жатқан білім және ғылым министрлігі мен министр Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевке алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.

Тағы бір сәт – кездесуден бойына білімге және еліне қызмет етуге деген ерекше шабыт алған оқушылар, ҚР Тұңғыш Президент музейін аралап, «Нұр орда» мектеп-лицейінде спорттық және интеллектуалдық ойындар ойнады.

Айта кетейік, бүгін форум аясында «Мен өз білім ошағымның көркеюіне қандай үлес қоса аламын?» деген тақырып төңірегінде ой-өрбітіп, «ХҚОӘ» АҚ Басқарушы Директоры, Басқарма мүшесі Саясат Нұрбекпен кездеседі.

«KATEV» ақпарат