Білім іздеген жанға алты кеңес
Өткенде қаланың сыртындағы бір ауылға жол түсті. Үй иесі қоныс тойын тойлап, бізді қонаққа ретінде шақырғаны бар. Бірнеше жолдастар жиылып, «шақырғаннан қалма» дегендей уақытында жеттік. Қожайынның жасы өзімізбен қатарлас, артынан келе жатқан іні-қарындастарын көтеремін деп, арнайы оқымаса да «екі қолға бір күрек» тауып, ерінбек еңбек етіп жүрген азамат. Бір жылда тәп-тәуір үй салып алғаны бұл сөзіме дәлел.
Дастархан басында өзімізбен бірге үй иесінің қайың атасы да отырды. Жасы алпыстан асқан, көргені-түйгені көп жан екен. Әңгімеге араласып, шет елдерге көп шыққанын, сондағы қызықтарын айтып отыр. Бірнеше тілді меңгерген екен. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерімен қатар, араб тілін де бір адамдай меңгеріпті. Бұндай адамды күнде кездестіре бермейтініміздіктен, ағадан тіл үйренудің сырын сұрадық. Сәл ойлана әңгімесін жалғастырды:
– Өзге елдің тілін үйрену аса қиын емес. Қажетті кеңестер интернетте толып жатыр. Қайталамай-ақ қояйын. Одан да мен сендерге соңғы бір оқыған кітабымнан түйгенімді айтайын. Ислам әлемінде имам Шафиғи есімді ғұлама өмір сүрген. Ғалымның көптеген еңбектері бар. Сол бір еңбегінде білім іздеген жанға алты кеңес айтады. Ол кісі «сенде мен айтқан келесі алты қасиет болмаса, білім алудың берекесін көрмейсін» дейді. Мен осы жайында тоқталайын.
Бірінші – Ақылыңды дұрыс пайдалану. Бүгінде барлық адамның ақылы бір деңгейде екенін ғылым дәлелдеп шықты. Бар гәп соны қалай пайдалануында ғана. Тіпті ғалымдар мидың жұмысы (клеткалары) шау тартқанша дейін арта береді, егер дұрыс бағыттай білсең.
Екінші – Қажеттілік. Қай білімді игермес бұрын өзіне қажетті екенін түсіну. Мысалға көбі ағылшын курсына жазылып жатады. Не үшін деп сұрасаң, әйтеуір бір керек болып қалар дейді. Ол бекер әурешілік. Түпкі ойы дұрыс емес. Үйреніп жатқан ілімің нақты керек екенін түсінбесең, бәрі де бекер. Білім қонбайды.
Үшінші – Өз өзінді қамшылау. Күндіз-түні білім алудан шаршамау. Шаршадың ба, бір сәт дем алып, лезде сол ілім меңгеруді жалғастыр. Қарапайымдап айтсам суып қалмауың керек. Бір нәрсені бітірсең, жетсең, сол мезетте келесі мақсатты қойып, соған жетуге амал қылу.
Төртінші – Азға қанағат. Білім іздеуші әрдайым шүкіршілік етіп отыруы керек. Жастардың көпшілігі бірден байлықты аңсайды, бірақ шындап келгенде әлі ештеңкеге лайықты емес. Уақыт өте өз біліміне сай биікке жетеді. Еңбектенсе болғаны.
Бесінші – Ұстаз болуы шарт. Жөн сілтеуші адам керек.
Алтыншы – Білім алу үшін көп уақыт жұмсау керек. Нақты маман болғың келсе, өз салаңның білгірі бол. Ол үшін көп уақыт қажет. Дегенмен ондаған жылдан кейін өз дегеніңе жетесің.
Бұның бәрі ғалымның сөзі. Жарықтың Абай атамызда осындай тектес сөзі бар: Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой, – деп бес асыл істі айтып кетті емес пе?!
Жазып алған Р. Нүркен