БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕМ – КЕТІГІН ДЕПУТАТТАР ТІЗІП БЕРДІ

Депутаттық  сауал

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа бірнеше депутат, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Әбдіманап Бектұрғанов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Кәрібай Мұсырман, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Наталья Жұмаділдаева депутаттық сауал жолдады. Бұл сауал білім саласында орын алып жатқан проблемаларды қамтиды.  Реформа — деп түйсінуге қиын, ойлауға ауыр мәселелерді алға шығару еш жаңалық емес деген сыни көзқарас та  ашық айтылыпты.

Депутаттар осы сауал арқылы Үкімет басшысынан білімнің жалпыға ортақ салтанат құру жағдайында туындайтын бірқатар рухани, әлеуметтік факторларды ескеруді сұрапты.
«1. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2019 – 2020 оқу
жылынан бастап 6 жастағы балалардың мектеп алды даярлығы 12 жылдық
мектептің 1-сыныбына ауыстырылатындығы айтылған. Алайда, аталған
бағдарламада оны енгізу алгоритмі қарастырылмаған. Дегенмен, 5 жастағы
балалар үшін нөлдік (0) сынып енгізілетіндігінен хабардармыз. Қазақстан
Республикасы «Білім туралы» Заңының 1-бабы 21-тармақшасына сәйкес,
жалпы білім беретін мектеп – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта
білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны
болып табылады. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жалпы білім
беретін ұйымдар санатына жатпайтындығын ескерсек, нөлдік сыныптың
бағдарламасы қалай жүзеге асырылады, сонда 12 жылдық қазіргі 11 жылдық
білім берудің жаңартылған формасы емес пе, онда ол несімен ерекшеленеді
деген сұрақ туындайды. Нақтылай түссек, мұның өзі «Білім туралы»
Заңның талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрініп тұр. Тіпті, қарапайым
арифметикаға сүйенсек, 0+11=11 болып шықпай ма? Келешекте бұл
тұжырымды халыққа түсіндіруде қиыншылық туындамайды ма?.
2. Келесі сұрақ жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттерге
көрсетілетін әлеуметтік қолдауларға қатысты. Бүгінгі күні елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік-материалдық көмек түрлері белгіленген. Алайда, Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 5 маусымдағы берген мәліметіне сүйенсек, әлі де 2372 жетім бала жоғары оқу
орындарында ақылы негізде оқиды, сондай-ақ, студент бола жүріп, анасынан
немесе әкесінен айырылған 6051 студент, және ата — анасынан толық
айырылған 420 студент білім алып жатыр екен. Ал ақылы негізде оқитын
баласы бар жас студенттерден құрылған отбасылардың саны – 2691, студент аналардың саны – 3774 құрайды. Бізді қынжылтатыны – отбасын құрып, өмірге бала әкелген студент ана және өмірлік жағдайларға байланысты ата – анасынан айырылған
студенттердің оқу төлем ақыларын уақытылы өтей алмағандықтан, амалсыз
оқудан шығып қалуы. Осыған байланысты, алдағы уақытта балалы жас ана студенттер мен жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде ата — анасынан
айырылған студенттерге, жетім балаларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл
бөлініп, оларға толық әлеуметтік жағдай жасап, көмек көрсету мәселесін
қарастыру қажет деп есептейміз.

  1. Келесі бір өткір мәселе – студенттің еліміздің бір аумағынан екінші
    аумағына ауысқан жағдайда білім грантының сақталмауы. Студент ауысқан
    аймақтағы жоғары оқу орнында мамандығы жоқ болған жағдайда оған жақын
    мамандықтар бойынша білім грантын ауыстыру мүмкіндігін беруді
    ұсынамыз».
    Депутаттар осы депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының
    Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР
    Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес жазбаша түрде беруді сұрапты.

 

Дайындаған: Нағашыбай Қабылбек