Білім саласындағы 7 млрд теңгенің былығы қалай ашылды?

Есеп комитеті — Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Сондықтан да болар «Ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс». Бюджеттің кірісі мен шығысын үнемі бақылауда ұстайтын болғандықтан есеп комитеті шүйліккен министрліктер мен мекемелер «Аяқ-қолдары» дірілдеп, қай жерден қате кетті деп «ішкендері ірің, жегендері желім» болып жататыны өтірік емес. Себебі «Қате болайын десе быламыққа да тіс  сынады».  Үкімет бөлген қыруар қаржыны игеруде сақ болмаса «бес саусақ бірдей емес» қой, демек, билік басындағылар да сан алуан. Түрлі мінез-құлықтың адамдары. Асап қалуды «сүйетіндер» ебін тауып, ойларын жүзеге асырып жатады. Ондайларға қарсы майдан ашып, қырқысып жататын осы есеп комитеті. Үнемі жарауы келіскен арғымақтай бабында жүретін комитет бұл жолы Білім және ғылым министрлігінің кіріс-шығысына шүйлікті.

Бұл жолғы отырыста білім беру саласындағы мемлекеттік активтердің басқарылуы, сондай-ақ жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану жұмыстарына жүргізілген аудиттің қорытындысы қаралды. Тексеріс кезінде 700 млн.-нан астам теңгенің үш университетке қаржылық негіздемесіз аударылғаны анықталды.

Комитет басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 393 млн. теңге, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне 200 млн. теңге,  Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетіне 142,2 млн. теңге бөлінген.

Осының бәрін тілге тиек еткен комитет басшысы білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловадан «740 млн. бюджет қаражаты үш университетке қаржылық-техникалық негіздемесіз неге аударылды?», — деп төтеннен сұрақ қойды. 

Таяуда ғана вице-министр лауазымын иеленген ханым, аталған үш университет акционерлік қоғам болғандықтан, министрлік ақшаны тікелей аударып бергенін мойындады. Алайда өз уәжінде алға тартты.

«Тексеріс кезінде Сәтпаев атындағы университет 103 млн. теңгені қайтарып берді. Негізі, ол ақшаның барлығы тиімді жұмсалды. Оған құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал техникалық жағынан, шынымен де, дұрыс жасалған жоқ», — деп атап көрсетті Б.Асылова.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған комитет мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов білім беру саласындағы 24 нысанның 7 млрд. бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны жайында айтып берді. «Аудит кезінде 1 миллиард 845 миллион теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Бақылау кезінде 918 миллион теңге қайтарылды. Олардың ішінде 815 миллион теңгесі екі жоғары оқу орынның балансында тұрған жер учаскелерін қайта бағалау кезінде түзетілді. Бухгалтерлік есеп кезінде атқарылған жұмыстарды қайта қарау барысында 102 миллион теңге қалпына келтірілді. Сонымен қатар мемлекеттің пайдасына 252,8 миллион теңге өндіріліп алынды», — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, аудит барысында 12 миллиард 510 миллион теңгеге 119 процедуралық бұзушылықтар қалпына келтірілген. Тиімді емес пайдаланылған қаражаттың көлемі 7 миллиард 49 миллион теңгені құраған.

Есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов  мұнымен тоқтап қалмай өз баяндамасында мына бір өзекті мәселеге де көңіл аударуды сұрады.  — Кейбір студенттер мысалы, оқу кезінде үлгермейді, тәртіп бұзушылықтары бар, өзінің арызымен кеткендер кездеседі.  Бұларға да ақша жұмсалды.  1 млрд теңге. 365 студент солай оқудан кетіп отыр. Бұл бірақ заң жүзінде реттелмегендіктен ақшалар  кетіп қалған студенттерден қайтарылмай жатыр.

Мұны естіген Есеп комитеті басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мұндай жауапкершілігі жоқ студенттерден ақшаны қайтарып алу керектігін қаузады.  Білім министрлігінен студенттерден осы шығынды қазынаға қайтаруды талап етіп, оны заңмен бекітуге кеңес берді.  Өз ұсынысында не нәрсеге де бір қайтарым болуы керектігін ескерткен ол, «Болашақ» секілді тиімді ережелер енгізу  уақыт талабы деген тоқтамға келді.

Бұдан бөлек былтыр еліміздегі жоғары оқу орындары бюджеттің 7 миллиард теңгесін тиімсіз пайдаланғаны анықталыпты. Яғни, ректорлар түрлі қажеттілікке деп бюджеттен миллиардтарды бөлдіргенімен соңында иегере алмай, банктегі депозиттерінде ұстап отыр екен. Ал, 2 миллиардқа жуық теңге тіпті мақсатсыз  жұмсалған. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 500 студентке арнап салынған жатақханада 250 орын қажет болмай бос тұр. Қазынаның қаржысын ысырап қылғандардың қара тізімін Өскемендегі Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университет, Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университет, Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы бірнеше оқу орны бастап тұр.

Жиын соңында Білім министрлігі тарабы қателіктер мен кемшіліктерді жуық арада жөнге келтіруге тырысатындарын жеткізді. Есеп комитетінің ескертпелеріне байланысты зейнеткер ұстаздарды азайтып, жастарды оқытушылыққа тарту үшін PHD докторантураның ақылы бөлімдері ашпаққа байлам жасады.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК