Білім саласындағы жемқорлықпен күрес

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі қазіргі таңда адамзат қоғамының ескілікті ауруына айналып кетті. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіште негізінен кедей әрі демократиялық құндылықтарға баса назар аударылмайтын мемлекеттер тұр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл дерттен Қазақстан да аман еместігін айтуға мәжбүрміз. Халықаралық Transparency International ұйымының 2023 жылды қорытындылаған дерегі бойынша Қазақстан 39 балмен 93-орынға табан тірепті. Мұнда әлемнің 180 мемлекеті мен аймағы қамтылған. 2022 жылғы көрсеткіш бойынша біздің ел 101-орынды еншілеп еді. Бұл Қазақ елінің жемқорлықпен күресінің аздап болса да жақсы нәтижелер бере бастағандығының мысалы. Алайда бұл деректің мақтанышпен айтатын мәлімет екенін естен шығармаған жөн!

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – қылмыстың бұл түрімен аяусыз күресіп келе жатқан мекеме. 2023 жылы аталмыш мекеме білім саласындағы жемқорлармен өте-мөте аяусыз күрес ашты. Соның нәтижесінде мемлекеттің миллиардтаған теңге қаржысын жымқырып отырған талай ашкөзді қолға түсірді. Бұл өз кезегінде халықтың сенімі мен үмітін оятқан жағдай деуге тұратын оқиғалар еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі рөлі жемқорлықтың алдын алуға арналған. Ол институттар арқылы жемқорлық тәуекелдерін талдау, жемқорлыққа қарсы мониторинг пен мәдениетті қалыптастыру ретінде іске асырылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыстың негізгі бағыты Жемқорлық тәуекелдерінің картасы болып табылады, бұл процестердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне және ықтимал жемқорлық тәуекелдеріне байланысты шешім таппайтын өзекті мәселелердің тізбесін білдіреді. Агенттік уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардағы жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізеді, – деп жазды аталмыш агенттіктің баспасөз қызметі.

2023 жылы білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау көрсеткендей, бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактілері бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциялық байланыстарының болмауына байланысты мүмкін болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар бекітілген Жол картасы шеңберінде жоғарыда көрсетілген жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жұмыс жүргізуде.

Агенттіктің бастамасымен 2023 жылдың 4-тоқсанында Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында қолданыстағы бухгалтерлік жүйелер базасында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процесін толық автоматтандыру, контингентті есепке алу және қызметкерлердің келуін бақылау, аванстарды негізсіз төлеуді бұғаттау тетіктері (еңбек заңнамасына сәйкес) және қазынашылық деректерін бухгалтерлік жүйелермен салыстыру мүмкіндігі сәтті өтті. Сондай-ақ, ұйым басшысының бет биометриясы бойынша төлем құжаттарына қол қою, сондай-ақ оларды шифрлау мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта осы цифрлық шешімдерді масштабтау бойынша жұмыстар жүргізілуде дейді агенттіктің сайты.

Осы күрес барысында 2023 жылдан бері біраз жемқорлардың қолына кісен салынды. Былтыр жазда Жетісу облысында миллиардтаған теңгені жымқырған бухгалтердің ұсталған сәтіндегі видеосы кеңінен танылған еді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып жатыр. 2024 жылдың 7 ақпанында Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және №24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Осы қатарда агенттіктің сайтында 14 ақпан күні таратқан ақпаратында «Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорының  2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғандығын жазды. Бұл қаражатты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-не бөлген.

Ал «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастаған. Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікке ілінген. Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

Бұл күрес әлі де жалғасын табатын болады. Бұл жерде келеңсіздіктің алдын алу қызметіне баса назар аударылып отырғандығын ерекше айта кеткен жөн.

 

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ