Білім сапасы: қайтсе, қалай көтеріледі?
Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар – еліміздің ертеңі, дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын ұрпақ.
Сол ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы. Ал, білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала.
Оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлылықты талап етеді. Шәкірттерге сапалы білім беру үшін аудан мектептерінде барлық жағдай жасалған.
Аудандық әдістемелік орталық арқылы мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін дамыту, кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу бағытында кәсіби байқаулар, конференциялар, педагогикалық оқулар және дарынды оқушылармен жұмыстар ұйымдастыру, оларды анықтау, танымдық деңгейлерін көтеру, шығармашылық жұмыстарға баулу бағытында танымдық шаралар өткізіліп, мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестіге дайындықты жетілдіру мақсатында әдістемелік көмектер ұйымдастырылуда.
Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында ауданда білім сапасы жылдан жылға көтеріле түсуде.
Өскелең ұрпақты өсіріп, тәрбиелеуде еңбегі өлшеусіз ауыл мектептеріндегі ұстаздардың кәсіби даму жүйесін жетілдіру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Біздің елімізде білім саласына көп көңіл бөлініп, қолайлы жағдайлар жасалынып жатыр. Бүгінгі берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ертеңіміздің баянды болуы үшін еңбектенуіміз қажет.
Қырандай қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашағы – алтын бесігіміз ауылдан басталады. Сол ауылдан шығатын жас ұрпақ саналы да, сапалы білім алуының бірден-бір шарты – мұғалімнің жаңашыл болуы.
Осы орайда бүгін Қаратау қаласында орналасқан мектеп лицейінің базасында аудан мектептерінде 2023-2028 оқу жылдарына арналған мектептің даму бағдарламасын іске асыру барысындағы атқарған жұмысы туралы өзекті шара өтті.
Оған ауданымыздан 17 мектеп директоры қатысып, атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын қорғады. Ертең 16 директор қорғамақ.
Бұл қорғаудың басты мақсаты да осы. Атқарған жұмыстардың жемісті болуы, еңбектің өнімділігі мен үздіксіз ізденісте.
Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен, бойындағы тәрбиесімен өлшенеді.
Сондықтан қазіргі таңда сабақты жаңаша құрып, инновациялық түрлі тәсілдерді меңгеріп, педагогикалық білімін жетілдіре отырып, оны дер кезінде қабылдау, өңдеу, нәтижелі пайдалана білу әрбір басшының басты міндеті болуы керек.
Қорыта келе айтқанда ауылдың да, қаланың да білім дәрежесін, әлеуетін көтеретін, дананы да, ғалымды да, болашақ елбасында тәрбиелейтін ол – ұстаз.
Осыған орай, жастарымызды ауылға тартып, ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру шаралары мен оқушылардың білім сапасын арттыру мемлекетіміздің алдындағы негізгі міндеттің бірі болып қалып отыр.
Осы кедергілерді жойып, ауыл мектептерін жандандыру жастардың қолында.
Мемлекет тарапынан ауыл мектептеріндегі білім беретін жас мамандардың жағдайын жасауға көп көңіл бөлініп, оларға барынша көмек көрсетілуде.
Мемлекетіміздің ауылды елді-мекендерді көтеру саясаты ауыл мектептерінің білім сапасының көтерілуіне басты себеп болмақ!
Мақсат Қазанғапов, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы