“Білім сапасы төмен мектептер қоғамдық бақылауға алынады”
Аудан әкімі Олжас Есалханұлы осылай деді.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков пен сектор меңгерушісі Салтанат Каукаеваны қабылдап, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру, ҰБТ көрсеткішін көтеру туралы тапсырма берді.
-Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша біздің аудан облыс көлемінде ең төменгі көрсеткішті көрсеткен. Неге ауданда білім сапасы төмен? Білім сапасына неге мұғалім, мектеп басшысы жауап бермейді?
ҰБТ-ның қорытындысы мектеп мұғалімінің, директордың еңбегінің нәтижесін көрсетеді. Әрине, жекелеген балалар төмен балл алуы мүмкін. Себебі, барлық баланың қабілеті, қабылдауы бірдей емес қой. Алайда көрсеткіштің жалпы төмен болуы дұрыс емес.
Баланың біліміне мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты. Ата-ана да үйде міндетті түрде қадағалауы тиіс.
Тәртібі, білімі жақсы бала ата-ананың ғана абыройы емес, мемлекеттің ұяты, беделі, болашағы. Сондықтан қоғам болып қадағалауымыз керек.
Биылғы оқу жылында ҰБТ бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен мектептер қоғамдық бақылауға алынады. Мен сіздерге осыны ескертемін.
Жалпы бұл мәселе жөнінде Сізге хаттамалық тапсырма берген болатынмын. Сол себептен аудандағы мектептердің білім сапасы қатаң бақылауда болады,- деді Олжас Есалханұлы.
Білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков жалпы 2021-2022 оқу жылының басынан бастап барлық білім мекемелерінде мектеп әкімшілігі тарапынан 11 сынып оқушыларынан 143 сынама тест жұмыстары алынғаны туралы баяндады.
– Сынама тест жұмыстарының қорытындысы негізінде арнайы аналитикалық есептері жасалынып, нәтижесі директор жанындағы кеңес пен ата-аналар жиналыстарында талқыланған. Жүргізілген сынама жұмыстарының нәтижесі бойынша әлі де болса бірқатар жұмыстарды қолға алу қажеттігі туындап отыр.
2021 жылдың қараша айында бөлім басшысы жанындағы кеңесте мектеп бітіруші түлектерді қорытынды аттестаттауға дайындық жұмыстарының деңгейі қаралып, білім беру мекемелерінің басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Яғни, оқушылардың қосымша сабақтарға қатысуын ата-аналармен бірлесе қадағалау; таңдау пәндері бойынша қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу; «Алтын белгі» және «Үздік аттестатқа» үміткер оқушылардың тізімін ұсынуда бағаларының талапқа сай болуын әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес қатаң бақылау; ҰБТ-ны тапсыруға ұсыныс беретін оқушыларға жауапты мамандар ережеге сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізу,- деді Н.Тыныбеков.
Сонымен бірге, бөлім басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, үстіміздегі оқу жылында мұғалімнің білім сапасына деген жауапкершілігін арттыруға, жалпы білім сапасын көтеруге бағытталған жаңалықтар енгізілу мүмкіндігі жайлы баяндады.
Осы орайда жалпы ҰБТ туралы да айтып өткеніміз артық етпейді.
Елімізде қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 2022 жылдың 22 ақпанына дейін жалғасады.
Жалпы оқушылар ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Яғни, қаңтарда, наурызда, тамызда ҰБТ ақылы және жазда негізгі ҰБТ тегін. Жаздағы негізгі ҰБТ-ның қорытындысы бойынша талапкерлер ЖОО-ның мемлекеттік гранттар конкурсына құжаттарын тапсыра алады. Ал, ақылы негіздегі ҰБТ қорытындысымен ақылы оқуға бара алады.
Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестілеуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестілеушінің дыбысын жазу, қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылған. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл қағидат емтихан тапсыру барысында бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.
ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің нәтижелері жойылады.
Аудан бойынша 633 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 268 (41,9 пайыз) түлек қаңтар айында өтетін тестілеуге қатысуға өтініш берген. Алда ескеретін жағдай – ақылы негіздегі тестілеуге қатысу мүмкіндігін ата-ана да, түлектер де дұрыс пайдалана білуі керек. Себебі, талапкер бұл тестілеуде жоғары балл жинап, жазғы тестілеуден шекті балдан төмен балл алып қалған жағдайда ақылы тестілеудің нәтижесімен ақылы негіздегі оқуға түсе алады. Екіншіден, жас түлек үшін өзін психологиялық жағынан дайындауға да үлкен көмек болады. Сондықтан ҰБТ тапсырамын деген түлектер ақылы негіздегі ҰБТ-ға қатысып, білімін сынап көргені дұрыс.
Өткен оқу жылында ең төмен көрсеткіш көрсеткен үш мектепке тоқталсақ, олар: Б.Майлин атындағы орта мектеп (орташа баллы – 53,5), М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп (55,4 балл), А.Пушкин атындағы орта мектеп (58,81 балл).
Жалпы, өткен оқу жылында аудан мектептерінің ҰБТ бойынша төмен көрсеткіш көрсеткені барлық мектеп ұжымын толғандырды, үлкен сабақ болды деп ойлаймыз.
Жалпы, көптеген мектептердің жұмысы ширатуды талап етеді. Яғни, бала оқыту жұмысына немқұрайдылықпен қарау, мектептердегі түрлі бассыздық әрекеттерді тоқтауымыз керек. Басшы өз қызметіне сай болып, мұғалімнен жұмысты дұрыс, әділ талап ете білсе, барлық мәселе шешімін табады.
Мектепте балаға тиісті деңгейде білім берілсе, ата-ана баласын қосымша ақылы ҰБТ-ға дайындық курстарына бермес еді. Бұл да ойланарлық жағдай. Баласын қосымша курстарға беру, әрине, әр ата-ананың өз еркі, бір жағы заман талабы шығар. Алайда мұғалім де алдында отырған оқушының білім сапасына жауапты екенін ұмытпауы керек.
Заман талабына сай мұғалім – білімді, сабырлы, мәдениетті, еңбекқор, ізденімпаз, ұйымдастырғыш, адам жанын түсіне білетін жан. Сабағына дайындықсыз келетін, мәдениетсіз, жалқау, сана-сезімі төмен мұғалімнің қоғамға қажеті жоқ. Сондықтан сынды дұрыс қабылдап, нәтиже шығаратын, іріктелетін кез әбден жетті деп ойлаймын. Себебі, Мемлекет басшысы айтқан жаңа Қазақстанды құру мектеп қабырғасынан, отбасынан басталады.
Олжас Есалханұлы