Білім шырағы байланысшыларды дайындайтын шаңырақ

Қазақ-Америка Университеті жанындағы Алматы байланыс колледжі 1930 жылы құрылып, бүгінде 87 жылдық тарихы бар, байланыс саласы мамандарын даярлауда жемісті еңбек етіп келе жатқан еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі. Колледждің отыз мыңға тарта түлектері тек елімізде ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерде еңбек етіп, білім ордасының мәртебесін көтеруде. Бүгінде жоғары лауазымдық қызмет атқарып жүрген Раздықов Шерхан Пертайұлы («Алматытелеком» АТД Бас директоры) сияқты колледж түлектері– біздің мақтанышымыз!

Колледждің қазақстандық білім беру кеңістігінде өзіндік орны бар, республика бойынша техникалық және  кәсіптік білім беру жүйесінде түрлі бастамаларымен танылып, тәжірибе алаңы ретінде жұмыс атқарған санаулы колледждердің бірі. 2005 жылы колледж кредиттік оқыту жүйесіне көшіп, сол уақыттан бері республика көлемінде оқытудың кредиттік жүйесін насихаттап, оқу-әдістемелік бірлестік ретінде қызмет атқарып келеді.   «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп Елбасы жолдауында айтылғандай,  Алматы байланыс колледжі кәсіби-техникалық білімге дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша да табыстарға ие. Студенттер тиісті материалдық-техникалық базасы мен жабдықтары бар колледждің базалық кәсіпорындарында технологиялық практикадан өтеді.

Бүгінгі таңда колледж ұжымы техника мамандары — байланысшылар мен бағдарламашыларен қатар аударма ісі бойынша мамандар даярлауда жемісті еңбек етуде.

Колледжде тек кәсіптік білім беріліп қана қоймай, сонымен қатар білім алушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне баса назар аударылады.  Бұл — жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі болып табылады. Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққалы аталмыш бағдарлама аясында колледжде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, тәрбие сағаттары, түрлі тақырыптағы сайыстар, танымал өнер адамдарымен, қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер, қаладағы ақын-жазушылардың мұражай-үйіндегі сабақтар.

Алматы байланыс колледжінің білім алушылары болашақ техника саласы мамандары болса да өнер мен мәдениетке, халқымыздың рухани әлеміне қашан да қызығушылықпен қарайды. Сондай келелі кездесулер биылғы оқу жылының басынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары тарапынан ұйымдастырылды: студенттер С.Мұқанов мұражай-үйінде жазушы, батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен кездесу кешінде болды. Жақында колледжде қонақта қаламгер Серік Нұғыман, жас ақын Еділбек Дүйсен болып қайтты. Ақындар Дәулетбек Байтұрсынұлы, Саят Қамшыгермен өткен кездесу кеші оқытушылар мен студенттердің көңілінен шықты.

 

ҚАУ жанындағы АБК оқытушылары

Л.Е.Карменова, Ә.Т.Дүмшебаева