Білім және ғылым министрлігінің назарына! Ата-ананы алакөңіл еткен бұл не заң?

Енді басталар жаңа оқу жылы қай тұрғыдан да жаңалыққа толы болайын деп тұр. 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған бағдарламамен және соған сәйкесінше су жаңа оқулықтармен оқитыны белгілі болды.  Мұғалімдердің дәстүрлі жүктемесінде де өзгерістер жетерлік. Бірақ бұл «ғажайыптар» ата-ана қауымын аса толғандыра қоймаған тәрізді.  Ата-аналар биылғы оқу жылында бүлдіршіндерін қалаған мектептеріне бере алмай пұшайман халге түсті. Оның себебі қатаң түрде талап етілетін қалалық тіркеу, әрі анау-мынау емес, тұрақты немесе уақытша қалалық тіркеу дәл балаңыз оқитын ықшамауданға тиісті болу шарты. Ата-ана мен оқушыларды қалалық тіркеуге таңылуға мәжбүр еткен бұл заңның ҚР Білім  туралы заңына қаншалықты үйлесімді  екенін білмекке тырыстық.

2016 жылы толықтырулар мен өзгерістер енгізілген ҚР Білім туралы Заңы Ата Заңымызға негізделіп құрылғаны ақиқат. Бұл заң білім саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге қызмет етеді. Ал қаншалықты деңгейде бұл заңмен «реттеліп» жатырмыз?  Жаңа оқу жылында бүлдіршін өзі қалаған мектеп орналасқан мекенжайда қалалық тіркеуі болмаса, оған жақындап баруға хақы жоқ. Ал Білім туралы Заңның 47-бабында («Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері» бабы): «Қазақстан Республикасының азаматтарының, Қазақстан Ресупбликасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау талаптарына сәйкес білім беру ұйымдары мен білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар», — делінген. Тайға таңба басқандай етіп анық әрі түсінікті тілмен жазылған заңның аталмыш бабы әлі де заңды күшінде  ғой. Ал ата-аналардың берекесін қашырған кімдер?  Салы суға кетулерінің басты себептері — қалалық тіркеу мекенжайына сай келмесе, қалаған мектебінде оқи алмауы. Баласы қалаған білім ошағы «біздің аумақта тіркеуің жоқ» деп кеудесінен итереді. Әрі Алматыға жұмыс іздеп келіп қоныстанған  ауылдық ата-аналардың қайсысында қалалық тіркеу бола қойсын? Қазақтың дені пәтерде тұрады ғой. 47-бапқа қарсы келіп тұрған жаңа қабылдау талабына бас игендер енді тіркеу іздеп тентіреп жүр. Тентіреген емей немене, «кісідегінің кілті аспанда» екені бесенеден белгілі.  Таныстарына жалынып, тіпті «Жетім бұрыш» жағалап жүріп уақытша тіркеуге қол жеткізсе де, ол қалтасын қағады.  Халыққа қызмет көрсету орталықтарын торуылдап жүретін делдалдар бұл мектепке қабылдаудың тың тәртібін естіп, тіптен айыздары қанып қалды. Олардың «кәсіптерінің» дөңгелегі өрге домалап тұр. Сонда қатаң қалалық тіркеуді талап еткенде біз не ұттық?

«Қалалық тіркеуің болмаса, мектепке келмей-ақ қой» деген кеудемсоқ сыңайлы тосын талап қай саясаттың негізінде туған шешім болды? Білім туралы Заңның 3-бабы «Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері» деп аталады, әрі 1-тармағында «Баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі» мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірегейі ретінде қарастырылған. Ал соңғы шыққан пәрмен осы бапқа қарсы келіп тұр. Егер баланы тіркеуі бар немесе жоқ деп бөлетін болсақ, әрі тіркеу бойынша ықтиярынсыз бір мектепке таңар болсақ, онда «баршаның теңдігі» деген тіркесті қолданысқа енгізгеніміз бекер сияқты. Сапалы білім алу ниетінде қаланың келесі бір түкпіріндегі мектепке ат арытып барғанда, тек тіркеуі болмағаны үшін ғана ол шәкіртке білім беру мекемесінің есігі тарс жабылмақ. Содан соң амалсыз теңгенің күшімен қалалық тіркеу жасатады немесе өзі қаламаған мектепте мәжбүрлі түрде оқиды. «Оқимын» деп құлшынған бүлдіршіннің сағын сындырған бұл жаңа жарғы Білім туралы Заңның 8-бабына да тік келеді. «Білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктер» деп аталатын бұл баптың 1-тармағында былай делінген: «Мемлекет білім алу құқығын білім беру жүйесін дамыту, оның жұмыс істеуінің құқықтық негізін жетілдіру және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім алу үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етеді». Білім алу үшін жағдай жасамай, керісінше мәселе тудырған соны заң бұл бапқа да қол сілтей салғандай. Егер халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңіл қуантарлықтай болса, алыс ауылдан жұмыс іздеп, үлкен қалаларға сабылмас еді. Енді сол қалада нан табамын деп жүріп, баласының болашағын — сапалы білім алуын жоққа шығарып аламын ба деген қауіп қазір көпшілік ата-ананы билеп алғаны ащы шындық.  Білім туралы заңның 11-бабында да сапалы білім алуға жағдай жасау жөнінде айтылған. Ал мына қолданыстағы мектепке қабылдаудың биылғы талабы ақ-қараны танымай,  терең білім алу үшін керекті факторларға кесе-көлденең тұрып алды.

Ең бір қызығы, мектепке бұған дейін қалалық тіркеусіз қабылданған бала ары қарай еш кедергісіз оқи береді, бұл заһарын шашқан жаңа заң тек биылғы оқу жылында қабылданар оқушыларға ғана қатысты. Осының өзі алалау емес пе? Ал Ата Заңымызда Білім туралы Заңда білім алушыларды қандай да бір сипатта алалауға жол берілмейтін еді.

Ата-аналардан сыр тарттым. Олардың да білім жүйесіндегі қаптаған құжаттық кедергілер мен тосыннан тап келер бұйрықтарға еттері өліп кеткен тәрізді. Қанша ашулы болса да, қарсылықтары іштерінде қайнап, баласының жарқын болуға тиіс болашағы үшін жанын салып жүр.

Бір әжейді көрдім, немересін үйінің тура іргесіндегі мектеп қаланың басқа ықшамауданында тіркеулі болғандықтан алмапты. Енді уақытша тіркеу іздеп әуреленіп жүр екен. Бір жас ананы да көзім шалды. Ол уақытша тіркеуге тұруға  қауқары жетпей, екі кішкентай баласын тіркеулері бойынша ауылына аттандырыпты. Өзі пәтерде тұрып, жұмыс істеп, қос перзентін қалада қалып асырамаққа бекініпті.  Неге бала жастайынан ана тәрбиесінен тыс қалуы керек? Мына жаңа заң сондай сорақылықтарды туғызып жатыр. Кім шығарса да, бұл «әсіре жаңашыл заңның» берер берекесінен гөрі тарттырар тақсіреті мол болып тұрғаны бәрімізге белгілі. Білім ордасын таңдау құқығын, сапалы білім алуға жасалар жағдайды, кемел келешек үшін сенімге селкеу түсірген аталмыш жаңа заң неге еліміздің басты заңдарына қайшы келіп отыр? Өзара қарама-қайшы заңнан оны шығарғандар емес,  қолданатын қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Әр қазақ өз үйінде көсіліп отырған кең заман болса, сөз болып отырған заң ешбір қиындық тудырмас еді-ау! Қалалық тіркеу деп аталатын бір жапырақ анықтамаға ел тағдырын теліп қойғанда не мақсат көзделді? Бұл сұрақтарға жоғары билік тарапы ізін суытпай жауап берер деген үміттеміз.

 

Айзат Рақыш