Білімді имам – бірлік пен берекенің кепілі

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлымен сұхбат

-Сіз 300 мыңға жуық халық тұратын Тұңғыш Президентіміздің қалашығы Теміртау қалалық орталық мешітінің Бас имамы болып тақауда ғана тағайындалдыңыз. Қызметіңіз құтты әрі халыққа жұғысты болсын. Әуелгі қысқаша өмірбаяныңыз арқылы өзіңізді жамағатқа таныстыра кетсеңіз?

— Мен бұл қызметке келгеніме аз ғана уақыт болды. 1987 жылы Қарағанды облысы Жәйрем кентінде дүниеге келдім. 2001-2008 жылдар аралығында Қырғыстан елінің Бішкек қаласындағы имам Термизи атындағы медреседе білім алдым. Еңбек жолымды 2008-2010 жылдар аралығында Қарағанды облысының І-ші мешітінде араб тілінен дәріс беретін ұстаз болып бастадым.  2013 жылдан Қарағанды облыстық орталық мешітте ұстаз болып. 2014 жылдан найб имам болып қызымет атқардым. Сондай-ақ, «Халал даму» ЖШС Қарағанды облысы бойынша өкілі қызметіне тағайындалдым. 2016 жылдың соңынан Теміртау қалалық орталық мешіттің бас имамы қызметіне тағайындалдым. Мешіт қарамағында өзімнен бөлек тағы 3 найб имам және 1 ұстаз жұмыс жасайды.

— Бүгінгі таңда мұсылман қауымы үшін мешіт имамдарының білімді де тәжірибелі болуы өте маңызды. Әсіресе, еліміздің кейбір өңірлерінде діни ахуалдың шинелісі белең алып, жастарымыз діни теріс ағымның ықпалымен адасып жатқан бүгінгі таңда әрбір мешіт имамдарына жүктелер жауапгершілік те жоғары болмақ. Осы орайда әрбір мешіт имамдарының жамағатпен тіл табыса білуі, олардың жастар арасында жүргізетін тәрбиелік мәні зор уағыз-насихат жұмыстарының сапалы болуы, сондай-ақ, мешіт тарапынан ұйымдастырылатын әр түрлі ізгілікті игі іс шаралардың тұрақты болуы, сіздердің халыққа көрсететін қызметтеріңіздің басты бағыты болса керек. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарыңызға кеңірек тоқталып өтсеңіз?

— Мемлекет құруда әуелі мемлекеттік идеяның негізі басшылыққа алынуы шарт. Олай болмаса ол мемлекет те адасқан кеменің кейпін киеді. Мемлекет ғұмырлы болуды ойласа, өзін мемлекет етіп атандырған ұлттың руханияты саналатын төл дініне ерекше мән беруі қажет. Өйткені  ол ұлттың діні — сол мемлекеттің де діні. Дінсіз адам болмайтынын ескерсек, дінсіз мемлекет те болмайтынын білеміз. Мемлекет дінсіз болса немесе өз ұлтының дініне селсоқ қараса, ол мемлекет ерте ме, кеш пе, «Ұлттық», -деп аталатын өзі сияқты өзегі діндәр мемлекеттердің таланына айналады. Көп ұзамай өзгеге жұтылып кетеді, -деп діни ғұламалардың айтқаны барды. Мұны айтып отырғаным, біз көпұлтты мемлекет болғандықтан, әр ұлттың дініне сыйластықпен қарай отырып, өзіміздің асыл дінімізді өркендетіп дамытуға ерекше көңіл бөліп, назар аударуымыз қажет! Ал, Теміртау қаласына келер болсақ, бұл үлкен шаһардың тұрғындары тату-тәтті тұратындығы бірден байқалды. Мұнда асыл дініміз кең тараған. Жұма намазымен қатар басқа да намазды жамағат болып оқуға келетін халық саны күннен-күнге артып келеді. Жамағатпен намаз оқуға құлшыныс білдіруші жастармен қатар, егде жастағы ағаларымыз да баршылық. Діни сауат іздеп, Алланың тура жолына түскен ер азаматтар мен қатар қыз-келіншектердің де саны күн санап артуда. Өзге ұлт өкілдерінің де дінімізді жылы қабылдап, тілін кәлимаға келтіріп жатқандары баршылық. Бұл да үлкен жетістік деп айтар едім. Осы ретте айта кетерлігі, көңілдеріндегі сұрақтарына жауап іздеген жандарға, кеңес аламын деушілерге мешітімізде имамдар әрдайым көмек қолын созады. Ислам діні еркін қанат жайып тұрған бейбіт заманда жастарды діни сауат ашуға, ислам құндылықтарын игеруге шақырамыз. Қазірде мешітімізде ерлер мен қыз-келіншектерге арналған арнайы сауат ашу курсы жұмыс жасап келеді. Онда мешітімздің ұстаздары араб тілі грамматикасы мен Құран оқуды үйретуде.

— Уағыз-насихат жұмыстарыңыздың негізгі тақырыптары қандай?

— Жамағатқа уағыз жүргізуді бір имам өзі отырып шеше салмайды. Ол жоғарыдағы басшылармен ақылдасып шешіледі. Сол себепті жамағатқа жүргізілетін уағыз-насихаттар кең ауқымды қамтиды. Рухани құндылықтарымызды арттыру, дін мен дәстүрді сабақтастыру, тақуалықты арттырып, адамдық қасиеттерді жоғалтпау сынды санқилы тақырыптар қамтылады. Пайғамбарлар өмірлерінен, Ислам тарихынан да мол ақпараттар беріледі.

— Діни экстремизімнің алдын алу, жастарымызды әртүрлі діни теріс ағымдардың ықпалынан сақтану үшін қаншалықты көңіл бөлесіздер, уағыз-насихаттан басқадай қандай іс шаралар жүргізесіздер?

— Бұл тақырып бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сол себепті, жұма уағыздарынан бөлек, бес уақыт намаздардан кейін де діни экстремизм тақырыбы аясында уағыз-насихат жүргізіледі. Сондай-ақ, мешітімізде әр сенбі күні жамағатқа ас беріледі. Бұл күні 150-ге жуық жастар басқосуда. Жан-жақтан ұстаздар келіп, сол жиналған жамағатқа әртүрлі тақырыптарда насихат жүргізеді. Имамдар діни экстремизімнің алдын алу, одан сақтану жолдары, қауіпті болып тұрған ағымдар туралы ашық айтады. Бүгінде тұрғындар бұлар жайлы мол деректермен құлағдар болған. Алдағы уақытта мектептер мен ЖОО-да осы бағытта кездесулер өткізу ойда бар. Бұл тақырып аясында Қарағанды облыстық «ihsan.kz» сайтына да мақалалар жарияланып тұрады. Әрі, жастармен етене байланыс орнатуды мақсат етіп отырмыз. «Жастар ісі» бойынша арнайы жоспарлар құрылуда. Оған Теміртау қаласы бойынша бір имам жауапты етіп тағайындалатын болады. Діни мерекелерде спорттық шаралар ұйымдастырып, әртүрлі қайырымдылық шараларды да атқару жоспарлануда. Алла нәсіп етсе, барлығы да алдағы күннің еншісінде.

— Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз халыққа жұғысты болсын!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі