Білімді ұрпақ – ел ертеңі

«Білімді мыңды, білекті мыңды жығар» дегендей, ХХІ ғасырдағы жаһандық даму білімді ұрпақтың қолында екеніне куә болып отырмыз. Ал білімге инвестиция құю мәселесі біздің елімізде енді-енді қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа жолдауында білім саласы бойынша халықаралық олимпиада мен білім бәйгесінде оза шапқан оқушыларға мемлекет тарапынан берілетін бір рет берілетін ақшалай сыйақы мен гранттар тағайындауды тапсырған болатын. Өйткені білімді озған қоғамда сапалы білім мен ғылымға, заманауи технологияға иек артпасақ болмайды.
Бір қуанарлығы соңғы жылдары қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда топ жарып, үнемі жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Жақында ғана Албания астанасында өткен математикадан 27-ші Халықаралық жасөспірімдер арасындағы Балқан олимпиадасында оқушыларымыз 6 медаль жеңіп алды. Бұл олимпиадаға Балқан түбегінің 20 елінен және басқа шет елдерден 130-ға жуық оқушы қатысқан. Бәсекеге бәс тіккен халықаралық додода еліміздің құрама командасы 6 медаль жеңіп алып, 100% нәтиже көрсетті. Ал Белград қаласында өткен әлемнің 9 елінен 98 оқушы қатысқан Еуропа географиялық олипиадасында Қазақстан ұлттық құрамасы тағы 6 медаль жеңіп алды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан оқыған қуанышты жаңалықтан оқушыларымыздың білімге ұмтылып, халықаралық бәйгелерде қаймықпай олжа салып жүргенін аңғаруға болады.
Балқан олимпиадасы туралы топ жетекшісі Владимир Жук: «Қатысушылар математикалық олимпиадалардың ережелеріне сәйкес құрастырылған авторлық тапсырмалар орындады. Оларды шешу үшін міндетті түрде ерекше тәсіл қажет. JBMO-ға қатысу – барлық қатысушылар үшін өте қысқа уақытта мәселелерді шешуде өз қабілетін тексеруге жақсы мүмкіндік» десе, Белград олимпиадасы жеңімпаздарының топ жетекшісі Абай Дүйсен: «Еуропалық географиялық олимпиада (EGeO) 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Олимпиада жазбаша тестлеу, мультимедиялық тест және далалық турды қамтиды. Тапсырмалар тек ағылшын тілінде беріледі» дейді. Демек бұл соңғы бір-екі күндегі ғана халықаралық олимпиадада топ жарған оқушыларымыздың жетістігі екенін ескерсек, қазақ баласының ғылым-білімге құштарлығы мен интеллектуалдық қабілетін дәлелдейтін әлемдік додалардан әлі талай оза шауып, олжа салар. «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп Абылай хан айтыпты деген өсиет бар. Сондықтан білім мен ғылым, өнер мен мәдениет құндылыққа айналып келе жатқан жаңа ғасырда ұрпақтың білімді болмағы маңызды.
Статистикалық дерек көздеріне жүгінетін болсақ, соңғы 19 жылда елміздің 114 оқушысы олипиадаға қатысып, 15 алтын, 47 күміс, 37 қола олжалаған екен. Ал Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы шығарған «100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингісіне» көз жүгіртер болсақ… Бұл рейтингі тізіміне ілінген 100 үздік олимпиадалық мектеп республикалық олимпиадаларға дайындаған оқушылар, ертең халықаралық олимпиада тұғырына көтерілетін үздіктер екенін ұмытпауымыз керек.
Сонымен 2022-2023 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңін толық қорытындылау бойынша сынаққа республиканың 314 мектебі қатысқан екен. Олимпиада қорытындысы бойынша 1-ші орынды 4 мектеп жеңіп алса, 2 орынды 9 мектеп өзара бөліскен. 14 мектеп – 3 орынға ие болды. Cарапшылар рейтинг формула бойынша шығарылды, мұнда алтын медаль 3 ұпаймен, күміс медаль 2 және қола медаль 1 ұпаймен бағаланады дейді. Олимпиадалық таңдаулы 100 мектептік зияткерлік сайыста табысқа жетуінің сыры оқушылар мен ұстаздардың, жаттықтырушылардың жұмыла жасаған еңбегінің жемісі.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ