Білімге деген ұмтылысты ұштады

Биылғы Президент Жолдауының Білім күні мерекесімен қатар келуі – біз үшін зор қуаныш.  Қандай заман, қай қоғам болмасын білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Ел дамуындағы барлық маңызды мәселелерді шешу жолдарын ұсына келе, мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында білім беру саласына да тоқталды. Әсіресе, ел болашағы – балалардың білімге деген ынтасының артуына үлкен қолдау болатынын атап өтті. Биыл бірнеше оқушы халықаралық олимпиада жеңімпазы атанды, осындай білімді шәкірттерімізге сыйақы тағайындалатыны, оқу гранттарының бөлінетіні олардың білім, ғылым жолындағы ізденісін, құлшынысын, қызығушылығын арттыра түсеріне сенімдіміз. Президенттің бұл шешімі дарынды жеткіншектердің білімге деген ұмтылыстарын ұштай түсері сөзсіз.

«Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл бағытта мектептің материалдық базасын нығайту, цифрландыру бойынша біраз жұмыстар атқарылуда. Өткен оқу жылында Орал қалалық  білім беру бөлімі екі кезеңнен тұратын «Үздік цифрлы сабақ» жобасын іске асырып, оған шаһардың 667 мұғалімі қатысып, 218 ұстаз жеңімпаздар қатарынан табылды. Қазіргі таңда ұстаздардың  ақпараттық құзыреттілік шеберліктері арта түсті деуге толық негіз бар. Қашықтан оқытудың түрлі платформаларын игеріп, сандық технологиялар арқылы жұмыс жасап үйренді.

Қашықтықтан білім беру жүйесінде де барынша дамытылған онлайн білім беру платформаның дайындалу керек екенін тілге тиек етті. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Әрбір бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды.

Президент өз жолдауында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында елдің хал-ахуалын арттырумен бірге экономикадағы даму бағдарламаларының маңызына тоқталды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында біздің мектебіміздің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде сол ауданның тұрғындары жұмысқа тартылып отыр.

Бұл стратегиялық мәні мен маңызы зор құжат тәуелсіз мемлекетіміздің барша азаматтары үшін алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырушы бастама болатыны сөзсіз. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалатын әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш-жігерімізбен еңбек ету – біздің басты парызымыз деп санаймын. Президент Жолдауының бағыт беруімен қазақ елінің дамуы, оның ішінде білім ошақтарындағы оқушыларға білім беру сапасының жақсаруы жемісті жүзеге асатындығына кәміл сенемін.

Үміт ЕРҒАЛИЕВА

 Орал қаласындағы №33 ЖОББ мектебінің директоры