БИНАЗАР БАБА – ҰЛТ БАТЫРЫ
Ел ішінде Биназар батырдың мынадай бір ерлігі аңыз болып жеткен. Бөлтірік би мен Биназар батыр ерте көктемде елдің жағдайымен, дауға айналған мәселелерімен жолға шығады. Жүре отырып, Сарыарқа маңайындағы тау етегіндегі мөлдір бұлақ басына түнгі жүрістен кейін дем алып жатқан ұйқыдағы екі батырды жорықта жүрген жеті жігіт ұрымтал тұста бас салып, аяқ-қолдарын байлап тастайды.
Олар екі батырға қоқан-лоқы жасап: «Өлең айтыңдар, сонда босатамыз», – деп күлкіге айналдырады. Сонда Бөлтірік шешен: «Алдымен қол-аяғымызды босатыңдар, екі шалдан не қауіп?» – деген тапқырлығының арқасында бітімге келіп, қол-аяқтарын босатады. Сонда Бөлтірік шешеннің ұсынысына сай Биназар келесі өлең шумағын:
«Астымдағы мінгенім тайторы еді,
Екеуара өлеңді айтар еді.
Жеті жаудың төртеуін мен ұстасам,
Ер Бөлтекең үшеуін қайтер еді?» – деп төртеуін қапсыра ұстап, басып қалғанда, Бөлтірік батыр үш жігітті тырп еткізуге шамасын келтірмей басып қалады. Астарында қимылдауға шамасы келмей жатқан жігіттерге: «Енді өлеңді сендер айтыңдар», – дейді. Екі батырдың тастай құрсауынан шыға алмай, ыңырсыған жетеуі: «Жаздық-жаңылдық, Алла атынан ант етеміз, бір білместігімізді кешіріңіздер», – деп шырқырай жалынады. Оларды босатып, Биназар батыр: «Бұдан былай естеріңде болсын! Айдалада жортуылдап жүрген адамдар не атына сенеді, не күшіне сенеді. Жер жағдайына байланысты Шұбыртпалы Ағыбай батырдың жауынгерлеріне саясыңдар-ау. Батырға осындай екі қарияға жолықтық десеңдер, өзі-ақ кімдер екенімізді айтқызбай білер», – деп жігіттерді жолдарына салған екен.
«Халқыңның тастүлек ұланы бол!»
– Бүгіндері қазақ даласының қай өңіріне барсаңыз да, бабалар рухына тағзым еткен елді көресің! «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген иманды жұрттың ат шаптырып, ас беріп, алыс-жақындағы елді жиып батасын алып, ел іргесіне жау табанын тигізбеген батыр бабалардың мазарларын ұрпақтары жаңартып, маңайына туристік құрылыстар жүргізіп жатқанына куә болып жүрміз. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында өмір сүрген батыр баба Биназар туралы да жақсы білеміз. Батырдың атына ас беріліп, кесенесі жаңартылыпты. Сол істің басы-қасында өзіңіз де жүр екенсіз?
– Биназар бабамыз 1804 жылы өмірге келген. Ақсу-Жабағылы қорығы дейді ғой, ол жерде Дарбаза деген жайлау бар, батыр бабаның кіндік қаны тамған жер сол аймақ. Даңқы әлі шықпаған жас кезі болса керек, бабаның заманында Қоқан хандықтары еліміздің оңтүстік өңіріне тізесін батырып тұрған шақ екен. Сыпатай батыр қазақтан әскер жинап Қоқан хандығымен бірнеше рет соғысады. Сол соғыстың бірінде Қоқаннан шыққан бір батыр Дулат руының екі батырын жекпе-жекте өлтіреді. Содан кейін жекпе-жекке қазақ арасынан ешкім шықпай қалады. Сонда Сыпатай батыр:
– Ей, Шымырдың ұрпағы, қайдасың, жайылсаң жайлауды бермейсің, мал айдасаң сайды бермейсің, шық қане біреуің, – деп айқай салғанда, бала батыр Биназар:
– Батыр аға, батаңызды беріңіз, халқымның жолында құрбан болсам арманым жоқ, қалайда оны жеңуім керек, – деп нық сеніммен үн қатады. Жас жігіттің бұл жалынды сөзі Сыпатайдың бойына қуат бергендей:
– Әруақ қолдасын, жас жігіт, жауға дес берме! – деп бетін сипайды. Ортаға атойлап шыққан Биназар батыр жаудың әлгі батырымен қоса артынан шыққан тағы екі батырын өлтіреді. Сол соғыста Дулат руының батырларының рухы артып, үлкен жеңіске жетеді. Кешке таман Сыпатай батыр:
– Манағы батыр жігітті табыңдар, біздің жеңіске жетуімізге мұрындық болған – сол, – дейді. Батыр бабамызды алдына алып келеді. Сыпатай батыр:
– Әй, кімсің? – депті. Сонда батыр:
– Шымырдан тарайтын көкірек руынанмын. Азан шақырып қойған атым – Биназар, – дейді. Сонда Сыпатай:
– Сен жауға Биназарлап шаптың ғой? – депті. Батыр: «Иә» дейді.
Сонда Сыпатай батыр:
– Онда қолыңды жай, – деп, – Халқыңның тас түлек ұланы бол! Руыңның ұраны бол! – деп бата берген екен. Сөйтіп біздің ер-азаматтарымыз бәрі жауға «Биназарлап» шауыпты. Ертеде ел қиналғанда немесе жауға шапқанда батырлардың есімін ұрандатып жүру әдет болған.
Әйтседе Қоқан жұртының халқы көп болғандықтан, үнемі шабуылдап, қауіп төндіріп отырған. Сондай сәтте Биназар батыр халқын сақтау үшін, мал басын қиындықтан алып шығу үшін, Қоқанның құрығынан алыстап кету үшін елін Верныйға (бүгінгі Алматы қаласы) алып барған. Верный қаласының маңайына орналасып, жұртына егін еккізіп, мал бақтырып, тал егуге үгіттеген. «Бауман рощасы» аталып кеткен бақ кезінде «Көкіректер бағы» аталып, қақ ортасында «Көкірек тоғаны» болған екен. Елі өсіп, малы көбейіп, шаруасы кеңігеннен кейін, ол маңайдағы жер тар болғандықтан, Шу бойынан жер алады. Сонда көшіп келеді. Шу өңірінде тоған қаздырып, егін ектіріп, елді отырықшылыққа үйреткен. Қазір Биназар тоғаны, Байбарақ тоғаны, Көкжелек тоғаны, Күшаман тоғаны деген төрт тоған бар. Сол тоғандар арқылы Шу бойындағы он шақты ауыл күн көріп отыр. Әлі күнге сол тоғандар сол қалпында. Осыдан үш-төрт жыл бұрын облыстың әкімі болып тұрғанда Асқар Мырзахметовтің бастауымен Мойынқұм ауданының сол кездегі әкімі Мәден Мұсаевтың тікелей араласуымен тоғандарды толық тазалап, қалыпқа келтірді. Халық қазір бау мен егін егіп, бақша салып жақсы тіршілік кешіп отырған жағдайы бар.
Байболат болыстың қастандығы
– Биназар баба туралы тарих не дейді? Аруақты бабамыз батыр ғана емес, ел қорғаны болғанға ұқсайды. Артында аңыз-әпсана да көп секілді?
– Биназар баба тек қана батыр емес, диқан да болған. Жоғарыда айттым, елді отырықшылыққа үйретті. Және ол кісінің өте білімділігі сол – балаларды оқытуға күш салған. Көкірек руынан шығып, басқа өңірлерге мешіт салуды ұйымдастырып, латын-араб әріптерін игеруге, әрі діни тәрбие, халқымыздың дәстүр-салтын бойына ұялатуға күш салған бірді-екілі азаматтардан тараған. Басқа өңірлерге молда болған. Луговой ауданында отыз-қырық жанұя бар. Мерке ауданында он-он бес жанұя тағы тіршілік кешуде. Олардың да әкелері молда болыпты. Бұл ненің белгісі? Биназар бабаның шаруашылыққа ғана емес, білімге де көңіл бөлгенінің айғағы.
Еліміз отырықшылдыққа толық бой ұрып, егін егіп, төрт түлік мал өсіріп, соның арқасында халық саны өсіп, іргелі елге айналды. Алғашқы көшіп келген шақта бұрын тұрақтанып, бір болыс ел болған ағайындас Сәмбет руының құрамында болады. Жыл өткен сайын Сәмбет руының болысы Байболат Көкірек руынан алым-салықты мейлінше өсіріп, елді айтарлықтай тығырыққа тірейді. Бұған ағайындардың айтарлықтай наразылығы артып, жеке болыс болу мәселесі күн тәртібіне енеді. Әу баста болыстыққа Әулиеата уезінен бекіп келе жатқан батырдың Дуана деген білімді баласының сүзенгісіне Байболат болыс тарапынан арнайы у жаққызып, елге жетіп дүниеден озады. Бұған нақты көзбен көрген жағдай болмағандықтан, Биназар батыр лайықты адам қарастырады. Сол кезде Колпаковский қарамағындағы Талғар қаласындағы кеңсе қызметкері болып жүрген Ибраһым деген туысымызды тауып, болыс сайлатады. Ибраһым өз заманына сай жеткілікті білімді болған. Бірнеше жылдың ішінде елдің жоғары ықыласына тап болып, Жайлыбек болыс атанады. Өзінен кейін шығып, халық арасында беделі асқан Ибраһымды қайтсе де жолдан тайдыру Байболат болыстың басты мақсатына айналады. Жазғы пішен дайындау сәтінде арнайы адам жіберіп, қонаққа шақырады.
Сонда Жайлыбек: «Батыр аға, Дуана ағамыздың мерт болуы да күмәнді іс еді, бармай-ақ қойсақ қайтеді?» – дейді. Өз кезегінде: «Шырағым, Байболат өз кінәсін түсініп райынан қайтқан болар. Дәмнен үлкен емеспіз ғой. Не де болса барайық», – деген шешімін айтады. Биназар батыр мен Жайлыбек болысты құшақ жая қарсы алған Байболат болыс үлкен ас мәзірі келгенде, өзі араласып:
– Жайлыбек болыс болғанымен, Биназар батырдың жолы үлкен, бас пен жамбасты батырға, ал сүбені болысқа тартыңдар, – деп қатаң ескертеді.
Болыстың бұл күдікті қимылынан секем алған Биназар батыр:
– Жоқ! Жайлыбек жасы кіші болғанымен, елі сыйлаған ардақты ініміз ғой. Бір жолға бас табақ інімізге тиесілі болсын. Мен мына жаяға місе тұтайын, – деп алдына алып кездігімен қиғаштап кесіп жей береді. Тамақ бойына сіңбей жатып, у қосылғанын сезіп, Жайлыбекті ескертіп, ерте жолға аттанып кетеді. Қонысқа жақын бұлақ басына тоқтап: «Інім, менен қайыр жоқ. Сол табақтан күдігім рас болды. Мен көп ұзамай көз жұматын шығармын. Байболатқа қарсы соғыс ашпаңдар, «Имансыздың арты дау болады» деген. Даудың арты жақсылыққа апармайды. Елдің ырысы мен бірлігін қашырады. Түптің түбінде менің жатқан жерім, Көкірек пен Сәмбеттің шекарасы болсын, Байболат болысқа Алланың өзі жазасын береді. Мені Сұңқар шыңының етегіндегі өзен бойына жерлеңдер, – деген екен.
Алланың қалауы солай болды ма, Биназар бабаның қарғысы тиді ме, Байболат болыс Бішкектегі бір жиында тамағына омыртқаның сүйегі тұрып қалып қайтыс болған екен. Бұл дүние ешкімге опа бермеген ғой.
Батыр бабаның рухы шат болсын! Сол заманда Мырза би деген атамыз би сайланып, билердің алқасын құрған екен. Бір жағынан билер алқасы шешім шығарса, екінші жағынан Жайлыбек болыстың әділдігінің арқасында біздің елде тәртіп-бірлік жақсы болыпты. Ғылым мен білімге халқы үнемі ұмтылуда болған. Соның арқасында бүгінде ел болып, жұрт болып отырған жайлары бар. Мойынқұмда алты ауыл, Шымкентте төрт ауыл бар біздің ағайындардан.
Кейінгі жылдары батыр бабаға ас берген кезімізде оңтүстіктегі ағайындармен хабарласып, жақынырақ танысып, бір атаның балалары екенімізді біліп, үзбей араласамыз. Жақында ғана Шымкенттегі Дарбаза жайлауында тұратын ағайындардың шақыруымен бір топ делегацияны бастап Биназар бабаның туған жері Дарбаза жайлауын, Дарбаза шатқалын көріп қайттық. Батыр баба жайлы айтылар әңгіме өте көп.
Атаға деген ел құрметі
– Сіз Биназар баба атындағы қорды басқарып отыр екенсіз. Қордың мақсаты жайлы айтсаңыз. Қандай жұмыстар істелуде? Батыр баба облыс көлемінде қалай насихатталуда?
– Қордың мақсаты – Биназар бабаның атын ұлықтау. Халқына еткен еңбегін дәріптеу. Өмірін ұрпаққа үлгі ету. Қате жазылған тарихты қалпына келтіру. Менің айналысып жатқан жұмысым, бірінші, 2004 жылы Елтай Мырзаев деген Көкірек руынан шыққан ақсақалмен таныстым. Ол кісі 2003 жылы Ташкентте Шымыр бабаның бейітін тауып, Шымыр ағайындарды және аталас Дулат ұрпақтарының қолдауымен жаңа күмбез тұрғызып, Қазақстан бойынша жиын өткізген. Сол кісімен жолығып (бабаның 200 жылдығында), тәжірибесі әсер етті ме, 2009-2010 жылдан бастап Биназар батыр бабаның даңқын асқақтатуға атсалыссам деген арманым болды. Ең бірінші қолға алған ісім, әкемнің туған ауылы «Қызыл ту» атанып тұрған еді, сол ауылға Биназар бабаның інісі Көкжелектің атын беруге екі жыл жүгірдім. Ақыры мақсатыма жеттім. Қазір ауыл Көкжелек атанып тұр. Одан кейінгі жұмысым, 2004 жылы бабаның 200 жылдығына арналған ат үстіндегі ескерткіш сегіз жыл қоршаусыз тұрды. Айналасына мал жайылды. 2012 жылы ескерткішті қоршатып, батыр баба жайлы қысқаша шежіре жазып, ақын Қадыр Мырзаәлінің Биназар бабаға арнаған төрт шумақ өлеңі бар, соны қара гранитке түсіріп, баба басына келіп тағзым ететін халыққа, жаңадан отбасы құрған жастарға рухын көтеру үшін жаздыртып қойдым. Одан кейінгі әңгіме 2013 жылы Қарағандыдан, Талдықорғаннан келген ағайындар бірігіп, батыр бабаның басын саялы баққа, демалыс орнына айналдыруға ұсыныс айтты. 2014 жылы облыс әкімі Көкірекбаевтың идеялық көмегінің, аудан әкімі Болаттың және ағайындардың бірлігінің арқасында батыр бабаның күмбезін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Күмбездерін Шымкентте қайта жасаттық. Ішіне еурожөндеу жасатып, Украинада шыққан кірпішпен қалатып, 360 метр етіп қоршау жасадық. Соның бәрін тікелей ағайындар өз қолымен істеді.
Одан кейін 2015 жылы қоршаудың бітуіне байланысты өзімнің, отбасымның атынан арнайы құдайы тамақ ұйымдастырып, Шымкенттегі, Мойынқұмдағы бетке ұстар ағайындарды шақырдым. Онда Елтай Мырзайұлы секілді атақты азаматтар болды.
Сол жолы көпшілік тарапынан мынадай ұсыныстар айтылды. Солардың бірі енді осы біткен жұмыстың басында бірігіп ас берейік деген ұсыныс.
– Сонда әр ауыл Биназар батырға ас беруді өз мойындарына алды ма? Бұл да болса елдің ынтымақ-бірлігінің әлі де жарасым тауып жатқанына жарқын дәлел екен. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген осы екен-ау?
– Иә. Дұрыс айттыңыз. Ел ішінде әлі ынтымақ бар. Аруақтарға деген құрмет жоғалмаған. Бірінші болып асты 2016 жылы Биназар ауылы берді. Олар 150 адамдық ас ішетін орын соқты. Екінші Бірлік ауылы ас беріп қана қоймай, 80 адамдық орын және өзенде көпір жоқ еді, көпір салды. Бұл жай ғана ас болмай, мәдени іс-шараларымен есте қалды. Ұрпаққа үлгі болатын дүниелер көрсетілді. Тағылымды жиын болды. Әртүрлі тақырыпта жарыстар өткізіліп, бәйге ұйымдастырылды. Бірлік ауылынан кейін игі шараны Айдарлы ауылы жалғастырды. Олар да барлық іс-шараларды өткізіп ас берді. Үлкен жиын болды. Айта кетер бір жайт, бұл ауылдарда тек Көкірек руы ғана емес, ел болып батырға тағзым етті. Ауыл болып, ел болып бірліктің туын желбіретті. Жиылған ел рудың емес, ұлттың батырын дәріптеді. Биназар бабаның бір рудың емес, қазақ халқының мақтанышы екенін айғақтады. Мысалы Айдарлы ауылында 10-15 жанұялы күрд халқы тұрады. Олар Күрд-Көкірек бір деп қуанышымызды бөлісті. Аруағыңнан айналайын Биназар бабаның асы елдің бірлігін нығайтуға, ауызбіршілігін арттыруға қызмет етті. Осы жолы шырақшының жаңа үйі тұрғызылды. 2019 жылы асты Көкжелек пен Хантау ауылдары бірігіп берді. Он бес қазақы үй тігілді. Ол жерде де үлкен мәдени іс-шаралар жүргізілді. Тіпті Хантау мектебінің ұстаздары оқушыларды жинап әкеліп өнерлерін көрсетті. Мәдени шараға қатысулары да айтулы оқиға болды. Бұл ауылда құрылыстарға қосымша үлкен ас дайындайтын үй салынды. Ол үй бүгіндері келген қонақтарға қызмет жасап тұр. 2021-2022 жылы атақты ковидтің кесірінен ас беру жалғасын таба алмады. Ағайын арасында адам, мал шығыны көбейді. Басқа да себептер жетерлік. Шындығын айтайық, сол жылдары батыр бабаның басына келетін, тағзым ететін адамдардың саны да күрт төмендеп кеткені рас. Бірақ 2022 жылы ағайындар есімізді жиып, «енді не істейміз?» деп ақылдаса бастадық. Сөйтіп батыр бабаның басына мұражай соғайық, ол мұражай атына заты сай болсын деген шешімге келдік. Ақыры ақылдаса келіп мұражайды қазақы үйдің формасында салуға шешім қабылдадық. Диаметрі 8 метр қазақы үй тұрғызылды. Батыр баба ұрпақтарынан тараған жиендер бар еді, солар мұражайдың жанына 17/14 м қонақүй соқты. Барлық жиһазы қойылды. Артына күннен қуат алатын батарейкалар орнатылды. Қазір қонақүйдің барлық жылу жүйесі іске қосылды. Бұл да батыр бабаға көрсетілген құрметтің, рухын ұлықтаудың бір тамаша көрінісі. Тіпті апаларымыздан, әпкелерімізден тараған ұрпақтар да өз үлестерін қосты осылайша.
Баһадүрдің дулығасы және суреті
– Әп-бәрекелді! Қандай жақсы бастама. Батыр бабаның рухын аспандатқан елдің мерейі де әркез асқақ қой! Келешекте қонақүйлердің қызметіне кімдер жүгінбек? Сондай-ақ әңгіме арасында Керей мен Жәнібек хандар туралы айтып қалдыңыз. Биназар батыр кесенесіне ол хандардың қандай қатысы бар? Осылар жайлы толығырақ айтсаңыз.
– Біз қазір қонақүйлерді тарихи орындарға айналдыруды ойластырып отырмыз. Қабырғаларының бәріне Керей мен Жәнібектің суреттерін салуды қолайлы көрдік. Себебі Керей мен Жәнібек ханның алғашқы хандық құрған орны сақталған. Батыр баба қорымына 5-6 шақырым жерде. Қораларына дейін тұр. Сұңқар шыңының маңайында. Демек, тарихи бір байланыс бар. Тарихи зерттеулерді бастаған археологтардың ізімен жүріп, сұрастыра келе, музейге Керей мен Жәнібектің атын кіргізуді жөн санадық. Тарихтың өзі соны қалап тұр. Одан кейін облыстың, Көктерек ауданы (39 жылы Жамбыл облысы құрылғанда) Бірлік ауылында ірге көтерген. 1963 жылы жабылып, 1965 жылы Мойынқұм ауданы болып қайта құрылған. Осы себептерге байланысты тарихты қайта жаңғыртып отырмыз. Одан кейін алты ауылдың қалай пайда болғанын, қалай ірге көтергенін тарихқа таңбаладық. Әбден зерттеп-зерделедік. Осы жылдары батыр бабаның Самарқанд жағынан табылған «Биназар баһадүр» деген суреті қолымызға түсті. Сол суретке негізделіп, батыр бабаның бюсті жасалды. Ол болашақ мұражайдың ішіне орнатылды. Сондай-ақ батыр бабаның тікелей соғыста басына киген дулығасы жаңартылды. Алматыда темірші дегендер бар, олардың қару жасау өнерлері көпке үлгі. Бір қылышты бір жарым миллион теңгеге жасайды. Солар батыр бабаның дулығасын қалыпқа келтіріп берді. Өте қымбат дүние, әрине. Дулығада екі қылыш тиген орын бар екен. Шеберлер «мұндай жақсы сақталған дулығаны алғаш көріп отырмыз» деп таңданыстарын да жасырмады.
Мұражайдың ішіне барлық тиісті қондырғылар орналастырылды, бірақ, оның бәрін ары қарай алып бару үшін дизайнер керек. Оған біздің біліміміз жетпей жатыр. Сондықтан Алматыдан бір дизайнер таптық. Ол Жиделідегі барлық жағдайды жасаған адам болып шықты. Алдағы уақытта, Алла қаласа, ағайындармен бірігіп, мұражайдың алдында кіреберіс үйі соғылған жоқ, соны қолға алмақпыз. Сосын 80 метр аяқ жол бар аяқталмаған. Оның да бітетін күні таяу. Қалған дүниелерді ұйымдастыру үшін ағайындардың, ел жұрттың біраз көмегі керек-ақ!
– Аға, осы жерде сөзіңізді бөлейін, батыр баба кесенесі мемлекеттің бақылауында ма? Тарихи кесенелердің тізімінде тұр ма?
Сауле Мешітбайқызының қолындағы Биназар батырдың дулығасы
– Батыр баба күмбезі облыстағы 33 тарихи кесенелердің тізіміне 31-ші болып енген. Одан кейін туризм маршрутына енгіздік. Картасы, бәрі қойылды. Өзіміз қолға алып, батыр баба туралы романның жарыққа шығуын ұйымдастырдық. Ол романда батыр баба өмірі толық қамтылған жоқ. Әлі де ізденістер керек. Тарихи деректер қажет. Батырдың сан салалы қыры, ел басқару өнері, батырлық образы әлі зерттеуді күтіп жатыр. Алдағы уақытта тың деректермен әрлеп, романды қайта жаңғырту да ойда бар. Сондай-ақ, руымыздың тарихи шежіресі шығарылды. Басқа да тірліктер әлі де жалғасын таба бермек.
– Сіздің әңгімеңізден байқағаным, Биназар батырдың кесенесі жырақта жатқан секілді. Батыр баба басына келушілер қарасы қалай? Көбіне кімдер келеді?
– Батыр баба басына өзге өңірлерден келушілер қарасы мол. Мойынқұм, Шу аймағындағы ағайын ешбір руға, ұлысқа бөлінбейді. Сондықтан батыр ортақ, абырой ортақ. Мысалы бір жолы мен барсам, 2019 жылы батыр баба басында үш бірдей адам құдайы тамақ беріп жатыр екен. Біреуі – Арғын, біреуі – Жалайыр, үшіншісі – Шапырашты. Ішінде бір Көкірек жоқ. Баба басына келушілер шапағатын көрген, бала көтермеген әйел құдайдан сұрап бала көтерген. Ауруынан айыққандар да жетерлік. Осы орайда 2012 жылы батыр ескерткішін көркейту үстінде жүргенде бес жасар қызын ілестірген егде апаймен жолдас болу сәтінде өз басынан өткен жайтты айтты.
«Биыл ерте көктемде 15 жасар немере қызымның үстін түгел дерлік жара басты. Алғашында бір ай Алматының, одан кейін бір ай Бішкек қаласының ауруханаларында емделгенімен, ешбір ем қонбады. Содан кейін күн жылыған маусым айында батыр бабаның басына құдайы тамақ ұйымдастырып, үш күн бұлағының суына шомылдырдым. Әуелі Құдай, одан кейін батыр атамыздың шапағаты тиіп, бір жұмада жаралар сыпырылып түсіп, тіпті ізі де қалмады. «Әуелі Құдай оңдасын, әруақтар қолдасын» деген ата-бабамыздан келе жатқан даналығы рас екен ғой», – деп сөз түйіндеді.
Сондай-ақ, қиналған жағдайда келіп, небір қиындықтан аман-есен шыққандар да баршылық. Көптеген мысалдар келтіруге болады. Тағы дерек келтірейін, біздің елдегі мәдени бөлімнің бастығы Семейдің жігіті. Сол маған бір жиында айтады: «Семейден келе жатсам, Талдықорғаннан бір әйел мінді. Жөн сұраса келе, әлгі әйелдің тоғыз жыл көтермеген келіні Биназар бабаның басына түнеп, Алладан жылап сұрап перзентті болыпты. Келінінің бұған дейін Қазақстанда бармаған әулиелері кемде-кем екен. Көрдіңіз бе, батыр баба Алланың сүйген құлы болып тұр ғой», – деді.
Бізге Қарағанды, оңтүстік өңірден адамдар көп келеді. Ал Жамбыл облысының айналасынан Шу мен Мойынқұм ғана емес, сонау Меркіден, Тараз аймағынан, өзге де аудандардан халық ағылып келіп жатады. Басында шырақшы бар. Батыр бабаның шөпшегі.
Біздің арманымыз қонақүй мен мұражайды біріктіріп мәдени қордың тізіміне алғызып, кем дегенде екі-үш адамға штат бөлсе дейміз. Айлықсыз ол жерде қызмет ету қиын. Бала-шағасы бар дегендей. Үкімет батыр бабаның кесенесіне назар аударып, туризмге лайықтап, қаржылай қолдау көрсетіп, өз бақылауына алса, туризмнен көл-көсір пайда түскелі тұр. Бұған дейін елдің қолдауымен, ниеттес азаматтардың демеуімен батыр баба басы ретке келтірілді. Әлі де шаруа шаш етектен. Сонымен қатар Жамбыл облысы аймағындағы мектеп оқушыларын Биназар баба басына саяхаттатып, батыр баба рухымен жүректеріне от беріп, Отанды сүюге, ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеуге жол ашсақ, шіркін!
Бізге Биназар батыр бабамыз жайлы тарихи деректер керек. Кезінде Әулиеата уезі Қоқан хандығына бағынған. Алматыда Абай көшесі, 39 мекенжайында архив бар. Түгел аралаттық, Биназар баба туралы мәлімет кездеспеді. Өзбекстанға барғанда Қоқанның архиві керек болды. Ол архив қалалық архивте екен. 2019 ж. бардым, оған рұқсатты Өзбекстанның сыртқы істер министрі береді екен. Мен бұрынғы елші Дархан деген жігітті білетінмін, қазір Түркістанда қызмет істейді. Сол жігіт арқылы екі жыл іздендім. Бірақ Дархан рұқсат алып бере алмады. Өзбектерге арабша білмеймін деп едім, олар «алдымен рұқсат алып алыңыз, бізде аудармашылар табылады, құнын төлесеңіз бәрі болады» деді.
Батыр баба басына кез келген жеңіл машина қиналмай бара алады. Тек қыс айларында 3-4 ай қар басып қалады. Сонда қиындық туады. Жол жабылады. Басқа мезгілде жол ашық.
Бабамыздың орындалмаған бір арманы
– Басқа да қандай жоспарларыңыз бар?
– Менің тағы бір арманым – Сәуле Мешітбайқызымен облыс әкіміне кіріп, мән-жайды ашып айтып, батыр баба рухына жасалып жатқан тағзымды жаңа бір қырынан танытуға атсалысу. Баба жолын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттауға жол ашу. Биназар бабамыз бір рудың ғана емес, тұтас қазақ халқының батыры. Батыр – рулық шеңберден шығып кеткен тұлға. Ол кісінің жорық жолының өзі бар ғұмыры сыртқы жауларды қазақ шекарасынан бері аттатпауға, жолында тұруға – барша қазаққа қорған болуға арналған.
Соның бірі батыр атамыздың қырғыз халқының бас батырының бірі болған, Кенесары-Наурызбайдың қырғыздармен болған ұрысындағы басты тұлғаның бірі Қарабәйтік батырмен шайқасы туралы. Кенесары хан басқарған қазақ пен қырғыз соғысында, жергілікті жерден тиісті дәрежеде қолдау таппаған қазақ қолы жеңіліс тапқан соң, біраз уақыт өткізіп, қырғыздың Қарабәйтік батыры 5 сан қол алып (бес жүз) Ыстық көлді айналып өтіп, Қазақ елінің малын олжалауға жорық жасайды. Бұл жағдайдан беймәлім Биназар батырға хабар Қарабәйтік қолы Отар даласына ойысқанда жетеді. Биназар батыр қол жинауға дегбір таппай, ауылдағы 30-40 хабардар болып жиналған жасақты бастап, белдеудегі найзаны ғана алуға үлгеріп, Шиторыға асығыс мініп, жауға қарсы жүріп кеткен екен.
«Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов, Сәуле Мешітбайқызы, Нағашыбай Қабылбек
Әкемнің айтуында, ол Шоқпар тауынан, Жайсан жайлауынан асып, Қордай асуына жақындағанда Дулат руының Алатау қойнауындағы аталарынан олжалаған мыңдаған жылқыны алға салған қырғыз қолына жолығады. Аз ғана топпен «Жау қайдалап» келе жатқан қазақтарды көрген қырғыз қолы тастай түйіліп соғыс шебін құруға бет алады. Сол кезде Қарабәйтік өз қолына «Тоқтаңдар!» деген белгі береді де: «Қолбасшысының бітімі бөлек екен, өзіме жіберіңдер, жаппай соғыс салмаңдар!» – деп бұйырады. Сонан соң қамшы салып Биназарға қарсы ұмтылады. Бітімдері бөлек, еңгезердей екі «таудың» шайқасын тамашалаған екі жақ та демдерін ішіне тартып, «Иә, әруақ!» – деп ұрандап тұрады.
Қас-қағым сәтте екі батыр найзаласып та кетеді. Алайда, ә дегенше, екі найза да жерді қауып, екі бейне аударыспаққа шыққан жандардай, бірін-бірі жұлқа тартады. Сөйтіп жүріп сол кезде суы өте мол, тулап ағатын Ырғайты өзенінің бойына ығысып кеткен көрінеді. Соңдарынан ілескен қауым өзен бойындағы сазды жерде аттарын бауырына дейін батпақты суға батып, бірін-бірі жібермей қарысып қалған хас батырларды көреді. Сол уақытта Қарабәйтік тілге келіп: «Батыр, екеуміздің аттарымыз батпаққа батты, енді бекерге мерт боламыз, егер көнсең, жоғары ағайынның жылқысы маған олжа, қалғаны өзіңе олжа, бірімізді біріміз жіберелік», – деген екен дейді. Кейін Биназар батыр: «Бес қаруым бойымда жоқ, маған да жан керек болды, лажсыз Қарабәйтіктің ұсынысын қабылдауыма тура келді», – деген екен.
Биназар батыр ұлғайған шағында бұл оқиғаны жиі есіне алып: «Қазақ қамы үшін бастарын бәйгеге тіккен Кенесары-Наурызбайдың кегін қайтарудың бір ұрымтал сәті еді. Әттең, хабар кеш жетіп, тиісті дайындық болмады-ау!» – деп армандап кеткен екен. Біз осыны естен бір сәт шығармауымыз керек.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет, аға!
Түйін:Сексеннің сеңгіріне келсе де қажымай-талмай, Биназар бабаның ұлағатты өмірін ұрпаққа үлгі етіп, елді ынтымақ пен бірлікке шақырған Сағат ағаның еңбегі орасан. Зейнет жасындағы ақсақалдың үйінде демалып жатуына да болар еді. Бірақ оған дәті шыдамайды. Келешекке алаңдайды. Облыс әкіміне кіріп, Биназар баба аруағы риза болар игі бастамаларын жеткізгісі келеді. Бірақ оған мүмкіндік болмай жатқанын жасырмады. Алдағы уақытта Жамбыл облысы әкімі қабылдап, Әулиеата өңіріне ортақ Биназар батырдың рухын шат-шадыман етер игілікті істердің қолдау табарына сенімді! Сөз саптасынан әкім-қараларға кіру бір ақырет екенін түсіндік. Ұлттың рухын көтеретін, жастарға тағылымды тәрбие көзі болатын Биназар баба рухы – оның асқақ ескерткіші қалың қазаққа демеу болатын күнге жетуді Алла нәсіп еткей!
Сағат аға – Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы. Ел мен жердің тарихына қанық. Көкірек көзі ояу ақсақалдың айтары көп. Өмірден түйгені мол. Ең бірінші арманы – өзі басқарып отырған Биназар баба қорының келешегі. Бастаған ісінің аяғына дейін жетуін көксейді. Ол үшін облыс көлеміндегі қолдау қажет. Мемлекеттік деңгейде Биназар баба кесенесі қорғауға алынса, туризмге жол ашуға да мүмкіндік молын сөз арасында айтып қалды.
«Халық пен баба рухын құрметтеген демеушілер ас беріп, қонақүй салып, өзге де игі істерге жұдырықтай жұмылуда. Бірақ билік тарапынан қолдау бөлек әңгіме», – дейді Сағат аға.
Асқақ арманының бірі «Qazaqstan dauiri» газеті, «Елана» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналдарының Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет Орденінің иегері Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы,Қаламы қарымды журналист Сәуле Мешітбайқызымен облыс әкіміне бірге кіріп, ел игілігі үшін ортақ мәселені бірге шешуді қалайды.
Иә, бір рудың емес, барша алаш баласына үлгі болған, жау шапқанда қалың қазаққа ықтасын болған, елдің ынтымағы мен бірлігі жолында ат үстінен түспей аш бөрідей жорытқан Биназар баба рухы әрдайым шат болғай!
Жамбыл облысы әкімі мен аудан әкімдері ел игілігі жолындағы бұл ұлы істен шет қалмас деген ойдамыз.
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК