БІР ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫ

Ешбір әйел жақсы еркектен кетпейді. Жайлы болса, ішпесе, шекпесе, ұрып-соқпаса, отбасын асырап, нан-шайымен қамтамасыз етіп отырса, онда әйел ондай еркектің етегінен ұстап, жабысып қалады деп ойлаймын. Балаларына да, басқаға да қарамай бас сауғалап қашу – әйелдің шыдамының шегіне жеткендігі. Мен де солай қашып кетуге мәжбүр болдым. Қашып кетуіме қайынатам көмектесті. «Қызым, енді қалсаң өлесің, кет, өз өміріңді сүр» деп баласын полицияға өзі ұстап берді. Бірақ ондай сөзді айту ол кісіге де оңай тимеді деп ойлаймын. Өйткені енем қарсы шықты, күйеуім «менің отбасыма араластың» деп қол жұмсады. Соған қарамастан менің сөзімді сөйлегені үшін рахмет дегім келеді. Жетіммін, балалар үйінде тәрбиеленгем. Әке-шешемнің, руымның кім екенін білмеймін. Мектепті бітірген соң кәсіптік-техникалық колледжге оқуға түстім. Қосымша күнімді көру үшін үйдің жанындағы дүкенге көмекші-сатушы боп орналастым. Сол дүкеннің қожайыны мені жақын тартып, үйіне қонаққа шақырып жүріп інісімен таныстырды. 2019 жылдың қараша айында «Төркінімде құдалық боп жатыр еді, маған қонақ күтісуге жәрдем берші» деп өтініп, алдап төркініне апарып, інісіне келін етті. Үлкендер улап-шулап басыма орамал салды. Он тоғызға енді толған кезім еді, «қалмаймын» деп тулап-тулап басылдым. Себебі әлгі әпкем маған жақсы адам боп көрінді. «Менің інімдей жігітке күйеуге тисең қор болмайсың» деп інісін мақтап, уәдені үйіп-төгіп, мені алып қалды. Алдын екі-үш рет болашақ күйеуімді көргем ғой, түр-басы әжептеуір болған соң келісіп, келін боп қалдым. Бірінші баламыз дүниеге келгенше жап-жақсы өмір сүрдік. Ата-енеммен бірге тұрамыз, үйде үлкендер болған соң онша-мұнша әңгімесіне ренжімей, үндемей құтылып жүрдім. Баламды босанып, ол бес айға толғанда екіншісіне аяғым ауырлады. Үсті-үстіне жүкті болу, кішкентайды омыраудан шығару, одан қалса ата-енесі бар үйдің шаруасы деп шапқылап жүргенде күйеуімнің есірткіге әуестеніп кеткенін байқамаппын. «Балаң тағы бастады» деп енемнің атама әңгіме айтып жатқанын есітіп қалғанда қақпанға оңбай түскенімді түсіндім. Сонда бұлар мені «жетім қыз, ертең шу шығарар ешкімі жоқ» деген оймен нашақор балаларына алдап әперген болып тұр ғой. Демек балаларын емдетіп, нәпсісін уақытша басып ұстаған. Бәлкім, балаларының түзеліп кететінен үміттенген де шығар. Сол әңгімені естіген соң бәрінен көңілім қалды. «Шегетініңді неге айтпадың» деп күйеуіме жыладым. «Сен кімді нашақор етіп тұрсың» деп ұрды. Содан бастап менің басымнан қара бұлт кетпеді. Балаларды бақшаға апарып келем. Соның өзінде мені қызғанып, «Біреумен болып келдің, сендер, жетімдер сондайсыңдар» деп жала жауып, сабайтын. «Ата, тағы емдетейікші» деп жалынып жүріп наркодиспансерге жатқыздық. Бірақ одан нәтиже шықпады. Бір жолы қатты таяқ жедім, мені ұрып-ұрып үйден шығып кеткен. Атам «Келін, саған айтар ақылым, кет, жақын тұтар кімің бар, сол жаққа барып, ажырасуға арыз бер. Обалыңа қалмайын» деп жолыма азырақ ақша беріп, үйден шығарып салды. Жалғыз ғана құрбым бар, сол қыздың үйіне келдім. Бірақ күйеуім «өзіме қол жұмсаймын» деп қорқытып, қайта-қайта іздеп келіп, кешірім сұрап, мені үйге қайта әкелді. Оның үстіне балаларым да ата-әжесін сағынып, қайта-қайта сұрай берді. «Өзгеретін шығар» деген үмітпен оған екінші мүмкіндік бердім. Бекер екен, екі аптадан соң баяғы қалпына қайта түсті. Бұрынғысы бергі жағы боп қалды. Енді есірткі қабылдағанда көзіне әрдеңе елестеп, өз-өзімен сөйлесетін әдет пайда болды. Кетіп қалуыма нақты себеп болған жағдайды айтайын. Бір күні өз-өзіммен отырсам, даладан ентелеп кіріп келді де, маған тесіле қарап, телефонына суретке түсіре бастады. «Мынау кім деймін, айт қане, кім мынауың» деп әлгі суретті маған көрсетеді. Дым түсінбеймін. Сөйтсем көзіне суретте тағы біреумен отырған боп елестегем ғой. «Ешкім жоқ» дегеніме сенген жоқ. Сол жерде шашымнан сүйреп далаға шығарды. Жолай асханада тұрған пышақты алып үлгерді. «Мен сені қазір мынауыңмен бауыздаймын» деп өлтіруге әрекет жасап жатқанда атам артынан келіп, баласын кішкентай орындықпен бір ұрып құлатты. Сөйтіп аяқ-қолын байлап, «енді артыңа қарайлама, қайтып келме, кет! Балаларға өзім қараймын» деп киім-кешегімді жинап, кетіп қалуыма жәрдемдесті. Ал енем атам екеумізді қарғап-сілеп, баласына болысты. Қазір ажырасуға арыз бердім. Екі баламды өзіме алғым келеді. Бірақ қайынәпкем мен енем «Бала бізде қалады» деп көнбей отыр. Атама ризамын. «Қызым, екі баланы қалаған кезіңде көре аласың, өзім ертіп апарып көрсетіп тұрам. Аяққа тұрып ал, оқуыңды аяқта, жұмыс істе» деп ақыл айтты. «Өлмегенге жолығар өлі балық» дегендей, сөзімді сөйлеп, жанашырлық білдірген атамның барына шүкір. Ол кісі болмаса қазір тірі жүруім екіталай еді.
Желіден алынды