Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!

Кеше ғана «Соңғы қоңырау» рәсімі өтіп, оқушы атаулы мәз-мейрам боп жазғы каникулға шыққандай еді. Уақыт шіркін зырылдап, үш ай дегенің үш күндей боп сағымға айналып артта қалды. Міне, бүгін қолында кемінде бір шоқ гүлі бар, жүрегі лүпілдеп анасы үтіктеп берген, мектеп әкімшілігі арнайы тіктірген, мұнтаздай тап-таза форманы киген күйі оқушылар алтын ұясына қарай асығуда.

Негізінен, «Алғашқы қоңырау» салтанатты рәсімі – басқаларға қарағанда мектеп табалдырығын алғаш020910-4 аттағалы отырған бүлдіршіндер мен келешек талапкерлер, яғни, түлектер үшін ерекше есте қалар сәт.Ұстаздардың да толғанысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-аналар да, тіпті, тұтас қоғам сары ала күзді көктем келгендей мерекелік көңіл-күймен қарсы алады. Өйткені, балалық шағын аңсамайтын бір жан жоқ. Жұмысына асыққан адамның өзі иығына сөмкесін асынған оқушыны көргенде оның жанынан бей-жай өте шықпасы тағы анық. Тарыдай кезіңде құшағын кең ашып қарсы алатын, сосын таудай етіп, ақ жол тілеп шығарып салатын киелі орын, ол – алтын ұя мектебіміз. Ел басқарған ағаларымыз да, кешегі Олимпиададан олжалы оралған сайыпқырандарымыз да, әйтеуір, біз өмір сүріп жатқан қоғамда Отанына қызмет етіп жатқан әр азамат бір кездері мектептің партасында білім алған, 10 минутқа жетер-жетпес үзіліс кезінде асыр салып ойнауға да үлгерген оқушылар еді…

 

ERA_5919Қадірлі оқырмандар! Баршаңызды сайтымыздың атынан бүгінгі ерекше мереке Білім күнімен құттықтаймыз. Біріміздің бауырымыз, біріміздің тұңғышымыз, енді біріміздің сүт кенжеміз білім нәрімен сусындаймын деп мектебіне қарай асығып жатыр. «Талаптыға нұр жауар» демекші, Алла Тағала Республикамыздағы үш миллион, соның ішінде 1-сыныпқа барғалы отырған 380 мың балдырғанның жолын оңғарып, зейіндерін ашсын! Балалардың баршасына Ыбырай бабамыз өсиет еткендей «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық! Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық!» дегіміз келеді. 2016-2017 жылғы жаңа оқу маусымы берекелі болсын, Қазақ елі!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты